Зауыттағы заманауи жоба
Ә.Сағынов атындағы Қарағанды Техникалық Университеті ғалымдарының металл тоттануына бағытталған жобасына Қазақстанның металлургиялық және өңдеуші кәсіпорындары қызығушылық танытты. «Сақтау» тоттануға қарсы құрамын әзірлеу» ғылыми жобасын университет ғалымдарының шығармашылық ұжымы Ғылым комитеті бөлген 170 миллион теңгелік қаржыландыру шеңберінде іске асырды.
Металлургтердің айтуынша, әрбір төртінші домна пеші тоттануға ұшырайды. Балқытылған металдың жалпы көлемінің шамамен 25 пайызы тоттану процестерінің дамуы мен металл конструкциялары мен бөлшектерінің істен шығуы арқылы жоғалады. Сондықтан, арзан, қолдануға оңай, ұзаққа созылатын және тоттануға қарсы жабындарды жасау – өзекті. Осы бағыттағы заманауи әлемдік трендтердің бірі – пайдалану процесінде өзін-өзі қалпына келтіруге қабілетті жабындарды әзірлеу. Осының арқасында бөлшектердің қызмет ету мерзімі бірнеше есе артады.
– Жобаның мәні – металл тоттануынан мүмкіндігінше тиімді күресуге қабілетті зат алу. Ол үшін қондырғыдағы дайын тоттануға қарсы зат арнайы өңдеуден кейін галлуазит сазымен араласады, нәтижесінде нанотүтікшелер мен еріткіш пайда болады. Суспензия түріндегі бұл құрам алдын ала тазартылған металл бетіне шашыратылады және заттың зақымдалған металл бұйымдарының қабаттарына енуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оларды одан әрі тоттан қорғап қана қоймай, зақымдануды қалпына келтіреді. Өйткені ол өзін-өзі қалпына келтіруге қабілетті, – дейді жобаның ғылыми жетекшісі, профессор Аристотель Исағұлов.
Бірегей жобаға Қазақстанның металлургиялық және өңдеуші кәсіпорындары қызығушылық танытты. Пархоменко атындағы Қарағанды машина жасау зауыты мен «Қармет» АҚ, «Балқаштүстіметалл» ӨБ және басқалармен ынтымақтастық орнатылды. Зауыттар мен фирмалардан тоттануға қарсы инновациялық жабынды сатып алуға тапсырыстар түсуде.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz