Жаңалықтар

Замандас туралы сөз

Аптап ыстық. Бусанып терлеп жатыр екен. Оянса Қараменде әулие бабасы мазарының қасында жатыр. Мұнда калай жетті, кіммен келді, ол жағы белгісіз. Кешеден бері жігіттермен кездесіп, «атқа жайдақ мініп» жүрген-ді. Шөл қысып барады. Бетін сыйпап, дұғасын жасап бабасына сыйынды да Ақтоғайға карай тартты. Аспан айналып жерге түсердей күн шыжып тұр. Бір жұтым су болар ма еді. Тура орта жолға келгенде бір шөкім бұлт мұның төбесіне төніп келді де, төгіп жіберді. Кәдімгі боз жаңбыр. Әжептәуір салқындап қалды. Шөлі де басылғандай ма-ау?! Жаратылыс құдіретіне шек жоқ қой, бойында қуат пайда болды, жүрісі ширап, екпіндеді. Үйіне, алтын босағасына жетті. Содан бастап «атқа жайдақ мінбейтін» болды. Мүлдем қоштасты. Бұл біздің Мүскең еді. Менің замандасым – Мүсіркеп Әлімжанұлы СЕЙДАХМЕТ болатын.

Ол жазуға кештеу келді, қолына қаламды кеш алды. Бұл жағына келгенде ақын, журналист ағасы Үмітайға қарыздармын деп есептейді. Аудандық Мәдениет үйінде бір тамаша басқосу өтеді. Үмкең қолқа салады. Осы кештен хабар немесе суреттеме беру керек. «Ағасы-ау, өмірі газетке мақала жазып көрмегенмін» – деп Мүскең ат тонын ала қашады. «Жазып көрсеңші әуелі» деп ағасы сабырға шақырады. Жазады. Сол күйінде аудандық газетке шығып кетеді. Енді Үмітай ағасы Мүсіркепті газетке шақырады. Содан соң көп ұзамай қарымды журналист, талантты ақын Мүсіркеп Сейдахмет оқырманға бірден танылып, атағы жайылып кете береді.

Талант туа бітеді. Мүсіркептің арғы бабаларына сөз қонған екен. Әкесі Әкімжан қолынан мөрі тамған зергер.

Мүскең жазуға тез төселді, ноқтаға басы сыймады, көсілді-ай келіп. Қорғасындай кұйылған қара сөзден шегесіз қағылған биік қорған соғып тастады. Тілі тұп-тұнық, жазғандары жаныңды жадыратып, жүрегіңді елжіретіп, әрі қарай оқи беруге жетелеп отырады. Су төгілмес жорғадай журналистік қыры қай тақырыпты қаузап жазса да жеріне жеткізіп, қолмен койғандай ұғынықты түрде санаңа сіңіріп тастайды. Тағы бір ерекшелігі – экономикалық тақырыптарға терең сараптама жасап, дұрыс бағыт-бағдар бере алатындығы. Шемішкеше шағып тастайды, батылдығы және бар. Сын жазғанда біреудің ар-ожданына тиюден мүлдем аулақ жатады. Тығырықтан шығудың жолдарын журналистік көзқараспен саралап, салиқалы жеткізеді. Адамдар қоғамның қозғаушы күші дейміз, сол адамдардың, кейіпкерлерінің жан дүниесіне барынша үңілу біздің Мүскеңе тән қасиет. Содан болар очерк, суреттемелері өте нанымды шығады, олармен бірге өзіңіз де араласып жүргендей сезінесіз. Өнер адамдары туралы жазғанда арқаланып кетеді, сүйсіне оқимыз. Өз басым Мүскеңнің журналистік қабілетіне барынша қызығамын, жазғандарын қалт жібермей оқып отырамын. Үлгі тұтар тұстары көп. Сонда деймін-ау, ұзақ жыл іштей дайындалып жүрді ме екен? Арнайы оқу орнын бітіргендер, мың айдасаң да бір баспай журналистиканы тастап кеткендер қаншама?! Жоқ, біздің ойымызша сөз құдіретінің болмысы ар жағында, ата тегінде жатыр.

Мүсіркеп ақынды бүкіл республика оқырманы біледі. Отты жырларын сүйсіне оқып, таңдай кағады. Түнеу күні «Шалқар» радиосынан арнайы ұйымдастырылған сұхбаты берілді. Тыңдадық, құлағымыздың құрышы қанды. Жүрекке жылы тиетін кәусар жырлар қан тамырындай бүлкілдеп жатты. Қаншама ыстық лебізін жолдады тыңдармандар. Риза көңілге не жетсін шіркін?!

Ақындық – табиғат сыйлаған дарын. Бұл ретте Мүскеңнің шоқтығы биік, жырлайтын тақырыбы да сан салалы. Дүниенің төрт бұрышына ақын көзімен қарап, азаматтық ойын ашық айтады. Жырлары қыпшақтың қылышындай кесіп түседі, жасқанбайды, жағымпазданбайды, мәймөңкелемейді, турасын айтады. Оқырманға осындай ойлы жырлар керек-ақ. Сол арқылы қоғамның дертін емдеуге болады. Осы жағынан келгенде Мүскең ақындық парызын адал өткеріп келеді. Өзіндік көзқарас, өзіндік пәлсапа, өзіндік ой түйіндеу ақын қаламының айнымас, адастырмас темірқазығы.

