Басты тақырып

Өз жерімізде өгейдің күйін неге кешеміз?

      Екі тізгін, бір шылбыр – өзі­мізде. Бөркімізді аспанға атып келеміз ширек ғасыр. Сөйте тұра, кейінгі кезде көптің, көп ішін­дегі біздің көкейімізді тескен бір жайт бар. Ол – Қарағанды қаласындағы мектептерде ана тілімізде білім алу ахуалы. Рас, бір кездері сеңдері сірескен орыс тілді мектептер ырымын жасап, бастауышқа қазақ тілді сыныптар қабылдап келеді. Мұны жоққа шығармаймыз. Бірақ, ол ырымнан әрі аспай қалды. Қарнымызды аштырып, жа­нымызға бататыны – сол. Өйткені, ол мектептердің басым көпшілігі тек бастауышпен ғана шектеліп қалуда. Одан әрі қазақ тілді сыныптарды оқытуға ықылассыз. Себеп… себеп – сынып толық болмаған соң, сағат та аз. Ал, аз сағатқа бірде-бір мұғалім келмейді. Мектептегі мұғалімдердің айтар уәжі – бұл. Сыныққа сылтау іздей ме, әлде құрыққа сырық жалғай ма, бізге ол жағы – беймәлім. Бір білеріміз – ата-ана үйінің іргесінде тұрған мектебінен баласын қазақ тілінде бастауыш 4 сыныпты оқытып, одан әрі табаны тозып, қазақша мектеп іздейтіндігі. Тәуелсіздік туы желбіреген 25 жылда бұл қаншалықты Қарағандыға жарасымды? Өз жерімізде отырып, өгейдің күйін кешкен кептен құтылатын күн қайда?

Егемен ел болған ширек ғасырдан бері Қарағанды қаласында қазақтың үлес салмағы да артқаны құпия емес. Бауыр еті баласына жібі түзу білім беру үшін бала-шағасын сүйретіп ауылдан ағылған ағайын да кем емес. Қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі жағдай қаланың ортасындағыдан әлдеқайда жақсырақ. Майқұдықта да де беталыс – түзу. Қазақтар көп қоныстанғаннан соң шығар. Ал, қаланың қақ төріндегі орыс тілді мектептер қазақ тілінде оқушыларды бастауышпен ғана қамтиды. Одан әрі жоқ. Неге? Сол бастауыштың балаларын одан әрі қазақша оқытуға кім тыйым салады? Болашақты мұғалімге бөлінер сағат пен оған берілетін жалақымен өлшеу ұлтқа опа бере ме? Онсыз да қазақшаға келгенде, кежегесі кері тартқан Қарағанды сонда қашан қазақыланбақ? Басшысынан бастап, бесіктегі баласына дейін ресми тілде шүлдірлейтін шаһардың босағасынан сығалаған ана тілімізге төр сонда қашан бұйырмақ?

«Бір қайғыны қозғасаң, жүз қайғыны қозғайтыны» (Абай) – осы. Қолда бар ресми мәліметтерге сүйенсек, Қарағандының өз басында 79 мектеп бар екен. Оның 10-ы таза қазақша, 59-ы аралас екен. Орыс тілде сабақ беретіндердің саны – 10 шамасында. Былай қарасаңыз, көрсеткіш – тәуір. Аралас-құралас болса да, әйтеуір, қазақ тілінде сабақ берілетіндігін дәтке қуат етесіз. Брақ, осының арасында қаншасы бастауышпен шектеліп отыр? Мәселе – сонда. Егер осы тұрғыда үлесті салмақтайтын болсақ, аралас мектептердің бірталайы өзін де, өзгені де алдағандай шыға келеді.

Мәселен, бала біріншіге барар кезде бірқатар мектептерді шарладық. Үй-жайыңызға жақын мектептер бастауыш қана деп, аузын қу шөппен сүртіп отыр. Содан, қойшы, «Үмітсіз – шайтан» деп сондай мектептің біріне бердік баланы. Бала 4 жылда бастауышты тәмамдағанша бір жөні болар деп. «Қазақша жалғасар» деп. Әйткенмен, сол «жөні» болатын түрі жоқ. Бастауыш мектепті тәмамдайтын алғашқы қазақ тілді бастауыш сынып, биыл ұшып шықты. Содан соң басқа мектептерге тарыдай тарап кетті. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» бірер жылдан соң бұл кепті біздің балалар да киеді. Сонда бұл қаншалықты заңды? Заңсыз? Неге одан әрі қазақ сыныптары негізгі білім бойынша жалғаспайды? Ата-ананың барлығы бірдей балаларын «Мұрагер», «Дарынға», өзге де арнайы мектептерге апаруға міндетті емес. Мұны тарқатып айтар болсақ, оның астарында әлеуметтік мәселелер батпандай.

Бірінші. Ана тіліміздің орта білім беретін кей мектептерде өріс жаймауы. Қалыс қалуы.

Екінші. Баланың психологиялық­әлеуметтік жағдайы. Жылы орнынан жұлқи тартып, басқа мектепке, бөтен сыныпқа тыққан баланың басынан өткерер бейімделу кезеңі.

Үшінші. Ата-анаға әсері. Үйінің дәл түбінде мектеп бола тұра, қоғам­дағы ала-құлалықтың салдарынан шал­ғайдағы мектепке бала тасуға мәжбүрлігі. Төртінші. Бала мен ата-анаға тигі­зетін материалдық-моральдық шы­­ғын.

Тізімдей берсек, әлеуметтік салдар мұнымен шектелмейді. Біз қадау-қадауларын ғана айтып отырмыз. Жалпы, бұл үрдіс қашанға дейін жалғаспақ? Бір бала емес, екі бала емес, бүтін бір сыныпты басқа мектептерге бастауыштан соң таратып жіберу туралы заң қайда жазылған?

Тіпті, бір ауданның (атын атап, түсін түстмей-ақ қояйық) шалғай ауылында бір орыс тілді бала үшін арнайы бірінші сынып ашқанын да білеміз аудандық білім бөлімінің. Сыныпта бір ғана бала. Болды. Ата-анасы талап етті. Білім бөлімі ашуға мәжбүр. Ал, мұнда бір оқушы емес. Толық сыныптарды бастауыштан соң шашып-төгіп қоя береді. Ата-аналар сол мектепте баласын әрі қарай оқытқысы келсе де, оларға ондай мүмкіндік берілмейді. Мүмкіндік жасалып, содан соң ата-ана бас тартса, онда өз обалы өзіне. Онда өкпе де, реніш те жоқ. Алайда, олай емес. Сондықтан, білім басқармасы бұл істе бейтараптық танытпауы тиіс. Мұны зерттеп, зерделеп бастауышпен ғана қазақ тілді сыныптар шығарумен шектелетін мектептерде ана тіліміздегі сыныптардың жалғасуына қандай да бір қарекет жасауы қажет. Көптің көкейіндегі сөз – осы.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Сурет ғаламтордан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button