Басты тақырып

Заң – баршамызға ортақ

   Жуырда Қарағанды облысының орта және ірі бизнес субъектілерінің қатысуымен ҚР Әділет министрлігі әзірлеген заң жобалары және заңдар бойынша көшпелі семинар өтті. Шараға ҚР Әділет министрлігінің Заңнамалық департамент директоры Ерлан БҰЗҰРБАЕВ, облыстың Әділет департаменті директорының міндетін атқарушы Рахмет БАЗЫЛОВ қатысы.

Сонымен қатар, семинарда ҚР Әділет министрлігінің, орта және ірі бизнес субъектілерінің, прокуратураның, сот, Заңгерлер одағының, кәсіпкерлер палатасының, нотариаттық палатаның, адвокаттар алқасының өкілдері болды.

Аталған шараның негізгі мақсаты – азаматтар мен бизнес өкілдерінің мүдделерін қорғайтын заң жобалары мен заңдарды түсіндіру. Күн сайын азаматтар және бизнес өкілдері меншік құқығын қорғау саласында пайда болған қиыншылықтармен, даулы және әкімшілік мәселелерді реттеу кезінде түрлі жағдаяттармен ұшырасып жатады. Дегенмен, бұл мәселелердің шешілу жолдарын барлығы біле бермейді. Сондықтан, Әділет министрлігі азаматтар мен бизнес өкілдеріне күнделікті өзекті мәселелерді шешуде заң жобалары мен қосымша ұсынылатын мүмкіндіктерді түсіндіруді жоспарлапты. Талқылау барысында жолданған сауалдар әрбір азамат және бизнес өкілдері үшін өте өзекті болды. Осыған орай, Әділет министрлігі шараға қатысушыларға олардың мәселелерін шешу жөнінде өз пікірін білдіруге дайын екендіктерін көрсетті. Ең бастысы, Әділет министрлігі осы мәселелерді заңнамалық реттеуде тыс қалдырмай, азаматтардың да өз үлесін қосуына шақырды.

Көптеген дамыған елдердің заңнамаларын зерттей, зерделей келе түсінгенім, шет елдерде әрбір азамат ел алдындағы борыштылығын, жауапкершілігін түсінеді. Еуропаның еңсе тіктеген қай еліне бармасаңыз да, елінде, қаласында, тіпті, қарапайым ауласында болып жатқан оқиғаларға немқұрайлы қарамайды. Біздің тұсауымызды байлап тұрған да сол немқұрайлық. Ол мемлекеттерде бір азаматтың көлігін дұрыс қоймағанын байқаған тұрғын дереу арада тиісті органдарға хабарласып, шағым жасайды. Бұған жауапты органдар да тиісінше жедел әрекет етіп, жүргізушіні жауапқа тартады. Ал, көлік жүргізушісі орган қызметкерімен келісу, пара беру дегенді тіпті, ойына да алмайды. Салынған айыппұлды сол жерде немесе көлік тоғытылатын жерде төлеуге тырысады. Заң бұзушылыққа төзбеушіліктің ең қарапайым мысалы – осы. Егер еліміздің әрбір азаматы заңды солай ұстанып, ел, қоғам, адам дамуына немқұрайлы қарамайтын болса, заң бұзушылық деген мүлдем жойылар еді. Біз ең алдымен ділімізді, мәдениетімізді, ел, халық мүддесін қорғауды сол деңгейге көтеруге ат салысуымыз қажет, – деді Ерлан Бұзұрбаев.

Семинар соңында қатысушылар өздерін толғандырып жүрген, бизнесті дамыту барысында кедергі келтірген түрлі мысалдарды айтып, сауалдар жолдады. Заңнамалық департамент директоры мейлінше түсінікті етіп жауаптар беруге тырысты. Тіпті, кейбір заңнамаларды қайта қарастыруға да сөз берді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button