Мүскеңнің тағы бір ерекше қасиеті өз жанынан ән шығаруы. Бағанағы алмастай өткір жырларға бойымыз үйреніп қалғандықтан ба, ән әуеніне жатырқай қарайтынымыз шындық. Келе-келе әндерін тыңдай отырып, жаныңыз жаз келгендей, жадырап қоңыр салқынға кеудеңізді тосқандай әсерге бөлене бересіз. Содан ой қорытамыз. Бұл Мүскеңнің жүрегі лирикаға да толы-ау деп. Сөзін де өзі жазады. Әнші інілері асқақтата шырқап жүр.

Мүскеңнің бойында зергерлік, ісмерлік қасиет бар. Бұл да ата-бабалардан алып қалған аманаты. Құрылысшы да болып кетеді, ұсталық, зергерлікпен де шұғылданады. Төрт түліктің қыр-сырын бір кісідей біледі-ақ. Шаруаға икемді, жұтынып тұр. Қара жұмысыңды шақ келтірмейді. Әйгілі Әлихан Бөкейханның туған інісі Смахан төренің кенже ұлы Балабаршын ақсақал Талдыбейітке бабаларының қорымына ат басын бұрды. Мақсаты ескерткіш-белгі орнатпақ. Мүскең кұрылысшы ісмерлерге тән бүкіл қажетті кұрал-жабдықтарын ала шыққан ғой. Ескерткіш-белгіні мазар қабырғасына қиюын келістіріп кертіп, жарасымды әрі қозғалмастай етіп орнатып берді.

Өзі ақын, өзі журналист Мүсіркеп інімнің жан-жақты кісілік келбетіне риза болып тұрмын. Құм, цемент араластырып лай жасауы да өзгеше екен, қолы да епті, нағыз маман екен. Менің мамандығым кұрылысшы-архитектор ғой – деп, ағамыз асқан ризашылықпен шаттанып еді.

Мүсіркептің ұйымдастыру қабілеті де ынтықтырады. Екі жылға таяу аудандық газетте Бас редактор болды. Сонда мықты менеджер екенін көрсетті. Газетті сапалы, мазмұнды шығаруымен қатар, қосымша табыс көзін табуды ойластырды. Газет мемлекеттік тапсырыспен қаржыландырылады, сондай-ақ, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын көтеруге назар аударды. Заңгер ұстады. Әкімдіктің бір жылға берген қаражаты 14 млн. болса, Мүскең бұған қосымша 6 млн. табыс кіргізді. Ол кезде әжептәуір қаражат. Редакцияның шаруасын дөңгелетіп-ақ әкетті. Есеп-қисапқа жүйрік. Анау-мынау есепшіңді миландырып жібереді. Заңға да жетік, үнемі оқып, тоқып өзін заман ағымына қарай жетілдіріп толықтырып отырады.

Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары. Өткен күзде туған өлкесі Торғайда болды. Жиі сөйлесіп отырдық. Сурет, бейне көріністер салды. Сонда ғой, туған жерінің шежіресін бір кісідей жетік білетіндігі анық байқалды. Рет-ретімен баяндайды. Мен тыңдаушымын. Қызығушылығым көп, атақты Торғай даласы ғой. Мүскең іркілмейді-ау, миыңа кұйып береді. Есте сақтау қабілеті жоғары. Қасиетті Ұлытаудан басталатын өзендердің, барлық киелі жерлердің шежіресін үйлестіре отырып баяндайды. «Туған жерге жылына бір рет ат ізін салмасам, көңілім көншімейді» – дейді, замандасымыз. Адамгершілік, ізгілік, мейірімділік ер жігіттің мәртебесін биіктете түседі. Мүскең қашан да жанашыр. Бәріне болсын дейді, жас шәкірттерді тәрбиелеп, қаламының желі бар қыз-жігіттерді редакцияға тартты. Олардың алды қарымды қаламгерге айналып үлгерді. Әріптестерінің де шығармашылық кешін өткізуге үнемі мұрындық болады. Ағаға ізет, ініге құрмет, бізді де табыстырған, жолықтырған қалам құдіреті еді. Тез түсіністік, қадірлес, сыйлас болып қала бердік. Өзі отымен кіріп, күлімен шыққан «Ақтоғай ажарынан» құрметті демалысына кетіп бара жатыр екен. Ой келеді, бір қайнауы ішіндегі жас журналистерді қырандай баптап, томағасын сыпырып жүр еді. Неге жүре тұрмады? «Ақтоғай ажарының» айбары еді ғой.

Жарайды, бәрібір жазуды тоқтатпайсың, одан құтыла алмайсың, асау толқындай, арналы өзендей қуатты жырлар маза бермейтіні анық. Маңдайға жазған жазу – осы. Айтпақшы, өмірлік жары Қарлығаш екеуі аһарлы-шаһарлы әулет болып отыр. Құлындардың, немерелердің қызығына тоймаңыздар, Мүске!

Сөредегі кітаптарыңды әлсін-әлсін ақтарып, қара сөзіңнен де, жырларыңнан да рухани қуат алып келемін.

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Басқа материалдар

Back to top button