Басты тақырып

Үздіктер үкіленді

   Бейсенбі күні Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек ТӘШЕНЕВ жүлдесіне арналған «Жылдың үздік ақыны» атты облыстық мүшәйра өтті. Арқа ақындарының арқасын қоздырып, алтыншы мәрте шымылдық түрген дода жеңімпазы – Айзада РАХЫМЖАНОВА.

Өлең дейтін өлкеге ат шалдыр­ған болсаңыз, «іштен шыққан шұбар жыланды» кітап еткіңіз келмеуі мүмкін бе? Жоқ, әрине. Оқырманға олжа салып, жазған-сызғаныңды кітапқа қаттаудан асқан арман жоқ ақынға. Бұл ретте, талай жас шәйірге қол созып, игі іске ұйытқы болған шара ұйымдастырушысы, филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұловты атамай кету мүмкін емес. Қайраткерлігі қайран қалдырады.

Дәстүрлі дода болған соң, жыл сайын елге танымал азаматтардың келуіне көзіміз де, өзіміз де үйренісіп алғандаймыз. Биылғы қадірлі мейман кім екен деп отыр­ған боларсыз. Айтайық. Ол – сонау Алатаудың етегінен ат терлетіп жеткен жерлесіміз Жүрсін Ерман. Одан өзге руханият жанашыры Рымбала Омарбекова, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Абзал Бөкен, газетіміздің Бас редакторы Мағауия Сембаев, Бас редактордың бірінші орынбасары Ерсін Мұсабек тағы бар. Қонақтар өзгеріп отырады ғой. Қатысушылар да солай. Бірақ, жыл сайын көріп көз қуанатын бір азамат бар. Жомарт жүректі кәсіпкер, шара демеушісі Сапар Ипкеев мырзаны айтып отырмын. Жомарт емей немене, міне, осы жылдар аралығында алты ақынның алғысын арқалап жүр бұл азамат. Оған жеңімпаз атанбаса да, құр қол қайтпаған өзге қатысушыларды қосыңыз. Ұлтқа, өнерге жанашырлық деген – осы емес пе?

Айға шапқан арыстандай сөзіне берік, ісіне адал Жұмабек Тәшеневтің еңбегін бүгінгі ұрпақ біле ме? Білмейді деуіміз бекершілік болар. Десе де, өткен ғасырда Отанымыздың ортан белін үзуге қарсы шыққан бірден-бір азамат осы Жұмабек Ахметұлы еді. Бес бірдей облысымызды орман елі еншілеп алғанда, Отанымыздың белі үзілмей қайтсін? Найзаның ұшымен, білектің күшімен, сүйем жер үшін сүйегін берген бабаларымыздың аққан қан, төккен терімен жеткен Жерұйық қой бұл.

Жерұйықты жат жұртқа бермес болар. Міне, сондағы Жұмабек Тәшеневтің ерлігі – ерлік атаулының ең биік шыңы сынды көрінеді де тұрады. Солай болып қала берсін дейік. Ер есімін ел есінде қалдырудан өзге де ерекшелігі бар бұл мүшәйраның. Ол ерекшелік – қазылар құрамының мүлде болмауы. Яғни, қатысушылар үздік ақынды өздері таңдап, дауысын береді. Бұл жолы да солай.

«Бұған дейін де өзімнің жылы сөзімді жеткіздім. Оған өздеріңіз де куәсіздер. Жасанды дүние емес, шын көңіліммен айттым оны. Поэзияда бұрылыс жасау деген болашағынан зор үміт күттіретін ақынның ғана қолынан келеді. Сондай бұрылысты мен Айзаданың жырынан көрдім. Қанатың талмасын, айналайын» деп тілегін білдірген еді Жүрсін Ерман. Аузы дуалы ақын біліп айтқан екен. Айзада Рахымжанова қатарынан қара үзіп, Бас жүлде тұғырынан көрінді. Өлеңі жеңіс сыйласа, жеңісі кітап болып басылып шығып, жеміске айналмақ. Алдағы күндерде, әрине.

Бұдан бөлек, «Сыршыл ақын» аталымы бойынша жас ақын Ерік Нарын, «Жылдың үздік жазушысы» деп Бекзат Алтынбек, «Жылдың үздік айтыскер ақыны» ретінде Нұрмұхаммед Байсүгүров және «Жылдың үздік қайраткері» болып әріптесіміз Ерсін Мұсабеков танылды. Сондай-ақ, игі шараның өтуі барысында ақпараттық қолдау көрсеткен облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Мағауия Сембаев та арнайы марапатқа ие болды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button