Үздіктер – құрмет төрінде
Қарқаралы ауданында жыл қорытындысында аудан дамуына сүбелі үлес қосқан сала мамандарын марапаттау дәстүрге айналған. «Жыл үздігі» деп аталған салтанатты жиын биыл өзгеше форматта өтті.
Алдымен ел тарихында айшықты орын алған оқиғалар, мұндағы аудан үлесін атап өтті. Бұлардың қатарында Халықаралық «ЭКСПО» көрмесі, республика деңгейінде мән берілген Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың 350 жылдық мерейтойы бар. Өңір өміріне қатысты өзге іс-шаралар тізбектеліп, жиналғандар назарына ұсынылды.
Биыл аталымдарға белгілі тұлғалар есімдері берілді. Ауыл шаруашылығы саласының өрлеуіне еңбегі сіңген М.Әдекенов атындағы «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» аталымына Арман Мырзамбеков ие болды. Кәсіпкер Мәди ауылдық округінде 2013 жылы «Абылай» шаруа қожалығын құрып, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 7,2 млн. теңге несие алып, асыл тұқымды ірі қара санын көбейтуде. У.Жәнібеков атындағы «Құқық қорғау саласының үздігі» аталымына аудандық ішкі істер бөлімі штабының инспекторы, полиция капитаны Динара Смағұлова, Қ.Аманжолов атындағы «Үздік журналист» аталымына аудандық «Қарқаралы» газетінің тілшісі Данияр Ыдырысов, Р.Таңатов атындағы «Білім беру саласының үздігі» аталамына Көктас ауылындағы №4 орта мектеп директоры Даниял Тұрсынбаев, Р.Омарбекова атындағы «Мәдениет саласының үздігі» аталымына Қарқаралы мәдени-сауық орталығының көркемдік жетекшісі Динара Ахметжанова, Ж.Тәтиев атындағы «Спорт саласының үздігі» аталымына джиу-джитсудан әлем чемпионы Нұржан Сейдуали, С.Шалымбеков атындағы «Денсаулық сақтау саласының үздігі» аталымына Тәттімбет отбасылық дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Дулат Күзеуов ие болды.
«Табиғатты қорғау саласының үздігі» аталымында Досжан Байғонақов, «Кәсіпкерлік саласының үздігі» аталымында техникалық байқау станциясының басшысы Мейір Мүбәраков, «Туризм саласының үздігі» аталымында «Шахтер» демалыс үйінің басшысы Валерий Тулупов, «Өндірістік сала үздігі» аталымында «Алтай Полиметалл» ЖШС-нің механигі Валерий Коротков, «Байланыс торабының үздігі» аталымында техникалық желі торабының аға инженері Құлан Ахметов, «Статистика саласының үздігі» аталымында аудандық статистика басқармасының жетекші маманы Нұрғайын Сүлейменов, «Мұрағат саласының үздік қызметкері» аталымында аудандық мемлекеттік мұрағатының қызметкері Марал Жарылғасымова, «Жол жөндеу саласының үздігі» аталымында ДЭУ мекемесінің аға шебері Самат Сланбеков, «Мемлекеттік қызмет саласының үздігі» аталымында Темірші ауылдық округінің әкімі Серік Ильяшев, «Әлеуметтік саласының үздігі» аталымында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жәрдемақы тағайындау және төлеу секторының меңгерушісі Анар Мерсалимова, «Мемлекеттік кірістер басқармасының үздік қызметкері» аталымында мемлекеттік кірістер басқармасы салық бақылау бөлімінің бас маманы Дастан Исатаев топ жарды.
Аудан әкімі Халел Мақсұтов «Жомарт жүрек» аталымын Қаздауысты Қазыбек би мерейтойында қазақ күресі турнирінің жүлдесіне көлік тігіп, «Салтанат» ән-би ансамблін ұлттық киімдермен қамтыған кәсіпкер Ербол Төлеуовке және қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров атындағы «Ел патриоты – Жыл адамы» аталымын Қарқаралы қаласында 400 орындық мешіт құрылысын қолға алған кәсіпкер Айдын Мезгілбаевқа тапсырды.
Сағыныш ӘБІЛОВА.