Жаңалықтар

Зар заман: зерттеу мен зерделеу

Қазақ әдебиеттану ғылымындағы төң­керіс­тен бергі ғылыми-зерттеушілік жұмыста әдеби мұрасы бұрмаланып, маркстік-лениндік методологияның таптық әдебиет принципіне сай біржақты бағаланып келген дарындарымыз аз болған жоқ. Олар тек кітаби, діншіл ақындар саналған М.Көпеев, Ғ.Қарашев, Ш.Жәңгіров, Ш.Бөкеев немесе «ұлтшыл-­алашордашыл» аталғандықтан, кейінде ғана ақталған қазақ зиялыларының бір тобы ғана емес. Бұлар секілді шығармаларын басуға тыйым салынып, қазақ әдебиетінің тарихынан сызылған, өз өмір сүрген кезеңіндегі әдебиетте көрнекті өкіл саналса да, шығармаларының басты бағыты хандық, феодалдық-реакцияшыл идеологияны жақтаушы, ескілікті көксеуші, дінді насихаттаушы болғанын ашып бағалау қажеттігі қатты талап етілген ақын-жырауларымыз да аз емес. Олардың қатарына Дулат, Мұрат, Шортанбай, Албан Асан, Нарманбеттерді жатқызар едік.

Суретте: Оңнан солға қарай – М.Мағау­ин, С.Жүнісов, Е.Асқаров, К.Жүністегі, Р.Сүлейменов.

Негізінен алғанда «зар заман» ағымы ақын­дары шығармаларын жинап-жариялау және ғылыми бағалаудағы алғашқы қадам ХIX ғасырда қолға алынған. Олардың ішінде отаршылдық саясатқа қарсы осыған дейінгі толғау жанрынан өзгеше бағытта, жалпыға ортақ сарындағы әдеби құбылыс ретінде танылған «зар заман» ағымын туғызған Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» атты толғауы орыс ориенталист-фольклористерінің назарына ілікті. Ол 1870 жылы В.Радловтың «Түркі халықтарының әдебиет үлгілері» атты көп томдық еңбегінің үшінші томында жарияланды. Шортанбайды қазақ поэзиясының көрнекті өкілі ретінде алғаш бағалаған да осы В.Радлов болды. «Зар заман» мен «Заман ақыр» тәрізді ғибрат өлеңдер Ертістің шығысындағы дала қазақтарының моллалары шығарған қолтума дүниелер» деп баға бергенде, осы дәуірдегі әдебиетте жаңашыл сипатта дамып отырған бұл ағымға баса көңіл аударды.
Ал ұлттық әдебиеттанудағы қазақ әдебиетінің тарихын зерделеудегі алғашқы талпыныстарға сай алғанда Ы.Алтынсаринді атар едік. Ұлы педагогтің «Қазақ қайғысы» аталатын қолжазбасы Орынбордың вице-губернаторы В.Ильинге арнайы жолданған зерттеушілік мәні бар еңбек болатын. Оның орыс тіліндегі «Горе киргиз» деп аталуында үлкен мән-мағына жатыр. Бұл оның Түркістан өлкесіндегі қазақ ақындарының «Зар заман» шығармалары жайындағы қорытынды талдауы еді. Ы.Алтынсарин қазақ әдебиетінде осы «зар заман» ағымының тууының тарихи себеп-салдарларын нақты көрсеткен. «Зар заман» әдеби ағымын патша үкіметінің отаршылдық саясаты мен жұтқа ұшыраған ашаршылық пен жалаңаштық кезең туғызды» дей келе, осы «Зар заман» туралы қазақ жерінде өлең-жыр жазбаған адам жоқ. Біз жақында Я.Лютштің «Қырғыз хрестоматиясынан» осы өлеңдерге ұқсас болып келетін Түркістан өңірі қазақтарының «Зар заман» өлеңін де кездестірдік» деп атап көрсетеді. Осы кітапта «Зар заман» деген атаумен бірнеше өлеңдер топтамасы жарық көрген. Әрине, оның барлығы да Шортанбайдың өлеңдері емес екені даусыз. Бұл өлең-жырлардың авторлары көрсетілмегендіктен де, оларды салыстыра зерттеу қажеттігі өз-өзінен сұранып тұр. Оны Ы.Алтынсарин нақты анықтау мақсатында «Түркістан өңірі қазақтарының «Зар заман» өлеңдері» деп атап көрсетуінің өзі нақты дәлел.
