Өзектен шыққан өрт жаман…

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қостанай облысында алапат өртпен күресіп жүрген өрт сөндірушілермен кездесу барысында «Барлық өрт сөндірушілер, өртпен күресіп жатқандар, осы төтенше жағдайдағы ерлік үшін барлығын награда мен сыйақыға ұсыныласыңдар. Материалдық жағдайды көтеру, баспанамен қамту, кадрларды дайындау бойынша ең ауқымды шаралар қолға алынады», – деген еді. Биыл күннің күрт ысуына байланысты табиғи өрттің тұтану қаупі арта түседі. Әсілі, өршіген өрттің артында адамның тағдыры тұр…

Соңғы кезде тілсіз жау даладан да қаладан да кезек шығып, шиыршық атып тұр. Жаз маусымында республика өңірлерінде де тілсіз жаудан келер қауіп жоғары деген болжам бар. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов мәлімдеді. Өткен жылы Қазақстан аумағындағы табиғи өрт салдарынан Қостанай облысында бір рет, Шығыс Қазақстан облысында екі рет төтенше жағдай жарияланған.

«Қазгидрометтің» болжамды деректері бойынша алдағы өрт қауіпті кезеңінде температура орта есеппен +25ºС, ал республиканың оңтүстік, шығыс және батыс бөлігінде температураның +30ºС дейін жоғарылап, жауын-шашын тапшылығы күтіледі. Бұл орман қорындағы өрт қаупін едәуір арттырады.

Министрлік әкімдіктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп алдын алу шараларының кешенін қабылдауда. Мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген арнайы ведомствоаралық жоспар бекітілді.

Жоспарда облыстық арнайы штабтар құру, қызметтердің өзара іс-қимылын ұйымдастыру бойынша тактикалық оқу-жаттығулар өткізу, байланыс, хабарлау және халықты ақпараттандыру кестесін түзету көзделді.

Іс-қимыл жоспарына сәйкес, төтенше жағдай кезінде ірі өрт аймағына 39 мыңға жуық адам, 8 мыңнан астам техника, су төгетін 10 тікұшақ, 46 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылады. Отпен күресуге арналған жабдықтар мен мүкәммал 6 мың бірлікті құрауда. 1 318 мотопомпа, 32 мыңнан астам шанц аспаптары бар рюкзактық өрт сөндіргіштер даяр. Сонымен қатар, ірі өрттер туындаған жағдайда Министрлік жергілікті жерлерде табиғи өрттерді автономды режимде 14 тәулікке дейін сөндіруге қабілетті, өтімділігі жоғары және сыйымдылығы жоғары өрт автоцистерналарымен жарақтандырылған өртке қарсы мемлекеттік қызметтің жиынтық отрядтарын қалыптастырды. Орман алқабы мен даладағы өрт ошақтарын уақытылы анықтау үшін тұрақты авиациялық патрульдеу жұмысы жолға қойылған. Ғарыштық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірлерде «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен тиісінше келісімшарттар жасалды.

Не дегенімізбен, қабылданған тастүйін шараларға қарамастан, өрт қауіпті кезең басталғаннан бері 34 көктемгі орман өрті тіркелгенін, өрттің жалпы ауданы 7 мың гектардан асқаны мәлім. 2022 жылы 801 орман және 111 дала өрті болды.

Құтқарушылардың жалақысы мəселесіне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бұрын қатардағы құтқарушылардың еңбекақысы небəрі 65 мың теңге құрағанын еске салды.

– Қазір қызметке келген қызметкердің ең төменгі лауазымдық жалақысы шамамен 110 мың теңге көлемінде. 2023 жылы жалақының максималды өсуі қызметке жаңадан келген қатардағы қызметкерге оң əсер етеді. 1 қаңтардан бастап жалақыны 10%-дан 70%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. 70% дегеніміз қатардағы құрам жалақысының максималды өсу көрсеткіші. Ал, 10% басшы құрам еңбекақысының өсім коэфиценті, – деп түсіндірді министр.

Мезгіл мəселесі облыс əкімінің күнделікті бақылауында. Өңір бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Жанна Дəуренбекова редакция сауалына өңір өрттен аман екендігін хабарлады.

– Табиғи өртке əрекет ету үшін Төтенше жағдайлар департаментінде арнайы штаб жұмысы жолға қойылып, салалық департамент, полиция департаменті, қалалар мен аудандар əкімдіктері қызметкерлерінің қатарынан рейдтік іс-шаралар өткізу үшін саны 232 адамды құраған 62 мобильдік топ жұмысын жалғастыруда. Қауіпті кезең басталғаннан бері 6 346 адамды қамти отырып, барлығы 477 профилактикалық іс-шара өткізілді. Алайда, рейдтік іс-шаралар барысында саяжай учаскелерінің аумағында құрғақ шөптер мен қоқыстарды жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 24 фактісі анықталды. Кінəлі тұлғалар əкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 82 мың 800 теңгеге айыппұл өндірілді, – дейді департамент өкілі.

Бүгінде облыс аумағында 2 орман өрті тіркеліп ауыздықталған. Ақтоғай, Нұра, Шет, Қарқаралы, Абай, Бұқар жырау аудандарында өрттің 10-ға тарта тұтану оқиғасы орын алып, дер кезінде сөндірілген.

***
Хош, делік. Байтағымызды от пен судан қорғау амалдары көңіл жұбатады. Осындайда халқымыздың «От пен судан аман бол!» деген бір ауыз тілегі еске келеді екен. Жыл он екі айда аяқ астынан лап ете қалатын тілсіз жаудың тілін табу да оңайға соқпаса керек. «Өзектен шыққан өрт жаман, өзіңнен шыққан дерт жаман». Ұшқын атқан жалынды сумен сөндіріп, ақылмен алдын алатынын ұмытпасақ керек-ті, қымбатты əлеумет.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.