Замана үнін тыңдатқан
Сәкен театрында Тахауи Ахтановтың «Жоғалған дос» атты шығармасының желісімен жазылған пьесаның премьерасы өтті. Режиссері – Айдын Салбан. Премьера Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орайластырылды. Пьесада майданға аттанған ерін күткен аяулы жардың, әкесіз өскен бойжеткеннің, қанды ұрысқа досымен кетіп, елге жалғыз оралған сарбаздың трагедиясы бар.

Пьеса театр актерлерінің хорымен басталды. Актерлер атақты халық әні «Әйкен-айды» шырқады. Хордың хормейстері – белгілі хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, «Құрмет» орденінің иегері Амантай Жұмашев. Ән соғыс зардабын тартқан тағдырлы кейіпкерлердің жан үнімен үндескендей әсерде қалдырады. Хор пианиномен сүйемелденді. Міне, бұл премьераның ерекшелігі осында.
Режиссер Айдын Салбан «Бұл пьеса арқылы соғыс зардабын басқаша қырдан көрсеткім келді» дейді.
– Бүгінгі қойылым Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған. Оқиға желісі өзгертілген. Соғыстан кейінгі оқиғаны бейнелейді. Соғыстың кесепатын тартқан отбасылардың ауыр тағдыры. Бұл тақырып арқылы соғыстың зардабын көрсеткім келді. Екінші дүниежүзілік соғыста 43,3 млн адам қаза болған. Менің ойымша, қуанып, той тойлатын жағдай емес. Жас ұрпақ бейбітшіліктің қадірін білсе екен деймін. 500 адам көріп, 5 адам ой түйіп кетсе, біз үшін сол зор нәтиже, – деді Айдын Салбан.
Режиссер уақыт кеңістігінде еркін сапарлайды. Соғыс басталғанға дейінгі жастардың сауық өмірінен бір эпизод көрсетіледі. Ал, соғыстың басталғанын «Әйкен-ай» әніне жағаласқан соғыс дабылымен білдіреді. Қауіпті тапсырмамен жау тылына аттанған барлау отрядының қаза тапқанын да актерлердің қимылымен білдіреді. Ешқандай сөз айтылмайды. Оқиғаның шарықтау шегі осы тұстан басталады. Арнайы операциядан жалғыз оралған сарбаз еліне оралып, окопта бірге болған досының қызын көріп қалады. Қыз болса, ес білгелі көрмеген әкесінің қаруласымен жолыққанына қуанып, оның үйдегі анасына алып барады. Шиеленіс осы тұста басталады. Әрі қарай сүйікті жарын сағынған әйелдің жан дүниесі диалогтар арқылы қотарылады. Әкесін бір көруді аңсаған қыздың да жан сөзі ақтарылады. Режиссер шешімімен шығарма желісіне аздаған өзгерістер енгізілгенімен, негізгі идея – адамгершілік, досқа, аяулы жарға деген адалдық.
Барлау отряды жау тылына шабуыл жоспарын қолға түсіру үшін барады. Ал, қыздың әкесі сол жоспардың штабқа жетуі үшін өз өмірін құрбан еді. «Жүз адамның өмірін құтқару үшін алтауды ажалға айдадық…» дейді басты кейіпкерлердің бірі Маңғас. Бұны соғыс түгілі күнделіктің өмірдің шындығына бойламаған бойыжеткен түсіне алмай, дал болады. Осы деталь арқылы зұлматты ғасырдың жалынына шарпылған жас ұрпақ трагедиясын аңдайсыз.
Мұнда сертіне адал жардың, шынайы махаббаттан жаралған арлы қазақ қызының, замана қиындығына мойымас, Отан үшін отқа түсер қазақ жігітінің образы бар.
Премьераға орай актерлерге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың ықылас гүлі тарту етілді.
Ернат Мақатай,
Қарағанды зерттеу университетінің III курс студенті