Руханият

Өзегіне өнеге тұнған

Наурызды мерекелеу дәстүрлерін сақтау мен болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығы туралы бірер сөз.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Наурыз – өте көнеден келе жатқан мейрам. Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған. Мәселен, күн мен түннің көктемде теңесер шағын бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган», буряттар «Сагаан сара», соғдылықтар «Наусарыз» деп түрліше атаған. Абай: «… Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді» – деп жазады. Яғни, Ұлыстың ұлы күні дегені – Елдің, Қағанаттың, Хандықтың, Мемлекеттің ең ұлы күні деген сөз. Наурыз шығыс елдері үшін – бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі болып саналады. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алады. Қазақ халқы да жыл басы мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды әдетке айналдырған.

Шығыстық данышпандар М.Қашқари, ­­­­­Ә.Райхан Бируни, Ә.Фирдауси, Ә.Науай, ­О.Хаямнан бастап, қазақтың Абай, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин сынды ірі тұлғалары Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, ұлағатты сөздер жазып қалдырған. М.Дулатов «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп» деген мәтелді тілге тиек ете келе былай деп жазады: «Мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін Ораза, Құрбан айттарын есепке алмағанда, бізде жалғыз мейрам бар, ол – Наурыз» (А.Тоқтабаев).

Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Бұл күн – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыс­тың ұлы күні – ұлыс күні» деп атаған. Григориан календары бойынша ескіше 9 наурыз, жаңаша 21-нен 22-не қараған түн осы күнге сәйкес келеді. Шәкәрім бұл процесті айқын ашып көрсетеді: «Наурыз – парсы тілі: Жаңа күн деген сөз. Мұны қазақтар Бұқар, тәшкендік қожалардан үйренген. Ескі қазақта (ескі түрікте) Жаңа жыл күннің аты – Ұлыс».

Халықта бұл күнге лайық салт-дәстүрлер де бар. «Қазақ халқының діннен кейінгі күшті құралы – салты мен дәстүрлері» (Ә.Бөкейханов). Халықтың атадан балаға көшіп, жалғасып және дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, әдет-ғұрып, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани құндылықтар. Осы құндылықтардан ұлттық рух қалыптасады. Ұлттық рух – өткінші әдеттерге бағынбайды. Ұлттық рух ұғымы діл (менталитет) деп те аталады.

Қызыр түнін ұйықтамай өткеру үшін ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттерге арнап соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, «ұйқыашар» аталатын ерекше дәм дайындайды. Ал, жігіттер мен бозбалалар болса, қыздардың қолақысының қарымтасына айна, тарақ, иіссудан тұратын «селт еткізер», «дір еткізер» сыйлықтарын ұсынады. Бұл дәстүрлі сыйлықтағы айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік пен сұлулықтың, иіссу – құлпырудың, жайнай берудің белгісі.

Ұлыстың ұлы күніндегі ең киелі рәсім – көкжиектен шапақ шашып шашырай шығып келе жатқан күнді қарсы алу дәстүрі. Мұндайда ақжаулықты аналар тостағанға ақ құйып алып шығып, күн көзіне қарата шашып, үш мәрте тізе бүгіп тағзым етеді. «Атар таңға, шығар күнге тәу-тәу, басымызға амандық, малымызға береке дарыта көр», – деп тілек тілейді. Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар, ер адамдар қос қолдасып, төс соғыстырады, әйелдер болса құшақтасады. Қос қолдап амандасып, төс қағыстыру «Өмір тірегім – төсім, тіршілік көзім – екі қолым аман-сау болсын!» дегенді білдіреді.

Ұлыс күні әрбір отбасы дастарқанын ықыласпен жасақтап, үйге кірген адамның көңілі қош болуына айрықша мән береді. Ұлыс дәмінің басы деп жеті түрлі азықтан Ұлыс көже дайындайды. Әрбір үй азықтың ыңғайына орай Ұлыс көжені ет, бидай, тары, қамыр, тұз, ірімшік, қатық сияқты жеті түрлі азықты қосып пісіру арқылы дайындайды. Мұның сыртында дастарқанға жамбас, бас, қазы, қарта, шұжық сияқты соғымның арнайы іріккен кәделі тағамдар да қойылады. Көктемгі төл төгінінің айғағындай болып туырылған уыздың жөні бір бөлек. Тілек айта келгендер әр үйдің тағамынан сарқыт алып, оны өз үйіндегі тағамға қосады. Мұнысы – «Жаңа жылда осылай араласып, тату-тәтті өмір сүре бере­йік» деген тілеуі. Осыған байланысты Ұлыс күні амандасудың, бата-тілек айтудың мына сияқты үлгісі қалыптасқан:

Осы жылда басың аман болып,
Малың көбейсін.
Егінің бітік шығып,
Молшылық болсын!
Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Мұндай батаны «Уыз бата» деп дәріптейді. (А.Сейдімбек).

Ұлыс күні хан мен құл, бай мен кедей, еркек пен әйел, үлкен мен кіші, ата мен күйеу, ене мен келін, т.б. сияқты әлеуметтік топтар өзара әзіл жарастырып, ниет ортақтастырып, әркім өзін шын мәнінде уақыт пен кеңістік аясындағы ұлы құбылыстың бір бөлшегіндей сезінеді.

Көптеген халықтардың салт-дәстүріне айналған Наурыз тойының қалыптасуына Табиғат пен қоғамның, Ел мен Елдің, Адам мен Адамның арақатынасындағы тепе-теңдік заңын бұзбайтын, таланттардың қайнар көздерінің ашылуына мүмкіндік туғызатын және әрбір жеке адамның ар-ұятының тазалығын сақтайтын ұлы өнегелер мұрындық болған. Сондықтан да, енді егеменді ел болғанда, Ұлыстың ұлы күнінің халық жадынан ұмытылған сырлары мен қырларын қайта жаңғыр­ту – бүгінгі күннің талабы.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,
тарихшы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button