Ы.Алтынсарин жазған Я.Лютштің бұл «Қырғыз хрестоматиясы» 1883 жылы Ташкент қаласында басылып шықты. Біз осы кезге дейін Ы.Алтынсаринді әдебиеттанушы, сыншы ретінде қабылдай қоймаймыз. «Зар заман» әдеби ағымы деген атауды М.Әуезовтің 1927 жылғы «Қазақ әдебиеті» еңбегінен әріге апаруға ешбір құлқымыз жоқ. Ал, оның ұлттық әдебиеттегі жаңа ағым ретінде танылуын тап басып алғаш баға берген ұлы педагогтің пікірлерін назардан тыс қалдырумен келе жатырмыз. Ендеше «Зар заманды» әдеби ағым ретінде алғаш танып, анықтама берген де, Шортанбай жырларын орыс тіліне тұңғыш аударушы да Ы.Алтынсарин болып шығады. Бірақ ұлы ағартушы өзінің 1879 жылы Орынбор қаласынан басылып шыққан «Қазақ хрестоматиясы» еңбегіне Шортанбай ақынның өлеңдерін енгізбеген. «Заман ақыры» тақырыбындағы Дулат Бабатайұлының «Азған елдің» хандары, қожасы, молдасы, билері, байлары, адамы туралы 6 өлеңі және «Береке кеткен елдерден» секілді жыры бар да, Шортанбай шығармалары жоқ. Тегі Орынбор вице-губернаторы В.Ильинге жазған «Қазақ қайғысы» аталатын зерттеушілік мәндегі қолжазбасында ақынның отаршылдық саясат зардаптарын батыл әшкерелегені туралы пікірлеріне байланыс­ты патшалық цензура өткізбеген болуы керек деп топшылаймыз.
Ең басты айтарымыз – Ы.Алтынсарин «Зар заманды» әдеби ағым ретінде қазақ даласында жазба поэзияда басты сарын, негізгі тақырып болып отырғанын тап басып тани білгендігінде. Бұл тарихшы ғалым М.Қойгелдиевтің «Зар заман» ағымы қоғамдық ойдың жемісі. «Зар заман» мектебі ақындары жырлаған ойдың өзегі – отарлық әкімшілік қолына біржола өткен жерді жырлау. Ғылымда «Зар заман» аталған бұл мектеп әдебиеттің гуманистік табиғатынан туындаған, халықтың санасына қозғау салып, саяси-әлеуметтік ахуалды түсінуге көмектескен творчестволық әдіс те еді» деген ғылыми тұжырымымен астасып жатыр.
Орыс ориенталист-фольклористері В.Радлов, Я.Лютш ерекше көңіл бөлген Шортанбай ақынның жырларына Г.Потаниннің онша назар аудара қоймауы түсініксіз. ХХ ғасыр басында Қарқаралы уезіне халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинауға үлкен ғылыми экспедиция ұйымдастырып келіп зерттеген ғалым Шортанбай туралы мардымды пікір білдіре қоймаған. Ол турасында ақын шығармашылығын ғылыми зерделеген ғалымдар ешбір дерек келтіре қоймайды. Осы қазақ даласында мәдени және рухани орталықтардың бірі болған аталмыш уезге ғана емес, барша Сарыарқаға мәшһүр болып, бүкіл қазақ даласына таралып кеткен жырларын жазып алмауының басты сыры – ел арасында тек қана Шортанбай ақын өлеңдері деп айтылғандығында деп ойлаған дұрыс болар. Сонымен қатар, оның тағы бір себебі, Шортанбай ақын шығармалары 1888 жылы Қазан қаласында «Бала зар» деген атпен басылып шықты. Осы өлеңдер жинағының мұқабасына «Санкт-Петербург цензурасы тарапынан рұқсат берілді» деген таңбаның басылуы да көп жайдан хабар береді. Ендеше бұған жариялауға болмайтын, бірақ қазақ мүддесі мен мұңы үшін маңызы зор біршама жырлары жарық көрмей қалғаны даусыз. Кітап одан соң 1890, 1897 жылдары қайталап жарық көрді, Ал ХХ ғасыр басында 1901, 1906 жылдары тағы екі рет басылды. Сол себептен де ұлттық әдеби мұраның жанашыры бола білген Г. Потаниннің бұл өлкеден тек тың материалдар іздестіруі заңды құбылыс. Мысалы Г.Потанин қазақ даласын зерттеген басқа орыс фольклортанушы ғалымдарының еңбектерінде ешбір кездеспейтін Бұқар жырау туралы деректер мен толғауларын хатқа түсіріп алуы ойымызды дәлелдей түссе керек. Дегенмен, М.Мағауиннің «Шортанбайдың жаңа зары» атты мақаласында ерекше ризашылықпен аталып өтетін орыс ғалымы, адвокат Н.Коншиннің 1901 Қарқаралы қазақтары Қоянбай Тұраров пен Жүсіп Бөртебаевтарға арнайы тапсырма беру арқылы жинақтаған қолжазбаның Шортанбай мұрасының толыға түсуіне маңызды мән атқарғаны анық. Бір атап көрсете кететін нәрсе – ХIX ғасыр соңында шыға бастаған қазақ баспасөзінің алғашқы басылымдары «Түркістан уәлаятының газеті» (1870-1882), «Дала уәлаяты газетінде» (1882-1904) Шортанбайдың бірді-екілі өлеңдері жарық көрген. Ол да болса Шортанбай жырлары мен өнерпаздық даңқының барша қазақ даласына кең тарауына ықпал жасады және замана шындығын реалистік тұрғыда жырлайтын жаңа ағымның ірі өкілі ретінде таныстырып, осы ақындық мектептің кең қанат жаюына әсер етті.
А.Байтұрсыновтың 1926 жылы шыққан «Әдебиет танытқышы» еңбегінде Шортанбай, Дулат, Мұрат, Шернияз, Әубәкір Молда Мұсалардың өлең мен толғаулары мысал ретінде де алынған. Мұнда олардың қазақ поэзиясына қосқан үлесі ғана емес, әдебиет тарихындағы орнына баға беруге деген ұмтылыс та жатқаны даусыз. «Зар заман» ақындары шығармашылығына оң көзқарас 1940-жылдардағы ғылыми мақалалар мен әр түрлі деңгейдегі оқу құралдарының еншісінде. Кеңестік идеологияның ұлттар достығы саясатына қайшы келетін және кейінде қате табылған тарихи жырлар мен отаршылдыққа ашық қарсы шыққан Мұрат, Дулат, Шортанбай және басқа да «керітартпа, ескішіл» саналған ақындар шығармашылығына қарсы қалыптасқан «тұрпайы социологизмге» сай көзқарас өз позициясын жоғалтты. «С.Мұқанов 1942 жылғы «Қазақтың ХVІІІ, ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» еңбегінде «халықшыл ақын» деп, Қ.Жұмалиев 1941 жылғы 8-9 класс үшін «Қазақ әдебиеті» оқулығында «үлкен реалист ақын» деп бағалаған Шортанбайдың, болмаса Дулат, Бұқар секілді басқа да тұлғалардың мұрасы туралы ғылыми зерттеу мақалалардың кең өріс жая қоймауы да заман талабынан туды».
Олай болса, ғалым М.Қойгелдиевтің жоғарыда айтылған «Зар заман» ағымы қоғамдық ойдың жемісі, ол «Зар заман» аталатын ақындар мектебін туғызды» дегенге саятын ғылыми пікірінің бұрын-соңды айтылмауы турасына қайта оралуға тура келеді. Ақиқатына келсек, кеңес дәуіріне дейінгі кезеңде зар заман ақындары, оның ішінде Шортанбай шығармашылығы туралы азды-көпті пікір білдірген Алаш зиялылары да, «қызыл империя» билігі тұсындағы зерттеу жазған М.Әуезов, Х.Досмұхамедов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, М.Сильченко, Т.Нұртазин, Ы.Дүйсенбаев, С.Талжанов, Х.Сүйіншәлиев және тағы басқалары ақындық мектеп түгіл, олардың шығармаларын ақтап алуға мұршалары келмей, маркстік-лениндік методология­ның әдебиеттің таптығы қағидасына мойын ұсынуға душар болды. Бұл 1959 жылы қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты ғылыми-теориялық конференцияда «Біз әлі күнге қырық жыл ішінде Бұқар кім, Шортанбай кім – соны бір байламға әкеле алмай келеміз. Осы неліктен? Жақын арада шолып қарасам, Шортанбай туралы жиырма бес мақала, Бұқар туралы отыз екі мақала басылғанына кездестім. Айналасы 250 жол өлеңі бар Бұқарды тануға осынша уақыт неге кетіп жүр. Бұл халық ақындарының еңбектерін тексеруге советтік ғылымның өресі жетпей жүргендіктен емес, өлі ақынға да, тірі ақынға да партиялық объек­тивті көзқарасымыз бірікпей жүргендіктен» деген секілді пікірлер әр түрлі сипатта айтыла бастады. Оған әдебиетші-ғалымдардың идеялық көзқарасын біріктіруге кеңестік идеология да аса мүдделі болғанын ашып айту керек. Рас, бүгінгі ақыл-парасатқа азаттық алған тұста өткенді кінәлау оңай. «Абайдың ақындық мектебі» туралы ғылыми зерттеу жасау жолында 1950 жылдар басында бес күн бойы дау-дамайлы талқыға түсіп, өз ғылыми кредосынан бас тартпаған соң сотты болған Қ.Мұхаметханов, қуғынға түскен М. Әуезов тағдырынан кейін ұлттық әдебиетте «зар заман» ақындары әдеби мектеп қалыптастырды» деген ойды айтудың өзі мүмкін болмады. Ол түгіл осы «Зар заман» аталатын әдеби ағымға жататын ақындар шығармашылығын әдебиет тарихынан саналы түрде «сызып» тастауға дейін бардық. Ғалым Б.Омаров жазғандай: «Міне, кеңес дәуіріндегі мектеп жасындағы ұрпақтың аталған ақындар шығармаларын жетік білмей өскені сондықтан. Абайды танып, Дулатты білмеу, Махамбетті жаттап, Мұратты даттау, Бұқарды дәріптеп, Шортанбайдан шошыну, Ыбырайды ұғып, Әубәкірді түсінбеу, Жамбылға жақындап, Албан Асаннан алыстау – әдебиеттегі ақтаңдақтарды қолдан жасаудың көрінісі болды».
