Бас тақырып

Зейнеткерлерге зор мүмкіндік

Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Үкіметіне жүктеген тапсырмаларының бірі. Жұмыссыздық деңгейін төмендету, сапалы медицина мен білім алуға мүмкіндік жасау, халық табысын арттыру жалпы өмір сапасына әсер ететін факторлар. Халықты, әсіресе, әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамтуда бірқатар шаралар қолға алынған.
Аналитикалық ranking.kz сайтының дерегінше, соңғы екі жылда Қазақстанда жұмыс істейтін зейнеткерлердің қатары 45,1%-ға өскен. Ұлттық статистика бюросының өткен жылғы ІІІ тоқсанындағы дерегі бойынша еңбек жасынан асып кеткен 298 мыңнан астам адам экономиканың түрлі секторында жұмыс істеп жүр. Оның көбісі 39,9% немесе 119 мың адам ауыл шаруашылығында. Еңбек етіп жүрген әр бесінші зейнеткер сауда саласында болса, 16,2%-ы білім беру мен денсаулық сақтауда. Қарағанды облысында еңбек ететін зейнеткерлер бухгалтер, күзетші, жүргізуші, тәрбиеші, мұғалім болып еңбек ете алады. Бұл мүмкіндік биыл қолға алынған «Алтын жас» бағдарламасы аясында жасалып отыр.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары осындай шешім шығарды. Былтырғы желтоқсандағы шешіміне сәйкес «2025-2026 жылдарға арналған «Алтын жас» зейнеткерлік жастағы адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі бағдарлама» бекітілді. Бастамаға тікелей мұ­рындық болған аймақ басшысы Ерма­ғанбет Қабдулаұлы. Жеке қабылдауына жазылып, жұмыс іздеген егде жастағы адам­дардың көбеюі өңірде осы бағдарла­маның ашылуына әсер етті. Мұндай бағ­дарлама ел бойынша бұған дейін Алматыда ғана болған.

Бағдарламаға қатысудың басты шарты – зейнеткерлер Қарағанды облысында тіркеліп, осында тұруы қажет.

– Бағдарлама бойынша зейнеткерлік жастағы адамдардың жалақысы жұмыс берушінің қаражаты есебінен және жер­гілікті бюджет қаражаты есебінен тө­ле­неді. Алайда, Қазақстан Республикасы­ның «2025-2027 жылдарға арналған рес­публикалық бюджет туралы» Заң ая­сында тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі бір жалақыдан аспайтын мөлшерде жүргізіледі. Былтырдан бері ең төменгі жалақының мөлшері – 85 мың теңге. Төлемдер салықтар, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақылар және банк қызметтері ескеріле отырып жүргізіледі, – дейді еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұржан Сыздықов.

Бастама сұранысқа ие. Бағдарлама іске қосылған бірінші айдың өзінде жүзге жуық адам жұмысқа орналастырылды. Ақпан айының ортасындағы дерек бойынша облыстың 242 кәсіпорнымен келісім жасалды. Нәтижесінде, Нұржан Хамитұлының айтуынша, 972 жұмыс орны ашылды. Осы уақытқа дейін зейнет­керлік жастағы 207 адам жұмысқа орналасты.

Еңбек ұтқырлығы орталығының дерегінше, ең көп зейнеткер – 69 адам Қарағандыда, 27 адам Абай ауданында, 26 адам Саран қаласында жұмысқа орналастырылған.

Қарағандылық кәсіпкер Жұмакүл Ма­хатаева төрт зейнеткерді жұмыспен қамтып отыр.

– Тігін кәсібімен айналысамын. Осы бағдарлама бойынша екі тігінші, бір әкімші мен еден жуушы алдым жұмысқа. Екі тігінші менде бұрыннан жұмыс істейтін, екі адам кейіннен орналасты. Барлығы «Алтын жас» бағдарламасы бойынша рәсімделді, субсидияланады. Мемлекеттің ұсынып отырған көмегін алғандары дұрыс деп ойлаймын. Зейнетақылары жетпейді, әйтпесе, 70-тен асқанда үйде бала-шаға ортасында отыратын кезі ғой, – дейді Жұмакүл Талғатбекқызы.

Бағдат Әубәкірова зейнетке шыққанға дейін ұстаз болыпты. Ал, құрақ құрауды өз бетінше үйреніп алған екен.

– Зейнетке бес баламен ерте шықтым. Сосын үйде бос отырмайын деп құрақ құрауды үйрендім. Жалпы, үлкен кісілердің денсаулығы жарап тұрса, еңбек еткені дұрыс деп ойлаймын. Өзім қолым бос уақытта қарттарға арналған белсенді өмір сүру орталығына барамын, – деді ол.

Ғалия Баймағамбетова болса, өмір бойы тігіншілікпен айналысқан адам.

– Зейнетке дейін де осы іспен айналыс­тым, ешқашан демалған емеспін. Өз ісім қатты ұнайды, – дейді Ғалия Жұмырқызы.

Лира Шаймұратқызы «Алтын жас» бағдарламасының зейнеткерлерге ғана емес, өзі секілді жұмыс берушілерге де тиімді екенін алға тартты.

– Зейнеткер Раушан Ихсанова жұмысқа есепші ретінде орналасты. Зейнетке дейін есепші болып жұмыс істеген. Мансап орталығынан хабарласып, «Осындай кісіні жұмысқа аласыз ба?» деп сұрады, бағдарлама аясында берілетін көмекті айтты. Мен келістім. Субсидияланатыны жақсы, қазір салық мөлшері өсіп, кәсіпкерлерге қиындау болып тұрғаны рас, – дейді Лира Шаймұратқызы.

Статистика жұмыс істейтін зейнеткерлердің басым бөлігі зейнет демалысына енді шыққандар екенін көрсетеді. Ең азы – 85 жастан асқандар. Былтыр осынша жасқа келген 700 қазақстандық жұмыс істепті.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button