Жаңалықтар

Заңғар


Жазиралы Жаңаарқаның Ақтауында туғандар болмаса, біздер – төбені тауға балап, көлбеу көкжиекті сым тартқандай түзу болады деп өскен жаңаарқалықтармыз. Иә, Алаштың Ақселеуі Ақтауда туып, даналықты Дараттан дарытқан. Қосағалыға қарап бой түзеп, Сымтастан сырбаздық алған. Ал, Ғабдолла (Құлқыбаев), Темірғали (Көкетай), Қазкен (Мүсілімов) көкелерімнің бойына иман нұры Иманақтан дарыған. Иманақ – тау, тау емес, төбе. Сұңқар Сәкеннің кіндік қаны тамған қастерлі Иманақтың ұлылығы – биіктігінде емес, қасиетінде. Сондықтан болар, ұлт руханиятының үш алып бәйтерегіндей болған осы үш көкем үшін Иманақтан биік тау жоқ. Бойларындағы сұңғақтық та, ойларындағы сұңғылалық та Иманақтан тамыр тартады.
Ғабекең, Темағаң, Қазкең туған «Жеткіншек» ауылы – Иманақтың күнбатысында. Таудың күнбатыс етегіне орналасқан мекенге атқан таңның шапағы кешеуілдеп жетеді емес пе?! Бірақ, бүгінде Сәкен ауылы аталатын бұл қоныс азаматтарымен ажарланып, ынтымағымен нұрланып тұрады.

♦ ♦ ♦

Сексеннің сеңгірін сергек бағындырған заң саласының саңлағы Қазкен Мүсілімұлы осы Иманақтың баурайында 1938 жылы 1 мамырда дүниеге келген. Адамзаттың асылы Сәкеннің сұңқар тағдыры оққа байланып, Иманақтың қабағы түксиіп тұрған жыл еді. Ел еңсесі де еңкіш тартып тұр. Әйтеуір, ауыл болып Еңбекшілер мейрамын (бүгінгі Бірлік мерекесінің сол дәуірдегі атауы) атап өтіп, ел жігіттері көкпар тартып жүрген. Анасы Бибіайшаның толғағы ауыр келді. Жаны қиналды. Әкесі Мүсекең ақсақалдың той дүбіріне аңсары ауғанымен, асыл жарының ауыр халіне алаңдаулы еді. Күн бесіннен ауған шақта Иманақ бөктерін дүбірге бөлеген көкпаршылар Мүсекең үйін бетке алып, олжаларын есік алдына лақтырды. Тура осы сәтте үй ішіндегі басқұрға асыла қиналған Бибіайша анамыздың бойы жеңілдеп, шыр еткен сәбидің үні де естіледі. Жабықтан басын ғана шығарып, қуанышты хабарды жария еткен бір бәйбішенің:
– Сүйінші! Ұл келді! – деген даусын естіген Мүсекең де көкпаршылар дабырына зер салмаған күйде үй іргесіне:
– Е, Алла! Бергеніңе шүкір! – деп, сылқ етіп отыра кеткен. Әлгі бәйбішенің сүйіншілеген дауысы Иманақтан жаңғырық болып қайта келіп жатты ма? Білмейді. Әйтеуір, дүние дөңгеленіп, айнала жаңғырып бара жатқандай… Не қылса да, сол жаңғырық әділдіктің қалқаны болып бүгінге жетті. Қазкен көкемнің адалдықтан айнымаған ғұмырдариясы осылай басталған-ды.

