Өзекті мәселе талқыланды
Жаңаарқа ауданында «Ауылдарда кооперацияны дамыту, ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көктемде ветеринарлық профилактикалық іс-шараларды жүргізуге дайындық барысы» тақырыбында аумақтық деңгейде ұйымдастырылған семинар-кеңес тақырыбы танытып тұрғандай, бүгінгі күннің өзекті мәселесін талқылауға арналды. Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасары Шагурашид МАМАЛИНОВ қатысты.
Семинар-кеңесте Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары және Ұлытау, Жаңаарқа аудандары әкімдерінің ауыл шаруашылығына жауапты орынбасарлары, ауылдық округтер әкімдері, салаға тікелей қатысы бар бөлімдер мен ветеринарлық станциялар басшылары, ауылдық елді мекендердегі мал дәрігерлері, өңірлік кәсіпкерлік палаталарының өкілдері бас қосты.
Маңызы мол іс-шараға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекхожин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Мұхтаров, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Саят Мусин және аталған салаға мақсатты несие бөліп, қаржылай қолдау көрсету қызметімен шұғылданатын қорлардың басшылары мен жауапты мамандарының қатысуы – семинар жұмысын сапалық тұрғыда байыта түсті.
Жиын барысында бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде атқарылатын жұмыстардың жайы, жеке қосалқы шаруашылықтарды несиелеу тәртібі, ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын жоспарлы түрде жүргізілетін алдын алу және диагностикалық шараларды өткізу мәселелері, сондай-ақ, өзге де өзекті жайттар егжей-тегжейлі талқыланды. Оған қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелерді қарастыру барысында туындаған көкейкесті сауалдарына толыққанды жауаптар алды.
Шагурашид Мамалинов семинар-кеңес жұмысынан кейін Байдалы би ауылдық округіндегі «Мешіт», Ақтүбек ауылдық округі аумағындағы «Мирас» және С.Сейфуллин ауылдық округіне қарасты «Диана» шаруа қожалықтарына атбасын бұрып, шаруашылықтардың қыс маусымындағы тыныс-тірлігімен жете танысты.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ЖАҢААРҚА ауданы.