Қызылша белгісі – бөртпе
Қызылша – вирустық инфекция. Оны денеге шыққан бөртпе арқылы білуге болады. Бұл ауру – өте жұқпалы. Ауа арқылы таралады және бірнеше аптаға созылады. Елде қазылшаға байланысты қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға қатысты мамандар ауру белгілері байқалса, дәрігерге жүгінуе және қарсы көрсетілімдері болмаса, екпе алуға кеңес береді.
– Қызылша жұқтырған бала инкубациялық кезеңнің соңғы екі күнінде, катаральды кезеңде (3-4 күн) және бөртпелердің төртінші күніне дейін, яғни, 9 күн ішінде басқаларға жұқтырады. Алғашқы үш күнде қызылша респираторлық инфекция түрінде көрінеді. Дене қалтырап, басы ауырады. Жөтел пайда болады, мұрыннан су ағып, тамағы ауырады. – Бұл кезде суық тию белгілеріне ұқсас, – дейді Қарағанды қаласының №5 емханасының дәрігері Жұпар Құлболатова. – Алғашқы 3-5 күнде қызылшаның белгілері көрінеді. Бала тез шаршайды және дене температурасы аздап көтерілуі мүмкін. Бұл кезеңде қызылшаның негізгі симптомы – науқастың аузында тістердің түбінде ерекше бөртпе пайда болады. Ол ертерек диагноз қойып, ертерек оқшаулауға мүмкіндік береді. Қызылша жұқтырған балаларда жөтел жиілеп, дене қызуы біртіндеп 40 градусқа жетуі мүмкін.
Оның айтуынша, қызылшамен сырқаттанған 1 жастағы балаларда қызылша бірден байқалмайды. Бірақ баланың іші өтіп, құса бастайды. Аурудың асқынуы ауыр салдарға алып келуі мүмкін.
– Қызылша бөртпесі бастапқыда құлақтың артында және шаштың өсу аймағында бас терісінде пайда болады, кейін бетке, мойын аймағына және кеудеге таралады. Науқастың саусақтары, аяғының төменгі бөлігіне шығады. Өңі бозарады. Денедегі бөртпелер балаларға қарағанда ересектерде анық білінеді. Аурудың шарықтау кезі – осы бөртпелердің пайда болған кезі. Вирустың ең ауыр кезеңі де осы сәтте жүреді. Науқасты тексеру кезінде артериялық гипотензия, тахикардия, бронхит немесе трахеобронхит белгілері анықталуы мүмкін. Сол себепті науқастың жағдайын асқындырмай, дер кезінде дәрігер көмегіне жүгіну керек, – дейді Жұпар Сабырқызы.
Жалпы, ауруды анықтау үшін дәрігер науқасқа сараптама жасатады. Баланың қан сарысуындағы қызылша вирусына антиденелерді анықтау қажет. Дәрігердің айтуынша, қызылшамен ауырған балалар көбінесе үйде емделеді. Егер науқастың жағдайы ауырласа ғана ауруханаға жатқызылады.
– Бір жасқа дейінгі балалар міндетті түрде ауруханада ем алады. Жалпы ауырған баланың гигиена сақтауын қадағалап, дәрумендерге бай сұйықтықты жиі ішкізу қажет. Денедегі бөртпелерге ештеңе жақпау керек. Бөлме температурасында баланы сумен жуындыру жеткілікті. Онда да қызуы басылғаннан кейін ғана, – дейді дәрігер.
Аймақта қызылшамен ауырғандар әлі де тіркелуде. Былтырдан кешегі күнге дейін қызылшаға күдікпен 1504 жағдай тіркелді, оның 1012 жағдайында ауру расталды (67%). Қызылшамен сырқаттанушылықтың тіркелуі вакцинацияланбаған адамдар арасында жалғасуда. Мамандардың айтуынша, ауырғандардың 87%-ы екпе алмаған.
– Жас құрылымында 14 жасқа дейінгі балалар басым. Олардың үлесі – 66%. Олардың жартысынан көбі – 5 жасқа дейінгі балалар. Жыл басынан бері 408 жағдай тіркелді, оның жартысы, яғни, 207-сі расталды. Қызылшаға қарсы жоспарлы вакцинациямен қамтудағы олқылықтарға байланысты сырқаттанушылықты тіркеу облыстың барлық аумағында байқалады. Екпе алмағандар салдарынан тұрғындар арасында инфекцияның тез таралуына ықпал етеді. Қызылша өте жұқпалы болғандықтан, қызылшамен ауырған науқастармен байланыстағы екпе алмаған және бұрын ауырмаған адамдардың барлығы дерлік ауруға шалдығады, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова.
Гүлжан Жақтайқызы аурудан қорғаудың жалғыз жолы вакцинация екенін айтады. Аймақта қызылшаға қарсы қосымша иммундау әлі де жүргізілуде.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz