Бас тақырыпБасты тақырып

ЗАУЫТҚА КЕРЕГІ ҚАНДАЙ МАМАН немесе колледж бітіргендерге неге сұраныс жоқ?

Мемлекет басшысы Үкіметке дуальды оқытуды дамыту арқылы түлектерді жұмысқа тұрғызу ісіне назар аударуды тапсырған болатын. Содан бері колледждерде ауқымды жұмыстар қолға алынғаны рас. Десек те, сол колледждердегі білім беру жүйесі нарық сұранысына сай келмеуде. Оның бір мысалы, жұмыс берушілердің студенттерді бірден жұмысқа қабылдамайтыны… Жұмыс өтілін сұрап, «тәжірибең бар ма?» деп талап қоятындар тағы бар. Жақында Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ Білім туралы Заңға енгізілетін өзгерістерді атады. Оның ішінде түлектердің грантты жұмыспен өтеуі де бар.

ОҚУ МЕРЗІМІ ҚЫСҚАРАДЫ

Министрлік мамандарының айтуынша, бұдан былай техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына академиялық дербестік беріледі. Бұл колледждерде оқытылатын білім бағдарламалары жұмыс берушілердің қатысуымен қайта жаңғырады деген сөз. Осылайша мамандар жаңарған бағдарламаны құру арқылы нарықтың сұранысына лайықты жауап бермек. Заң талабы да жұмыс берушіге колледжді енді бітірген студентке міндет қоярда белгілі талаптарға сәйкес икемдеуді міндеттеп отыр.

Сондай-ақ, 9-сыныптан кейін колледжге оқуға түскен студенттер үшін оқу мерзімі бұрынғыдай үш жарым жыл емес, екі жылға дейін қысқармақ. Бұл талаптың өздері үшін тиімді екенін жақсы білетін студенттер 9-сыныптан кейін дереу колледжге кетуді де дұрыс көруі мүмкін.

– Қазіргі таңда Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде оқимын. 9-сыныптан кейін аталған колледжге оқуға тапсыруды ұйғардым. Жұмысшы мамандығын таңдау арқылы өндіріске араласқым келді. Бұл колледжден бәрін үйренуге болады. Мәселен, құралдарды автоматты басқару және энергоаудит мамандықтарын таңдауға болады, – дейді Аңсар Бақтыбай.

Ал, 11-сыныптан кейін колледжге түскендер үшін оқу мерзімі екі жарым жыл емес, 1,5 жылды құрайтын болады.

Осы орайда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде колледждерді жаңарту және қажетті мамандықтар бойынша білікті мамандарды даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу мақсатында «Жас маман» республикалық жобасы жұмыс істейді. Бүгінде облыстың 15 колледжі базасында қолға алынған жобаға өткен жылы 376,6 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. 7 колледжде 1,8 млрд. теңгеге жабдықтар сатып алынған.

ГРАНТ КӨЛЕМІ АРТА МА?

Колледждердің базасы жаңғырғанына орай білім беру грант көлемі кезең-кезеңмен ұлғаятынын да тілге тиек етті министрліктегілер. Еліміздегі «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары аяқталғанына орай, әрбір өңірде материалдық-техникалық базасы, жаңа оқу жоспары мен бағдарламасы бар кемінде 7 заманауи колледж жұмысын бастамақ. Бұл колледж студенттеріне дуальді білім алып, тәжірибе жинауға жақсы мүмкіндік.

ДУАЛЬДІ БІЛІМДЕ НЕ ЖАҢАЛЫҚ?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов техникалық және кәсіптік білім беруге қатысты Заңға жаңа түзетулер енгізгені белгілі.

– Енді студенттердің дуалды жүйе арқылы білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептелмек. Бұл колледж түлектерінің жұмысқа айтарлықтай тәжірибемен орналасу мүмкіндігін арттырады. Бекітілген заңнамаға сәйкес уәкілетті органның колледждерде оқу мерзімдерін белгілеуі туралы норма алынып тасталды.

