«Болам деген баланың бетінен қақпа, белін бу» деген сөз бекер қалмаған. Бүгінгі күні шағын ауылдарда шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтар жетерлік. Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Ғазиз САДУЕВ – солардың бірі. Бұл тұрғыда мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі де зор. Кәсіпкер жігіт 2019 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» бағдарламасы арқылы оқып, өз ісін бастауға 500 000 теңгелік грант ұтып алған.
Ғазиз – өзгелерге ұқсамайтын ерекше бала. Қарағандыдағы есту қабілеті төмен балаларға арналған мектепті тәмамдаған. Баланың бағына орай, өзі мектеп оқыған қаласында ол мектеп бітірген жылы өзі оқыған қалада техника және құрылыс колледжі ашылған екен. Біздің кейіпкеріміз аталмыш колледждің қолөнер факультетін ойдағыдай аяқтаған.
Анасы Орынбасар тәтеміздің айтуынша, Ғазиз тәжірибе алмасу үшін Алматы қаласына барған. Ғазиздың бойындағы талантын байқаған ұстазы оны үш ай бойы жанына алып қап, өз білгенін тегін үйреткен.
– Ғазиз қазіргі таңда туған ауылында, өз бөлмесінде зергерлік бұйымдар жасаумен айналысады. «Баланың талабы зор. Өзіне осындай кәсіп тауып, соған жан-тәнімен кіріскеніне қуанамыз. Тек, шеберханасы үй ішінде. Күмісті еріткенде, тағы басқа да жұмыстарды істеген кезде түрлі иістер шығады. Балаға жеке шеберхана ашып берсек, бұл ыңғайсыздықтан құтылар едік. Әзірге қол қысқа», – дейді зергердің әкесі Төлеухан ағамыз.
Жас зергер өзін дамытуын еш тоқтатар емес. Ісін енді бастаған кезінде коронавирусқа қарсы карантинге түсіп қалғанына еш налымапты. Себебі, түрлі бұйымдарды жасауға алдыратын күмістерін Алматы жақтан алдырады екен. Интернеттен түрлі бұйымдардың қалай жасалатынын қарап, көзін қанықтырып, өзі де сондай бұйымдарды жасауға талпынып отыр.
«Мынадай карантинге түсіп қалатынымызды білмедік. Тәжірибесіз жас бала болған соң, әрі ісін енді бастағанына қарап, күмісті азырақ алған болатынбыз. Онымыз шамалы уақытта таусылып қалды. Аяқ алысымыз жаман емес. 2-3 сақина, 1-2 сырғамызды алған адамдар бар. Енді, шолпы, білезік жасауды да қолға алмақ», – дейді анасы Орынбасар.
Жалпы, бұл отбасы өнерлі жандардан құралған. Біздің бала кезімізде Орынбасар тәтеміз Мәдениет үйінде өтетін Наурыз мейрамына байланысты іс-шаралардың бел ортасында жүретін. Төлеухан ағамыз тракторды түсте шашып тастап, кешке жинап алатын біртоға жан. Балалары шетінен өнерпаз. Мақсат есімді ұлдары Жаңаарқа аудандық мәдениет үйінде суретші, Аманкелді есімді ұлдары биыл астанамыздағы «Шабыт» университетіне түсті.
Мінекей, тағдырдың сынағына мойымай, нар көтере алмас жүкті көтеріп жүрген, қатарластарынан қалмай, өз ісін ашып жатқан Ғазиз секілді бауырларымызды барынша насихаттап, оған қоғамның қолдауын сездіруіміз керек. Сонда ғана біз расымен де рухани жаңғырған ел болмақпыз.
Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.