Тұлға

Зәулім өскен алып шынар құлады

“…Вас передашь одной Ломаной, четкой линией.” М.Цветаева.

Бұл фәни жалғаннан ұстаздардың ұстазы Ләззат Бәйішқызы да кетті. Мен Нығмет Нұрмақов мектебіне сонау 2004 жылы келгеннен бастап осы ұлы ұстазбен дос болып кеттім. Арамыздағы жас ерекшелік осы адаммен мардымды сұхбаттар құруға еш бөгет болған емес. Әр дәуірдің адамдары арасында оларды біріктіретін не болуы мүмкін? Мен болмысымнан өзімнен жасы үлкен адамдармен қатты бір араласып, сыр шертісіп көрген емеспін.

Жас маман болып сонау Кеңес дәуірінде орыс тілді мектепте жұмыс істеп жүргенде осы адамның дүркіреген есімін естіп қалып жүретінбіз. Ол кездерде конференциялар мен семинарлар, педагогикалық оқулар мұғалімнің дауысы естілетін алаң болушы еді. Кейін апайымыздың архивтерімен таныса келе, оның сол іс-шаралардың ұйытқысы болып жүргенін байқадым.

Ұлы ұстазбен кездесу сәтім оның табандай 50 жыл қызмет еткен Нығмет Нұрмақов мектебіне менің директор болып тағайындалуыммен сәйкес келді. Жаңа жұмыс орныма жайғасып, істің барысымен танысып жатқан кезім болатын. Арада апта өтпей кабинетімнің алдынан егде жастағы адамды көріп қалып, ішке кіруін сұрадым. Бойы тіптік, жасына қарамастан көз жанары сөнбеген дала аристократиясының әдемі бір өкілі менің кабинетіме кірді. Апай бірден өзін таныстырды да: «Балам дейін, менің балала- рым шамалас шығарсың. Мына қазақ үшін қасиетті шаңыраққа жаңа басшы келіпті деген соң батамды берейін деп келдім. Осындай кәрі мұғалімің де бар мен сияқты. Керек емессіз, кете беріңіз десең қазір кетейін» – деп бірден әңгімені доғарды да, мектептің болашағы үшін алаңдайтынын білдіріп, бейне бір ішінен шыққан баласын тапсырғандай маған осы мектепті биіктен көрсетерсің деп міндет артты да, шығып кете барды. Шығарып салып бара жатып, апайдың еш бөгеті жоқ екенін және қызметін атқара беруін өтініп, риясыз көңілімді білдіріп қалдым. Содан апай әр бейсенбі сайын мектепке келіп, жоғары сынып оқушылары үшін Абайтану курсын оқып жүрді. Сол бейсенбілердің бірінде сұхбаттасып отырғанымызда Ләззат апай маған: «Сен басшылық қызметте жүргендіктен аңдушың да көп болады. Менің саған қырсығым тимесін, мені шығарып таста жұмыстан» – дей келе, «Абай мен Мұхтарсыз мен тағы отыра алмаймын. Тегін жұмыс істей берейін. Маған сондай мүмкіншілік туғызып бер,» – деп өтінді. Апайға Абайы мен Мұхтарымен аптасына бір қауышып, балаларды сол кәусардан сусындатуға мүмкіндік бергенім стратегиялық дұрыс қадам болды. Келесі жылында Қарттар күні мерекесіне орай, барлық ардагерлеріміз сабақ беруді сағынған шығар деп, әрқайсысына өз пәні бойынша сол күнгі тақырыпқа дайындалып келіп, сабақты толық өткізсін деп тапсырма бердік. Теледидардан түсірілім ұйымдастырдық. Ләззат апай 8- сыныптарда «Құлагер поэмасы» тақырыбын оқытуды таңдап алды. Барлық іс – шараны шолып өтіп түсіруі керек болған тележурналисіміз Ләззат апай сабақ беріп жатқан аудиториядан шыға алмай қалып, сабақ соңына дейін 8 -сыныппен бірге болып таңырқап шықты. Жас ұрпаққа әлі де болса берері мол ұстаздың біздің арамызда жүргені ұжым үшін де биік абырой, зор мәртебе болғаны айдан айқын еді.

Арада тағы жыл өтіп, апайымыздың 80 жылдық мерейтойын атап өтетін болдық. Бұл тойдың қалыптасқан формасын өзгертейік деп, іс-шараны ұстаз бенефисі түрінде ұйымдастырдық. Басында апайымыз бұл форматты түсінбей қалады ма деген қауіптің болғаны да рас. Осы іс –шараны дайындау барысында апай- ға түсіндіру үшін көп сөз бен уақыттың керегі болмай қалды. Форматтың ерек- шелігі туралы бір сұрақ қана қойды. Оған жауап ретінде төпелетейін деп тұрған менің сөздерімнің біріншісін естіген соң – ақ «Болды, аузыма сөз салма, түсіндім,» – деп бірден кесіп салды да, әдемі көз- дерімен маған жалт қарады. Мысы ауырлау адамның адуынын сезінген мен де кілт тоқтай қалдым. Бірақ, мына кісі қалай өзін көрсетеді екен деген алаң- даушылық туды менде. Алаңдаушылық сезім бенефистің бірінші минуттарынан- ақ сейілді. Абайдың, Шәкәрімнің поэзиясын да, Мұхтардың прозасын да жатқа оқыған ұстазға зал бірнеше рет ду қол соғып, соңында тік тұрып құрмет көрсет- кенде сол бір жанның жаратылысы бөлек, сүйегі асыл екен деп ойладым.

Ұстаздық жолмен қатар азаматтық жолды қатар ұстанған Ләззат апамыздың жолы кейінгі ұрпаққа өнеге болуы үшін мектепте оның атаулы кабинетін аштық. Ол кабинет біртіндеп ұлағатты ұстаз мұражайына айналуы тиіс. Бұл кісінің бойында табылған мемлекеттік тілге деген сенім мен оның мерейі үшін жанкештілік қасиеттері – қазақ тілі мұғалімдерінің кейінгі буыны үшін бірінші кезекте тұратын міндет. Ал қызыл империяның қылышынан қаны тамып тұрған кездерде атын атаудың өзі қауіпті болатын Алаш арыстарының еңбектерін балаларға астыртын танытып жүрген Ләззат апайдың істерін Ұстаз ерлігі деп білемін.

Ұстаздық ғұмыры сызған хаттай болып түсіп әдемі өрнекке айналған менің жадымда қалған образ кейінгілерге шынайы жетуі тиіс деп білемін. Сол үшін де оның немересі ұлы әжесінің атында қор ашып, мектеп болса облыстық білім беру басқармасының басшылығының ұйымдастыруымен, «Ләззат Бәйішқызы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері үшін педагогикалық оқуларды» жыл сайын дәстүрлі өткізуді жоспарлап отыр.

Есентай Әшім,

 Теміртау қалалық білім бөлімінің басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button