Қарағанды

Өзгерістер – өрлеу баспалдағы

    Билік өкілеттіктерін қайта бөлуге байланысты конституциялық реформа жобасын жұрттың талқылағанына бір айдың мұғдары болды. Президент ұсынған жобада үш бағыт қамтылған. Бірінші, меншік мәселесі, екінші, биіктік өкілеттіктерді қайта бөлу, үшінші, сот және прокуратура органдарының мәртебесі мен құзыретіне қатысты мәселелер.

Негізгі мақсат билік өкілеттіктерін қайта бөлу деп жарияланғандықтан, осы мәселе шеңберінен шықпаған абзал. Конфуцийдан бастап, Тоныкөк, Әл-Фараби, Ж. Баласағұн, Абай, Б. Момышұлы даналығына жүгінсек, мәселе заңдардың кемшілігінде емес, адамдардың ниетінің, әсіресе, бюрократияның пейілінің кеңдігіне, дұрыстығына тіреледі. Шенеуніктері адал елдің мүддесін шынайы қорғауға сапасы нашар заңдар кедергі келтіре алмайды. Ал, заң қанша кемел болғанмен шенеунік арсыз болса, ел мүддесі соншалықты нұсқан келеді. Заманында Әз Тәуке хан мен Абылай хан қазақ елінің мүддесін қалай қорғады, батырлар мен билерді де осыған қалай жұмылдыра білді?!

Жалпы, Конституция барша халықтың кең де екжей-текжей талқылауының нәтижелерін асықпай қорытып барып өзгертілуге тиіс. Әлемдік тәжірибе, өркениетті елдерде қалыптасқан үрдіс осындай. АҚШ-та Конституцияға енгізілген өзгерістердің бекітілуінің өзі ондаған жылдарға созылады. Міне, бізге де осындай салиқалылық қажет.

Менің ойымша, талқылауға түскен ұсыныстар замана талабына орай елімізде болатын үлкен өзгерістердің бастамасы. Еліміздегі түрлі саяси, қоғамдық институттардың жалпы билік құрылымдарын қайта құруды, мәселен, Парламент құрылымын тек Мәжіліспен ғана шектеуді ұсынып жатқанын мен құп көремін. Қос палаталық біздің мемлекеттің табиғатына жат. Бұл бесенеден белгілі жайт. Біз федеративтік құрылымы жоқ, унитарлық, яғни біртұтас мемлекетпіз. Оның үстіне Қазақстан Халқы Ассамблеясы, одан қосарлана сайланатын 9 депутат бар. Елімізде түрлі деңгейде жұмыс істеп жатқан қоғамдық кеңестер бар.

Кеңес Одағы кезінде біздің елдегі философтар мен құқықтанушылардың деңгейі өте биік саналатын. Өзге республикаларға үлгі еді. Сол сүрлеудің сорабын шөп басты деуге болмас. Елімізде жоғары білікті мамандар жеткілікті. Сондықтан, конституциялық заңнамаға, меншік құқығына байланысты отандық сарапшылардың пікірлеріне құлақ асқан жөн. Мысалы, А.Шайкенов халықаралық қаржы орталығын құру, соған орай арнайы халықаралық сот институтын құру, оны ағылшындық құқық жүйесіне толықтай негіздеу біздің елде құқықтың құрлықтық және преценденттік – екі жүйесінің қосарлануына алып келетініне, ал мұның тиімсіз де орынсыз екеніне назар аударады.

Менің ойымша, Президент осы ұсыныстар арқылы қоғамдық пікірдің барометрін тағы бір сынап алмақшы. Соған орай қоғам да өз ойын, қордаланып қалған түйткілдер туралы пікірін ашық айтып, жоғары биліктің, Президент назарын өзекті мәселелерге аудара білуі керек. Президенттің де көздегені осы емес пе?!

Президенттің заң күші бар жарлықтар шығару құқығынан бас тартуы әбден піскен мәселе. Ел Үкіметінің Парламент алдында есептілігін күшейту, осы тұрғыдан Парламенттің өкілеттігін кеңейтуге қатысты ұсыныстар құптарлық. Соның өзінде бұл ұсыныстарды әлі де болса ширатуға, ауқымын үлкейтуге болады. Осы ара қатынаста Парламентке кеңесшіліктен гөрі үлкенірек, жауаптырақ жүкті артуға болмас па? Сол сияқты жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нақты күшейту, өкілеттіктеріне қажет тиімді тетіктерді, қаржы көздерін ашу да маңызды.

Дәл бүгінгі күні Бас прокуратура тарапынан істеліп жатқан жұмыстардың логикасы тегеурінді, өзегінде жан бар. Прокуратураның беделін көтеру, сол арқылы да тәртіп сақшыларының орынсыз озбырлығына тосқауыл қою артық болмас еді.

Парламенттегі жерлес депутаттар ішінде біліктілігі өте жоғары заңгерлер жетерлік. Олардың өзіндік үндері жалпы дүрмекте жұтылып кетпей, ерекше естіліп тұрғаны дұрыс.

Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, саяси, қоғамдық институттар, қоғамдық кеңестер жүйесі, ғылыми, сарапшы қауым, депутаттар – жалпы барша ойлы да зиялы азамат осы үрдісті қолдап шынайылықтың үлгісін көрсетуі керек деп ойлаймын.

Болат СЫЗДЫҚ,

заң ғылымдарының

кандидаты.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button