Өзбекстан жылы: тарихи оқиға


Биылғы жылғы 15 наурыз күні Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері Астанада кездесіп, аса маңызды келісім жасады. Олар 2018 жылды Өзбекстанның Қазақстандағы жылы деп жариялады. Бұл – бұрын-соңды болмаған шын мәнінде тарихи оқиға болды. Менің өз басым осы екі елдің ара-қатынасында мұндайды көрген жоқпын. Үлкендерден бұрынырақта Өзбекстан әдебиетінің күндері Қазақстанда болыпты дегенді естіген едім. Ал, Өзбекстанның Қазақстандағы жылы болыпты дегенді бірінші рет естіп-біліп отырмын. Бұл тарихи оқиғаның екі ел үшін маңызы зор. Екі елдің халқы әуелден туыстас, тамырлас екені белгілі. Енді бұл достық одан әрі нығая түседі. Қазір шекара ашылып, барыс-келіс, сауда қатынасы қарқын алды. Ташкентке поезд, автобус қатынастары ашылды. Сөйтіп, Өзбекстандағы тарихи орындарға, ескерткіш, архитектуралық ансамбльдерді көруге туристердің көптеп баруына жол ашылды. Осы жыл аясында түрлі мәдени шаралар өткізілді. Өзбекстанның артистері, көркем өнерпаздары келіп, концерттер беретін болды.
Біздер, Қарағандыдағы өзбек ұлттық-мәдени орталығының мүшелері де Өзбекстанның Қазақстандағы жылы деп жариялануын қуана қарсы алдық. Біздер қазақстандықтар болып кеттік. Осы Қазақстанда жұмыс істеп, кәсіппен айналысып, бала-шаға өсіріп отырмыз. Ортақ Отанымыздың гүлденуіне үлес қосып жатқанымызды мақтан етеміз. Алайда, ата жұртымызды да ойдан шығарған емеспіз. Орта Азия елдерінің ішінде Өзбекстанның да шоқтығы биік болуына тілектеспіз. Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында біздер басқа ұлт өкілдерімен тату өмір сүріп, өз тілімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді сақтауға мүмкіндік алып отырмыз. Биылғы Қазақстандағы Өзбекстан жылына да біздер үлес қосамыз. Түрлі мәдени, көңіл көтеру шараларын өткізетін боламыз. Оған Өзбекстаннан қонақтар шақырылатын болады. Осындай бұқаралық серуенге қатысуға алдын ала қала қонақтарын, тұрғындарды шақырамыз. Келіңіздер, көріңіздер.
Осыдан бір-екі күн ғана бұрын Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясы болып өтті. Ассамблеяның мүшесі ретінде менде қатысып, үлкен әсермен оралдым. Осы қоғамдық ұйым құрылғаннан бері барлық сессияларға қатысып келемін. Осындай әрбір жиынға қатысқан сайын Елбасының сөзін тыңдап, оның кемеңгерлігіне таң қалып, риза болудан жалыққан емеспін. Бұл жолыда сессияны Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Президентіміз Н.Назарбаев бастан-аяқ жүргізіп отырды. Сессияның тақырыбы «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» – деп аталды. Елбасы өз көзінде халықтың жағдайын жақсарту түсу үшін осындай «5 әлеуметтік бастама» көтерілгенін айтып, осының бәрі бірліктің, тыныштықтың арқасында болып жатқанын тағы да есімізге салды. Ол өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемде бірде-бір елде жоқ, ерекше ұйым екенін тілге тиек етіп, Ассамблеяның елдегі ынтымақты сақтауға көп жұмыс атқарып жатқанын ерекше атады. Халқымыздың осылайша бірлесе еңбек етсе, әлемдік өркениеттен қалмай Қазақстан гүлдене беретініне сенімдіміз. Сессия аса жоғары деңгейде өтіп, оған қатысушылардың мақтаныш сезімін оятты. Осы үлкен жиында біздің облысымыз үшін қуанышты оқиға болды. Жылда әрбір ұлттық орталықтан Ассамблея төрағасының тең орынбасарлары сайланады. Биылғы жылы осындай лауазым Қарағанды облысындағы литва мәдени орталығының төрағасы Виталий Твориониске бұйырды. Облысымыздан барған делегация мүшелері бұған да бір қуанып, мәртебеміз өсіп қалды. Сессияның соңы түрлі ұлттық-мәдени орталықтар өнерпаздарының қатысуымен үлкен мерекелік концертке ұласты.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясы ұйымшылдықпен өтті. Оған қатысушылар жоғары көңіл күйде, патриоттық сезімде тарқасты.
Осының алдында ғана Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы болып өтті. «Достық» үйіне облысымыздағы ұлттық-мәдени орталықтардың мүшелері, түрлі діни бірлестіктер мен қоғамдық ұйымның өкілдері жиналды. Облыстық сессияда жоғары дәрежеде, іскерлік жағдайда өтті. Облыстық Ассамблеяның төрағасы, облыс әкімі Е.Қошанов жылдағы дәстүр бойынша әрбір ұлттық-мәдени орталықтарға 700 мың теңгеден грант табыс етті. Бұл – біздер үшін үлкен қолдау. Осы қаражатқа түрлі мәдени, ағарту шараларын ұйымдастырамыз. Әсіресе, біздер үшін биылғы Өзбекстан жылында аса қажет.
Қорыта айтқанда, елімізде ұлтаралық татулықты сақтауда Елбасы өзі негізін қалаған Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы зор екеніне тағы бір рет көз жеткізіп отырмыз. Халықтың бірлігін сақтауға біздер, өзбек ұлттық-мәдени орталығының белсенді мүшелері одан әрі үлес қоса береміз. Сөз соңында кешелері ғана тойланған 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен баршаларыңызды құттықтаймыз. Сонымен қоса, барлық облыс тұрғындарын 9 мамыр – Жеңіс күнімен де құттықтап, сіздерге зор бақыт, мол дәулет, бейбіт аспан тілейміз!

Бақтияр ИСКАКОВ,
облыстық «Достық» өзбек
ұлттық-мәдени орталығының
төрағасы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.