♦ ♦ ♦

Әншейінде сөзуар көрінетін Қазкен аға – өзі туралы әңгімеге өте сараң.
…Биыл екі ағам сексен жасқа толды. Екеуі де осал емес. Бірі – алты құрлықты мойындатқан «Ғасыр ғұламасы» Темірғали Көкетай да, екіншісі – еңсегей бойлы нағыз ер, заңғар ойлы заңгер Қазкен ағам. Мерейтойлары қарсаңында осы екі ағам туралы жазудың бақыты мен мехнаты маған бұйырды. Бақыты дейтінім – кейіпкердің кемел болмысы, мехнаты дейтінім – еңбегімен елге, адалдығымен Алашқа танылған қос тұлғаның тым қарапайымдылығы. Келісті кейіпкердің бейнесін жасау аса күрделі іс болмағанымен, қандарына сіңген қарапайымдылық мақтануға мүмкіндік бермейді де, бізге керек штрих, деталь дегендерің қатқа айналады. Сөйтіп, шідерлеулі аттай кібіртіктейсің.
Мен де сұрақты қарша боратамын. Өздері туралы, жетістіктері мен жеңістері жайында. Екеуі де саяси қуғын-сүргін белең алған зобалаң шақта дүниеге келіп, балалық шағы сұрапыл соғысқа дөп келгенін, ойындары мен ұйқысы қанбай, ерте есейгендігін айтқаннан әріге бармайды. Ақыры әңгіме ауанын Ақселеу аға жайына бұрып алады да, алып тұлға, асыл досқа деген сағыныштарын айтып, жылап тынады. Тебірене сөйлеп бастағандарын қайтейін, кемсеңдеп барып, күрсініп тоқтайды. Әңгіме бітеді осымен. Алайда, мұның барлығы – абзал ағаларымның осалдығы емес, жүректерінің тазалығы, тектілігі. Ақселеуін жоқтап селеулі дала боздап тұрғанда, ғұмыр бойы тым жақын жүріп, мүдделес дос болған Темкең мен Қазкең қалай толқымасын?! Ақаң туралы әңгімеден ақырындап алып шығып, туған жері Иманақтан иірім тартатын өз тағдыр жолына қарай салған боламын. Тағы адастырып кетеді. Иманаққа жолап кетсең, Қазкен аға өмірден ерте озған асыл досы, қазақ халқының біртуар перзенті, академик Ғабдолла аға Құлқыбаевты іздеп кетеді.
Қырық жыл прокурор болған адамның мінезі темірдей тегеурінді болады деп ойлайтынмын. Ал, менің Қазкен ағамның жұмсақ жүрегі мен адал пейілі ол ойымнан айнытты. Иә, Қазкен ағаның жүрегі мейірімге толы, жаны жайлаудай жайдары.

