Жаңалықтар

Өзгеге сабақ болсын деп…

Елімізде мас күйде көлік жүргізгендер қатаң жазаланатынына қарамастан, күн сайын ішімдік ішіп, көлік тізгіндейтіндер саны азаяр емес. Мəселен, биыл облыста мас күйде көлік басқарған төрт ер адам бас бостандығынан айырылған. Жауапсыздықтың салдары қандай болатынын Қарағанды облысы мен Ұлытау өңіріндегі қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №34 мекемесіндегі жазасын өтеушілердің өздері айтып берді.

Мекеме басшысының орынбасары Əсет Қызыловтың айтуынша №34 мекеме – қауіпсіздік деңгейі орташа орын. Бұл жерде алғаш рет бас бостандығынан айырылғандар, сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 346-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық, яғни, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғандар жəне алкогольдік, есірткілік жəне уытқұмарлық масаң күйде көлік құралын басқарғандар жазасын өтейді. Қазір аталған мекемеде аталған бап бойынша 9 сотталушы жазасын өтеуде.

Мəселен, 24 жасар қарағандылық мас күйде көлік жүргізгеннен соң өмірі түбегейлі өзгергенін айтады. Ол 2021 жылғы қарашада достарымен бірге дəмханада алкогольдік ішімдік ішіп, рөлге отырған. Нəтижесінде Гоголь көшесінде көлік тізгініне ие бола алмай, темір бағанаға соқтығысқан. Салдарынан көліктегі достары түрлі дене жарақаттарын алған.

– Кінəмді мойындадым. Соттың 2022 жылғы үкімімен қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша кінəлі деп танылып, көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына тыйым салынып, 4 жылға бас бостандығынан айырылдым. Бұл əрекетіме өкінемін. Өзімді қанша кінəлағаныммен, өткенді қайтара алмаймын. Ол кезде жас болдым, сондықтан, бұл əрекетімді кешіреді деп ойладым. Қазір бас бостандығынан айыру орнында жазамды өтеп жүріп, қаншалықты қателескенімді түсіндім. Менің достарым өмірден лəззат алып, оқып, жұмыс істеп, үйленіп те жатыр. Ал, мен жазамды өтеудемін, – дейді ол.

– Өмір кестеге сай өтіп жатыр. Сағат 22:00-де ұйқыға жатамыз, 06:00-де оянамыз. Жұмыс істеймін, əн айтамын, басқа тағдырластарым үшін ұйымдастырылған концерттерде өлең оқимын, – дейді тағы бір жазасын өтеуші.

Қарағандылық шартты түрде бостандыққа шығудан үмітті жəне мас күйінде көлік тізгініне отырғанына өкінеді.

– Кінəмді толық түсінемін, одан ешқашан бас тартқан емеспін. Ішімдік ішкеннен соң көлікке отырудан бұрын өзіңізді, жақындарыңызды ойлаңыз дегім келеді. Өкінішім – өзгеге сабақ болсын, – дейді өз өкінішімен бөліскен айыбын өтеуші.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button