Медицина

Қызылша қаупі əлі сақталады

Жыл басынан бері облыста 14 жасқа дейінгі балалар арасында қызылшаның 9 жағдайы тіркелді. Оның 88,8%-ы зертханалық расталса, қалғаны əлі зерттелуде. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Юрий Залыгиннің айтуынша, анықталған жағдайлардың 78%-ы сырттан əкелінген. Қалған 22%-ы байланыс арқылы жұққан.

 

– Қызылша – бұл аса жұқпалы, қауіпті ауру. Ол ауа тамшылары арқылы беріледі. Мəселен, тұмаумен ауырған науқас 10 адамның екеуіне жұқтырса, қызылшамен ауырған адам екпе алмаған он адамға жұқтырады. Яғни, екпе алмағандарға 100% қауіп төндіреді. Сонымен қатар, вирус ауада тез таралады, құбырлар, лифт шахталары жəне басқа да коммуникациялық құрылғылар арқылы жоғары көтеріледі. Мəселен, көпқабатты үйдің ауа құбырына түскен қызылша вирусы подъездегі барлық адамға жұғуы мүмкін, – дейді тікелей эфир барысында Ю.Залыгин.

Аурудың белгілері оны жұқтырғаннан кейін 9-11 күнде білінеді. Дене қызуының көтерілуі, əлсіздік, жөтел, тыныс алу жолдары, шырышты қабаттар, ауыз қуысы жəне көздің қабынуымен сипатталады. 13-14-ші күні құлақ артында, бетте бөртпе пайда болады. Бір тəулік ішінде бөртпе бет пен мойынға, екінші күні – кеуде мен қолға, одан кейін барлық денеге таралады.

Басқарма басшысының айтуынша, қызылша вакцинаға көнетін инфекция. Сондықтан, ол вакцинация жасатуға кеңес береді.

– Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинация екі рет жүргізіледі. Біріншісі баланың 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста. Қызылшаға қарсы вакцинада қызамық пен паротитке қарсы компоненттер біріктірілген, – деді Юрий Залыгин.

Былтыр əлемде қызылшаның 155 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Дерттің белең алуы коронавирус пандемиясы кезінде тиісті екпенің жасалмауынан дейді мамандар. Сонымен қатар, вакцинацияға қарсы адамдардың көбеюі де екпе алмағандар қатарын арттыруда.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button