♦ ♦ ♦

Бойында шөкімдей жасандылығы жоқ жайсаң ағаның тағдыры, боямасыз болмысы мені көптен қызықтырып жүрді. Ортасын думандатып, даурығып жүретіні бар. Сұңғақ бойымен көптен дараланып тұратын тұлғасының өзі неге тұрады?! Үйреншікті дағдымен ойлап-пішсеңіз, заңгер адам жауқабақ, томаға-тұйық болуы керек қой. Қазкен ағада оның бірі жоқ. Көпшілдігі мен дархандығы, қарапайымдылығы мен мейірбандығы жарыса менмұндалап тұрады. «Апыр-ай, мына кісі прокурор болып тұрғанда ешкім сотталмаған шығар» деп те ойлайсың… Бірақ, Қазкен Мүсілімұлы қызметте қырағы да талапшыл болған екен.
Қазкен ағаның қазақы қалжыңға ұсталығы – бөлек әңгіме. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Даңқ» орденінің толық кавалері Кәмали Дүйсенбековпен ғажап сыйластықта болған ағамыз майдангер қартқа інілік ізетпен еркелейтіні де болыпты. Білесіздер, Кәмали ақсақал 94 жасқа келіп дүние салды. Абыз ағамен күніне бір хабарласпаса, ішкені ас болмайтын Қазкен ағаның көңілі қоңылтақсып жүргенін бірден аңғардық. Кәмали аға туралы әңгіме қозғалған сәтте терең күрсінді. Жанарына жас іркілді.
– Соңғы уақытта денсаулығы сыр беріп, жүріс-тұрысы баяулап қалды ғой. Ауруханаға жиі жатып, дәрігерге дүркін-дүркін қаралып жүрді. Кейде қалжыңдап «Аға, жас емессіз бе? Неге сонша қалжырап қалдыңыз?» деймін. Сонда Кәмекең: «Енді бір 14 жылдан кейін көрер ме еді сенің қалай жүргеніңді» деуші еді арамыздағы 14 жас айырмашылығын емеурін етіп. Жарықтықтың сүйегі асыл еді ғой. Шынымен-ақ, ол кісінің жасына жетеміз бе? Жетсек қандай жағдайда жетеміз? – дейді әншейіндегі гүжілдек дауысы дірілдеп.
Қазкен аға күнделікті күйбең тірліктің ықпалымен Кәмали ақсақалға бірнеше күн хабарласа алмай кетіп, бір күні телефон шалады. Арғы жақтағы дауыста өкпе-наздың салқыны бар.
– Қайда жоғалып кеттің? Кеше түнде ауырып, «Жедел жәрдем» шақырттым ғой. Жағдайымды білмейсің, – деп дүрсе қоя береді. Қазкен аға да нар тұлғалы қарияға бір еркелеп қалғысы келіп:
– Аға, қазір нешеге келдіңіз? – дейді. Ойында ешнәрсе жоқ Кәмекең:
– Тоқсанның үшеуінен төртеуіне қарадым, – демей ме. Сонда қалжыңқой інісі:
– Туу, аға. Мен сіздің жасыңызға келсем, «Жедел жәрдем» емес, мешіттен имам шақыратын едім, – депті. Арғы жақтағы ағаның қатқыл басталған әңгімесі қарқылдаған күлкіге ұласады. Інісінің ұрымтал қалжыңына өкпелемей, керісінше риза болған ағасы:
– Кел үйге! – дейді де, телефон тұтқасын қоя салыпты.
Міне, Қазкен ағаның шынайы болмысын осындай зілсіз қалжыңдары арқылы аша түсуге болады. Енді қазір астарлы әзілмен «атқылап» маза бермейтін сол ағасын сағынып жүр…