1989 жылы осы және басқа да архив пен мұрағаттарда шаң басып жатқан рухани құндылықтарымызды ақтауға жол ашқан «Әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 30-40 жылдар кезеңі мен 50-жылдар басында қабылданған қаулыларды зерттеу жөніндегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті комиссиясының қорытындысы» жарияланды. Осыдан соң іле-шала келген тәуелсіздік алған кездің алғашқы жылдарында әдебиет тарихын, оның ішінде «зар заман» ақындары шығармашылығын зерделеушілерге ауқымды міндеттер жүктеді. Осыдан соң-ақ «зар заман» ағымын туғызған дарындар мен діни-ағартушылық сарындағы ақын-жыраулардың шығармашылығы тарихи тұрғыда әділ, ғылыми мәнде терең, танымдық бағытта кеңінен саралана бастады. Әсіресе Шортанбай мұрасын зерттеуде ол ұлттық әдебиеттану ғылымының абызы, профессор Т.Кәкішұлының ыждахаттылығының арқасында 1906 жылдан кейін сексен жеті жылдан соң ғана жарық көрген «Шортанбай. Толғаулар, айтыстар, дастан» (1993) атты жинақтың қосары аз болмады. Шет ауданы орталығында Шортанбай мұрасына арналған ғылыми конференцияның ұйымдастырылуы да ерекше серпін қосты. Жасыратыны жоқ, жалпы дүрмекке қосылып қалу мақсатында жазылған мақалалар да болды. Алайда, бұл бағытта тың тұжырымдар жазып, кеңес дәуіріндегі қате бағалауларды тарихи тұрғыда түзетіп, осы бір қағидаға айналып кете жаздаған біржақты тұжырымдарды, «ақтаңдақтарға» айналған қателіктерді ұлттық санамыздан өшірген зерттеушілерді атай кету орынды болмақ. Олар – Б.Омаров, Ш.Жұматаева, С.Бермағамбетов, Қ.Мәдібай, А.Жақсылықов, К.Жүністегі, А.Шәріп және тағы басқалар.
Кеңес дәуіріндегі екі жақты айтылған ба­ғалауларды ескермеген күннің өзінде, осы кейіндегі ғылыми зерттеу еңбектерде «зар заман» ақындарының «өз заманының шындығын әлеуметтік тұрғыдан ашып көрсете білген суреткерлігі» (С.Қирабаев) мен «көркем сөздің қадірін асқақтатқан реалист ақындығы» (Т.Кәкішев), олардың «ұлтжанды ақын болғандығы» (Қ.Бейсенов) және тағы да басқадай шеберлік қырлары айрықша жетістік ретінде баса айтылып келеді. Ал, М.Қойгелдиевтің «Зар заман» аталатын дарындар ақындар мектебін туғызды» деген пікірі әдебиеттанушылар тарапынан қолдау таба қойған жоқ. ХІХ ғасырдың отаршылдық дәуіріндегі ұлттық әдебиет тарихын жалғыз Абайдың ақындық мектебімен шектеп қоюдың өзі ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің соны ізденістерге бармағандығын байқатса керек.
Бірақ әлемдік әдебиет теориясының даму заңдылығына орай ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, кез келген ұлттық әдебиетте тың да жаңашыл әдеби ағымды тек белгілі бір бағыттағы ақындық немесе жазушылық мектеп қана қалыптастыратыны дәлелденген тұжырым екенін де естен шығардық. Ғылым тек қана күдіктен туады. Біздің ойымызша «зар заман» ағымының ауқымына кіретін ақындардың ірі өкілдері болып саналатын дарындарды ақындық мектепті қалыптас­тырушы деген бағытта тың зерттеулер жүргізу қажет. Сонда сол ақындық мектептің іргетасын қалаушылар мен шәкірттері айқындалып шыға келеді. Себебі, олардың барлығын бір әдеби ағым шеңберінде қарап, тең дәрежеде бағалау ақылға сыя қоймасы анық. Әйтпесе, көркемдік даму үрдісіндегі дәстүр мен тарихи сабақтастық секілді күрделі мәселені жоққа шығарып аламыз. Сонда ғана қазақ әдебиеттану ғылымындағы «зар заман» ақындары шығармашылық мұрасын ғылыми әдіснама тұрғысына сай бағалануын бүгінгі күннің жаңашыл талап-тілегіне жауап бере аламыз.

Жандос СМАҒҰЛОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.

 

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button