Медицина

Қызылшаға қарсы екпе басталды

Облыста балалар арасында қызылшаны жұқтыру қаупі өршіп тұр. Аймақтың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша вакцинаны балалар, екпе алмаған ересектер тіркелген жеріндегі емханадан тегін алуына болады.

Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұқпалы және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Жақия Жәшібекованың айтуынша, аурудың асқынуына байланысты балалардағы қызылша, қызамық және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізілуде. Осы орайда елімізде 1 қарашадан бастап қосымша иммундау жүргізу туралы қаулы қабылданды.

– Қазіргі таңда облыста қызылшамен ауырған 300-ден астам жағдай тіркелген. Оның 44 пайызы бір жастан төрт жасқа дейінгі балаларда кездесуде. Алты айдан он айға дейінгі балаларды қызылшаға қарсы қосымша егу 6 қарашада басталады. Егу эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін жалғасады. Әзірге нәрестелер вакцинацияның нөлдік дозасын алады. Кейін бір жасқа толғаннан кейін вакцинация күнтізбесіне сәйкес жоспарлы түрде егіледі. Қызылшаға қарсы келесі дозаны 6 жасында алу міндетті, – деді Жақия Жәшібекова.

Сондай-ақ, 5 желтоқсаннан бастап келер жылдың қаңтарына дейін екі жастан төрт жасқа дейінгі балаларды қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы жаппай иммундау жоспарлануда. Қызылшаға қарсы профилактикалық екпе алмаған медициналық қызметкерлерге де қызылшаға қарсы егілу статусына қарамастан қосымша жаппай иммундау жүргізілмек.

– Қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша егу кезінде қызылша, қызамық, паротитке қарсы құрама екпе қолданылады. Үндістанда өндірілгендіктен, Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы қолдануға ұсынып отыр. Елімізде бұл екпенің түрі 2003 жылдан бастап қолданылып келеді. Иммундаудан кейін асқыну жағдайлары тіркелген жоқ. Қосымша иммундау тегін түрде амбулаториялық емхана ұйымдарында жүргізілмек. Қосымша екпе науқанының негізгі мақсаты – қызылшаның одан әрі таралуының және одан пайда болатын асқынулардың алдын алу, – дейді Жақия Жәшібекова.

Эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарының айтуынша, әзірге вакцинадан кейінгі асқыну жағдайлары тіркелген жоқ. Қазіргі таңда қарағандылық кішкентай тұрғындар жергілікті емханаларға келіп, вакцина алуда. Солардың бірі – жеті айлық Артур Семенюк. Ол жақында қызылшаға қарсы нөлдік дозадағы вакцинаны алды.

– Артур болашақта ауырып қалмас үшін қызылшаға қарсы вакцина алдық. Қазіргі уақытта адамдар, әсіресе, балалар жиі ауырады. Сондықтан бізге екпе алуға кеңес берді. Бұл менің екінші балам, біріншісіне де барлық қажетті екпелерді алғанбыз. Әрине, екпеден үзілді-кесілді бас тартатындар бар. Бұл – олардың құқығы. Мен үшін вакцинация денені қорғау, денсаулықты сақтау үшін керек, – деді Артурдың анасы Татьяна Семенюк.

Айта кеткен жөн, екпе алу үшін алдымен нәрестенің анасы дәрігерлік кабинетте қажетті құжаттарды толтыруы тиіс. Содан кейін емдеу бөлмесіне барып, алдын ала медбике көрсеткен ампулаларды қарап, вакцина алуға нәрестені дайындайды. Препарат салынған бірнеше минуттан кейін нәресте жылауын қойып, өзін белсенді ұстайды.

Дәрігерлердің айтуынша, ересектер немесе жасөспірімдердің емханаға келіп, қызылшаға қарсы екпе алуына болады. Ал, қызылшамен ауырған, зертханалық расталған ауру белгісі барларға қызылшаға қарсы вакцина алуға тыйым салынады. Сондай-ақ, тұрақты медициналық жеңілдіктері бар және вакцинаға қарсы көрсетілімдері бар адамдар, сондай-ақ, 2019-2023 жылдары егілген медицина қызметкерлеріне екпе алмауға болады.

– Қосымша иммундаудың негізгі мақсаты – аурудың таралуы мен өршуінің алдын алу. Сондай-ақ, қызылша жайлаған ошақтарды жою. Науқас балалардың эпидемиологиялық жағдайын талдай отырып, бұрын аналарының өздері қызылшаға қарсы екпе алмағанын білдік. Сондықтан, көптеген сәбилерге антиденелер берілмеген. Қазіргі балалардың қызылшамен жаппай ауруының бір себебі сол болуы мүмкін, – дейді Жақия Жәшібекова.

Қазіргі таңда облыста ересектер арасында қызылшамен ауру белгілерінің байқалуы сирек кездеседі. Өйткені, қаланың ересек жастағы тұрғындары қызылшадан көбірек қорғалған. Жалпы облыста қосымша иммундау науқаны 2015 жылы – жасөспірімдер вакцинацияланғанда, сондай-ақ, 2019 жылы – 20-29 жас аралығындағы жастар вакцинацияланған кезде жүргізілген. Сондықтан, облыстың эпидемиологтары қызылшаның алдын- алуда екпе алмаған жағдайда, профилактикалық екпе алуды ұсынады. Сондай-ақ, әртүрлі себептермен қызылшаға қарсы егілмей қалған балалар мен ата-аналары мәдени-бұқаралық іс-шаралардан тыс қалып, ойын сауық орталықтарының ойын алаңдарына баруды шектегені жөн. Егер, алыс-жақын шетелдерге баруды жоспарласа, әлемдегі қолайсыз жағдайды ескере отырып, балалардың екпені уақытында алуына жағдай жасаған тиімдірек.

Айта кеткен жөн, аурудың алғашқы белгілері денені әлсіздік басып, қызу көтеріліп, бас ауруынан басталады. Егер денеде бөртпе байқалған болса, дәрігерге жүгіну – міндетті.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button