♦ ♦ ♦

Қазкен ағаның жайсаң мінезінен сыр шертер мұндай әңгімелерді таңды таңға ұрып жазуға да, айтуға да болады. Ағаның аузынан шыққан әсерлі әзіл, қазақы қалжың ол кісінің парасатын арзандатып, қызмет жолын жеңілдетіп жібермейтіні де даусыз.
Иә, Қазкен аға тағдырында таршылық көрмегенімен, өз тұстастары секілді ауыр күндерді басынан өткерді. Әкеден жалғыз тұяқ болғанымен, бүгінгінің жалғызындай шолжаң болған жоқ. Жаппай қуғын-сүргін жылдарында туып, сұрапыл соғыс балалығын жалмады. Бозала таңда бозторғай шырылымен оянып, сауыншы анасымен бірге сауынға барды. Тәулігіне үш мезгіл сауылатын колхоз сиырының соңына ерген бұзау-торпақтың бағымы Қазкен сынды қараборбайлардың мойнында еді.
Мектеп бітірген жылы да ел қатарлы оқуға баратын мүмкіндігі де, қабілет-қарымы да бола тұра, ауылда қалып, еңбекке араласты. Егделік еңкейте бастаған ата-анасын жалғыз тастап кеткісі келмеді. Аудан орталығындағы арнайы курсты бітіріп, жүргізушілік куәлік алды. Екі жыл туған ауылында жарымжан «ГАЗ» жүк көлігінің тізгінін ұстап, алтын бесігін гүлдендіруге үлес қосты. Арманы – оқу. Оны ойласа, тұнжырап сала береді. Өйткені, уақыт өтіп барады. Жалғыз ұлдың тұңғиық ой жетегінде беймаза күй кешіп жүрген әуелі әкесі аңғарды. Ақылға шақырып, ой бөлісті. Баласының талабына қуанған әке:
– Соңғы көйлегімді сатсам да, сені оқытамын. Біз ел ішіндеміз ғой. Оның үстіне, көштен қалып отырғанымыз жоқ. Талабыңа нұр жаусын! – деп батасын берді.
Осылайша, арман жетегінде Алматыға келген Қазкеңнің омырауында «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалі жарқырайды. Құжатында екі жылдық еңбек өтілі бар. Оқуға конкурссыз қабылданып, ҚазМУ-дің заң факультетінің студенті атанды.
Университетті 1962 жылы бітіріп, Жаңаарқа аудандық прокуратурасына тергеуші болып келді. Жолдамамен, әрине. Бұл қызметті алты жыл мінсіз атқарып, 1968 жылы аудан прокуроры болып тағайындалды. Қызметтегі ұстазы, аудан прокуроры Жұматай Ерімбетов жас тергеушінің қырағылығы мен қызметтегі жинақылығын бірден аңғарған. Өзі басқа қызметке ауысып кетіп бара жатып, орнына Мүсілім¬овтің кандидатурасын ұсынды. Облыстық прокуратура құп көрді.
Тау тұлғалы Кәмали ағамен таныстығы осы жылдары басталған. Ол кісі бұл кезде Жаңаарқа аудандық атқару комитетінің төрағасы болатын.
Бірер жыл партия қызметінде де болып, Жезқазған обкомында бөлім басқарды. Алайда, өз кәсібін жан-тәнімен сүйетін Қазкен Мүсілімұлы партия жүйесінде көп жүрмей, қайтадан прокуратура саласына сұранды. Ақадыр ауданының, Қаражал қаласының прокуроры, Жезқазған облыстық прокуратураның тергеу басқармасының бастығы лауазымдарында болды. Кейіннен Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шықты. «ҚР Прокуратура саласының Құрметті қызметкері» атанды. Қазірдің өзінде облыстық прокуратура ардагерлері кеңесінің тізгінін ұстап отыр. Асыл жары Ләйла Шәймерденқызы екеуі ұлағатты әулеттің алтын діңгегіне айналған. Бес перзент тәрбиелеп, олардан өрбіген немерелердің қызығына кенеліп отырған жайы бар.

♦ ♦ ♦

Прокуратура жүйесінде, оның ішінде тергеу саласында 40 жыл қызмет атқару осынша мерзімнің түндері – ұйқысыз, күндері – күлкісіз өткенін аңғартады. Оған жүрек пен жүйкеге түсіп жатқан салмақты қосыңыз. Қазкен аға осының барлығын көтерді. Мойыған жоқ.
Қазкен Мүсілімов өзінің қызмет жолында Қаражал қаласының прокуроры болған жылдары ең бір күрделі сәттерге толы болғанын айтады. Шағын қала болғанымен, қылмыстық ахуал ушығып тұр. Себебі, кен орындарына, қала құрылысына Одақтың түпкір-түпкірінен келген алуан ұлттың өкілі қауымдасқан жерде алуан түрлі психология, алуан түрлі менталитет жүреді. Оның үстіне, қалаға қоныс аударушылар арасында сотталғандардың көптігі әлеуметтік ортаға кері ықпалын тигізбей қоя ма?! Күн сайын қылмыстың неше атасы тіркеледі. Қалалық прокуратураның шағын ғана ұжымында дамыл жоқ. Тікелей Қазкен ағаның қырағылығымен ашылған жүздеген қылмыстың әрқайсысы бір-бір детективтік шығармаға жүк боларлық. Әттең, ашылып әңгіме айтып беретін аға болса…
Бірде Қаражал қаласында 13 жасар қыз баланың із-түссіз жоғалғаны туралы дабыл қағылды. Қаланың милициясы да, прокуратурасы да – ат үстінде. Облыстан да қосымша мамандар тартылды. Секем алар сезікті із жоқ. Жедел топты қала прокуроры Қазкен Мүсілімов басқарады. Бейкүнә баланың тірі емес екендігін сезіп отыр прокурор. Соны ойласа, жүрегі шымырлап, беймәлім қылмыскерге зығырданы қайнайды. Сан ойланып, мың толғанды. Әріптестерінің әртүрлі болжамы шындыққа жанасатын емес. Қыз бала үйінен шыққанда қайда бармақ болып шыққан? Қазкен аға із кесуді осыдан бастады. Бала әлдебір сауда нүктесінде сатушы болып істейтін анасына барған. Содан шыққаннан ізім-ғайым жоғалған. Дүкен төңірегін мұқият зерттеген прокурордың назары жақын маңайдағы қазандыққа ауды. Ондағы от жағушы кім? Сотталған, жалғыз басты еркек. Күдікті ретінде кочегар жауапқа тартылды. Талай іс көргендігі білініп тұр. Жауабы нақты. Тайсалып отырған жоқ. Яғни, оңай шағылатын жаңғақ емес. Прокурор Мүсілімов сонда да тұқыртуды тоқтатар емес. Ақыры қазандықтың демалыс бөлмесінен қан жұққан шүберек табылды. Қыз көйлегінің қалдығы болуы мүмкін. Айтқандай-ақ, осы матаға ұқсас мата жоғалған қыздың үйінен табылды. Яғни, тура осы матадан анасы көйлек тігіп бергені белгілі болды. Қазкен Мүсілімұлының шешімімен қан дағы жұққан мата мен қазандықтан соңғы бірер күнде шығарылған күл сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысы күл арасынан адам сүйегінің қалдықтары шыққандығын нақтылап, матадағы қан дағы жоғалған қыздың қаны екендігін анықтады. Осылайша, қылмыскерге бұлтартпас айғақтар арқылы айып тағылып, ол 13 жасар қыз баланы әуелі зорлап, өлтіріп, денесін бөлшектеп, қазандыққа жағып жібергенін мойындады. Қазандықтағы қанды оқиғаның ашылуында асқан қырағылық танытқан қала прокуроры Қазкен Мүсілімов осы істен кейін Алматыға, Маңғыстауға лауазымды қызметтерге шақырылды. Адалдығымен бірге алтын қазығынан айнығысы келмеген Қазкен аға барлығынан бас тартып, өзі сүйетін Қарағандысында қалды.

♦ ♦ ♦

…Бір кездері Ақселеу ағам келеді Қарағандыға. Достарымен табысады. Достары – Ғабдолла Құлқыбаев, Темірғали Көкетай, Қазкен Мүсілімов. Төртеуі қосылып көшеге шығады. Қаздай тізіліп, төртеуі қатар келе жатқанда көз алдымызға имандылық нұры ұялаған мешіттің төрт мұнарасы елестейтін. Қазір екеуі қалды. Ақселеу, Ғабдолла ағаларым келместің кемесіне мініп, мәңгілікке сапарлап кеткен… Темкең мен Қазкен аға жолыға қалса, сол Ғабекең мен Ақаңды әңгіме қылады. Қамығады. Бірін-бірі жұбатады.
Төртеуінің арман-мұраты, мақсат-мүддесі бір болатын. Ұлт руханиятының кем-кетігін толтырсақ деген асыл мұрат еді. Енді, қазір Қарағанды көшесіне Ғабекең мен Ақаңның аманатын арқалаған қос қария шығып жүр. Екеуі де биыл сексенге келді. Жүзге жетпесе де, мақсаттарына жетіп, арманда кеткен достарының аманатын орындаса екен!
Иә, Қарағандыда заңгер көп. Заңғар – жалқы. Ол – менің Қазкен ағам!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button