Медицина

Өзгеге өмір сыйлаған

Тіршілікте адам өмірі мен оның денсаулығынан бағалы ештеңе жоқ. Сын сәтінде дәрігерлермен бірге қарапайым адамдар да өзгенің өмірін сақтап қалуға қол ұшын созады. Соның бірі – донорлық, яғни ерікті түрде қан беру. Статистикаға сәйкес, әлем бойынша әрбір үшінші адам қанға мұқтаж. Былтыр аймақта 14 мыңнан аса адам донор болып, 5323 адамның өмірін сақтап қалуға көмектескен.

Алғыс айту күніне орай жомарт жүректі жандарға облыстық қан орталығы мекемесінің ұжымы ерекше ризашылығын білдірді.

Қан – адам ағзасының бір бөлігі. Донорлық қанның компоненттері ота жасаған кезде қан көп кеткен жағдайда, ауыр босану кезінде, қан аздық салдарынан туындайтын ауруларға, асқазанның ойық жарасы, ісіктер, т. б. жағдайларда қажет.

Донор болу – өзгеге ғана емес, өзіне де пайдасы тиетін ізгі іс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, донорлар 8 жылға ұзағырақ өмір сүреді. Тіпті, қан тапсырған адамдарда жүрекқан тамырлары аурулары сирек кездеседі, тұрақты қан тапсыру холестерин деңгейін төмен деңгейде ұстайды. Иммундық, эндокриндік, ас қорыту жүйелерінің жұмысы қалыпқа келіп, қан қысымы тұрақтанады. Қан тапсырғаннан кейін сүйек кемігін жетілдіруге байланысты ағза жаңарып, жасарады екен.

– Біздің облыста былтыр 14 мыңнан аса адам донор болды. Осылайша, 2022 жылы 11 мың литрден астам қан дайындалды. Бұл 5323 адамның өмірін құтқаруға көмектесті. Облыстық қан орталығы мекемесінің ұжымы адам өмірін сақтап қалу үшін өз қанын ерікті түрде және өтеусіз тапсыратын донорларға ерекше алғыс айтады. Сондай-ақ, донорлықты дамыту үшін қолайлы жағдай жасайтын қала және облыс кәсіпорындары мен ұйымдарының басшыларына, жұмыс берушілеріне, донорлық қозғалысты насихаттауға қатысатын еріктілерге ризашылығымызды білдіреміз. Бір-біріне қол ұшын созатын мейірімді жандарға әрқашан құрметіміз бөлек. Біз баршасына бақыт, амандық, бейбітшілік пен өркендеу тілейміз, – деді облыстық қан орталығы Донорларды жинақтау бөлімшесінің трансфузиолог дәрігері Оксана Чернышова.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz     

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button