Бұған дейін біз әр біліктіліктер бойынша білім алу мерзімдерін қатаң бекітетінбіз.

Орташа есеппен алғанда, оқу мерзімі 2 жылдан 3 жыл 10 айға дейін жалғасатын.

Енді оқу ұзақтығы нақты білім беру бағдарламасына және қажетті оқу нәтижелеріне байланысты болады, – деп атап өткен болатын министр.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, колледждер жұмыс берушілермен келісе отырып, кәсіптік стандарттар немесе нарық талаптары негізінде білім беру бағдарламасын әзірлейтін болады. Кейін оны БҒМ бағдарламаларының тізіміне қосып, соған сай кадрлар дайындайды. Осылайша, жұмысшы және орта буын мамандарын даярлауда колледждердің икемділігі арта түседі. Бұл – колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұнын өздері қалыптастырады деген сөз.

Ал, оқу жоспарлары мен бағдарламалары жастарға қажетті біліктілік алуға және қысқа мерзімде жұмысқа орналасуға мүмкіндік бере ме?

– Қажет болған кезде оқуға қайта оралып, басқа да қосымша біліктіліктер мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік мол болады, – дейді министрліктегілер.

– Бұл жұмысын өндірісте жалғастыратын студенттерге жақсы. Оған қоса бұл жүйе еңбек нарығының сұраныстарына бейімделуге тамаша мүмкіндік. Алдағы уақытта іс жүзінде жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлаймыз, – дейді Қарағанды машинажасау колледжінің оқытушылары.

Министрліктегілер жұмыс берушілер оқу бағдарламасын студенттің сұранысына сай дайындағаны жоғары білім беру жүйесінде де қабылданып, өзінің тиімділігін көрсеткенін айтыпты.

«MYCOLLEGE» ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Заңдағы өзгерістерге сәйкес, алдағы уақытта колледждер ақылы негізде қызмет көрсетіп, оқу-өндірістік шеберханаларда, шаруашылықтарда, оқу полигондарында дайындаған тауарларын сата алады.

Мәселен, «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша оқитын студенттер практика кезінде темірден сапалы конструкциясын, жас кондитерлер өнімін пісіріп, қолөнер бағытындағы мамандықтары бойынша оқитын студенттерге киізден, керамикадан, ағаштан, былғарыдан, зергерлік бұйымдардан авторлық бұйым дайындап сатуға мүмкіндік бар. Әрине, түскен қаржыға өздерінің шеберханасын жаңартуға қажетті дүниелер алуға болады. Бұл да кадрларды даярлау сапасын арттыру үшін жасалған ынталандырудың тиімді түрі.

Биылғы техникалық және кәсіптік білім беретін колледждерге қатысты Заңға енгізілген өзгерістер студенттер тарапынан қолдауға ие болуда. Мәселен, облыс бойынша кәсіптік бағдар беру кабинеттерінің жалпы саны – 353. Оның ішінде 313-і жалпы білім беретін мектептерде орналасқан. Одан басқа, жеке қабілеттері мен тұлғалық қасиеттерін анықтау арқылы мамандықты саналы түрде таңдау үшін мектеп бітірушілерге арналған «MyCollege» жобасы жүзеге асырылуда. Оқу жылы ішінде демалыс уақытында барлық колледжде 9-11 сынып оқушылары нақты жағдайда түрлі мамандық бойынша кәсіптік сынақтамадан өтетін болады. Бұл оқушыларға өздерін әр салада сынап көруге мүмкіндік береді.

Оқытушылар қауымы Жоғары оқу орындарына қарасты колледждердің акредиттеуден өтпей, мемлекеттік тапсырыс алуға қатыса алатыны да Заң аясында талқыланып, дұрыс шешімін тапқан тиімді ұсыныс екенін айтуда. Бұған 69 колледжі бар Қарағанды облысы дайын. Өйткені, облыстың 42 колледжі алғашқылардың бірі болып дуальді білім жүйесін жүзеге асырған болатын. Ол нәтижесін берді. Қазір 3008 студент дуальді білім алып, жұмысқа араласуда.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button