Үздік практикалар орталығы ашылды
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қарағандыдағы № 1 емханада үздік практикалар орталығының салтанатты ашылуына қатысты. Осындай тағы екі орталық Қарағандыдағы № 2 емханада және Теміртау қаласындағы № 4 емхана базасында ашылды. Министр орталық қызметінің негізгі бағыттарымен танысты.
Орталық пациентке тиімді медициналық көмек көрсетуді бес минутта жүзеге асырады. Бағдарланған «триаж» жүйесіне тіркеу арқылы жұмыс істейді. Пациенттер ағынын бөлуді, тіркеу орнының жанында шұғыл көмек кабинетін ашуды, цифрлық технологияларды интеграциялауды, навигация мен электрондық кезектерді реттейді.
Сондай-ақ, пациенттің «осында және қазір» қағидасы бойынша жұмыс істейтін қоғамдық қабылдауды пайдалана отырып, өз мәселесі бойынша қалай және кімге жүгіну керектігін анықтауға кететін уақытты барынша жеңілдетеді. Адам денсаулығының қауіпсіздігі, қолжетімділігімен сипатталатын кешенді медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетеді.
Орталықта науқасты туғаннан бастап, қартайғанға дейін бақылайтын көпсалалы топтар бар. Олардың құрамында отбасылық дәрігерлер, патронаждық медбикелер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және бейінді мамандар бар.
Сонымен қатар, орталықтарда жүкті әйелдер мен 5 жасқа дейінгі балаларға сапалы қызмет көрсету үшін жеке патронаж қызметі де бөлінген.
Осыған ұқсас Теміртауда ашылған алғашқы үздік практикалар орталығы әлеуметтік-психологиялық қызмет пен медицина қызметкерлерінің жұмысын шоғырландыруға бағытталған. Отбасылық дәрігер, әлеуметтік қызметкер, психолог және бейінді мамандар кіретін мультидисциплинарлық команда жұмысы халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартады деп күтілуде.
– Орталық жұмысы негізгі назар аурулардың алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталады. Отбасылық медицина қағидатын енгізуге бағдарланғандықтан, емделушердің әлеуметтік жағдайына басым көңіл бөлінеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары.
Жалпы өңірдегі үздік практикалар орталықтары Президент тапсырмасы аясында ашылуда.
Өткен жылы Президент ДДҰ-ның медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференциясының пленарлық отырысына қатысып, онда денсаулықтың профилактикасы және сақтау қағидаттарын ілгерілетуді, медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту бойынша ұсынымдар әзірлеуді ұсынды. Алғашқы медициналық бөлімшелер Жамбыл, Түркістан және Алматы облыстарында ашылды. Орталықтардың бірінде қарағандылық мамандар біліктілігін арттырып, кейін осындағы әріптестерімен тәжірибесімен бөлісті. Осы орайда өткен жылы Қарағандының № 3 емханасының базасында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бойынша үздік тәжірибе орталығы халыққа қызмет көрсетуді бастады.
Бүгінде № 3 емханаға 55 мыңнан астам адам тіркелген. Бұл Оңтүстік-Шығыс, Федоровка, Кирзавод, мелькомбинат тұрғындарын қамтитын ауруханада 34 отбасылық дәрігер және 120-дан астам арнайы маман жұмыс істейді.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz