АймақШет

Қызылтаудағы думан

Осыдан 70 жыл бұрын Шет ауданына қарасты Қызылтау ауылының іргетасы қаланған болатын. Бұл құтты мекен іргелі шаруашылықтарының бірі Қызылтау кеңшары ретінде 1953 жылы құрылған. Шаруашылық негізінен асыл тұқымды жылқы, қой өсірумен айналысты. 1964 жылы Бетпақдала мал шаруашылығы тәжірибе станциясы да осы Қызылтау жеріне орналасты. Ынтымағы жарасқан өлкеде бүгінгі күнде нағыз еңбекқор жандар тұрады. Ауыл адамдары әр жыл сайын кіндік қаны тамған қасиетті мекеннің көркеюіне атсалысып, түрлі игі істер атқаруда. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып, ауыл азаматтары Қызылтаудың жетпіс жылдығына арналған ұлан-асыр той жасады.

Қызылтау

Дүбірлеген ұлы той ауылдың іргетасын қалаған жандардың рухына Құран бағыштаумен басталды. Шараның салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Орал Стыбаев, осы ауылды ұзақ жылдар басқарған Мағауия Медетбекұлы, жазушы Өмір Кәріп, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Берік Ахметов, ауылдық округтің әкімі Сержан Шайхыұлы құттықтау сөз сөйлеп, барша жиналғандарға ақжарма тілегін арнады. Сонымен қатар, белгілі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай лебізін білдіріп, әннен шашу шашты.

Осы мерейтойды өткізуге атсалысқан бір топ азаматтар аудан әкімінің және ауыл әкімінің Алғыс хатымен, сондай-ақ, облыс әкімінің Алғыс хатымен Мұрат Хасенұлы және Мағауия Медетбекұлы марапатталды.

Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, осы мерейтойға арнайы шақырылған елімізге танымал әнші Болат Құсайынов, дәстүрлі әнші Дінислам Жайлаубай және Қарағанды қаласынан келген әншілер мен жергілікті өнерпаздардың әуелете шырқаған әндері мереке шырайын аша түсті. Аталған мерейтойға арналып ақ шаңқан киіз үй тігіліп, той тамашалауға келген қонақтар мен жұртшылыққа қазан көтеріліп, ас берілді. Той барысында ұлттық ойындар (қазақша күрес, арқан тартыс, көкпар, аламан бəйге) ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталып, бағалы сыйлықтар өз иелерін тапты.

Белдескеннің жауырынын жер иіскеткен ақшағылдық Ақжігіт Оралов «Түйе палуан» атанып, ұйымдастырушылар тағайындаған тай мен 200 мың теңгеге ие болды. 74 келі салмақта бас жүлдеге тігілген тайды Қаражал қаласының палуаны Қылыш Еренғарипов қанжығалады. Сондай-ақ, арқан тартуда бас жүлдеге 100 мың теңге және қол күресінен бас жүлдеге 70 мың теңге, көкпарға жүлде қоры 1 миллион теңге және екі тай, бір өгіз тігілді.

Қызылтау

Дүбірлі тойдың қызар шағын күткен ауыл тұрғындары әлдеқашан елді мекен жанындағы бәйге алаңына жиналып алған. Ауыздықпен алысқан арғымақтарын алып, «мен» деген атбегілер де сол маңнан табылды. Тұқымы бөлек, тұрқы басқа тұлпарлардың 40 шақырымдық аламан бәйгесінде Қордайдан келген «Ханторы» аталған жүйрік бірінші келіп, бас жүлде автокөлікті еншіледі. Аламан бәйгенің демеушісі, белгілі кәсіпкер Мұрат Қожамбердин автокөлік табыстады. Сондай-ақ, 1 миллион теңге демеушілік жасаған Ержан Абылаев сынды азаматтар жеңімпаздарға жүлде тапсырып, ел мерейін үстем етті. Той қызығы осылай үдей түсті. Кешкілік мерейтой эстрада жұлдыздарының гала-концертіне ұласты.

Ауылдың атқамінер азаматтары жарыстың қаржы қоржынын толтыруға әрқайсысы өзінше үлес қосыпты. Бірі – ұйымдастырушылар қолына жетелеп биесін не тайын әкеп берсе, бірі – қаржылай жүлдесін тағайындады. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген рас.

Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button