Ақтоғай

Қызыларай – құт орнаған бауырыңа

Арқаның кемел келбетін бейнелеген Қызыларайдың – текті жер екенін Әсет әуелетіп әнге қосқан. Әлихан дәріптеп өтті. Ақсұңқарұлы жырының әлқиссасын Қызыларайсыз бастамайды. Тау ұлдары тауға қарап өседі. Тәңірдің тартуы – осы. Тәубе!

Арқада тылсым табиғатымен көзіңізді тұсап тастайтын, жүрек елжіретер сұлу жер бар. Бұл жерді өзгемен салыстырмаймын. Жарнамаға да зәру емес. Қызыларайдың қолмен қойғандай әсем табиғаты өзіне еріксіз баурайтынын Арқа қазағы жақсы біледі. Арқаның биік шыңы – Ақсораң. Етегін қарағай көмкерген, орта тұсы аршамен қапталған, ұшар басы Пермь гранитінің күмбезіне айналған. Оңтүстік-батысқа қарсы беті құз-қия жақпар тасты, теріскей шығысқа қараған жағы жусан мен көде өскен шөптесінді, екі беті екі дүниедей бөлектеніп жаратылған сырлы да, сымбатты тау – бұл.

Шыңынан рауандап таң атады. Атқан таңның алтын сәулесі қызарған ырғайдың реңіне шағылысып, Ақжарықты қызыл арайға бөлейді. Тегіс ауыл алтын арайдың шапағына малынып, Табиғат-Анаға тәу етеді. Бұл уақытта Бөріктастың басынан күн шығады. Әулиеде – арқар жортып, Ақбұлақта – бұлбұл сайрайды. Ақбоз таңның шапағымен Біләл жырау таң намазын оқиды. Тәңірдің сүйгені – намаз болса, тартуы – Қызыларай!

Ал, сіз шапағы төгілген таңның атуын тамашалап көрдіңіз бе? Бұл – бір берекелі уақыт. Таң рауандап атқаннан бергі уақыттың үні Арқа даласын әнге бөлейді. Ол – аспанның аясында ән шалқытқан Әсеттің қоңыр үні. Бұл дала – қазіргі Қытай жазба әдебиетіне енген төрт қазақтың бірі – Әсеттің елі болса, ХХ ғасыр басындағы қазақтың реформатор-көсемі Әлихан Бөкейханұлының кіндік қаны тамған жер. Қазақ жерінің шекарасын бекітуде Ленинмен кездескен алғашқы қазақ Әлімхан Ермековтің атамекені. 1905 жылғы патша манифесінде Қарқаралы уезінің 42 қазағының атынан патшаға жеделхат жіберген, қазақтан шыққан тұңғыш заңгер Жақып Ақбаевтың туған жері. Ән мен жырды әуелеткен елдің даладай дархан көңілінен туған асыл мекен.

Сұрағанға алдымен, Қызыларай – әлемнің назарын Арқаға аударған қазақтың дегдар ғалымы, академик Әлкей Марғұланның отыз жылдық еңбегіне арқау болған өңір. Еуразиядағы қола дәуірінің соңғы жәдігері – «Бегазы-Дәндібай» орналасқан аймақ. Әлкей Марғұлан Манас Арқаға келгенде Бегазы тауының бөктерін жайлағанын жазады. Бегазы да жауға шапқан батыр қыз болған. Таудың аты соның ерлігінің құрметіне қойылған деген аңыз бар ел аузында. Әрі аңыз бойынша Бегазы тауының басында Манас батырдың Аққұла тұлпарының тас ақыры болған. Әлімхан Ермековтің қыл өтпес қимас досы Григорий Потанин мен Федор Усов ат басын бұрған өңір бүгінде – түркі мәдениетінен хабар беретін аспан астындағы алтын мұражай. Біздің бірінші ұлттық брендіміз – «Бегазы-Дәндібай» болса, екіншісі – Үш арыс.

1992 жылы Ақтоғай елі 60 жылдық мерейтойында «Үш арысқа» арнап ас берді. Сол жылы ауданға ат басын бұрған қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаев: «Әруақты сыйлаған құр қалмас. Ниет-тілектеріңіз қабыл болсын. Қиын-қыстау кезең демей, халықтың еңсесін көтеріп, арыстарыңның жұлдызын жағып, рухына тағзым еткен ұрпағы құр қалмас. Иншалла, абыройларың артар! Әлихан – халық болып ардақтауға лайық тұлға. Бұл – тарих таразысы берген баға. Сондай перзентті өмірге әкелген Ақтоғай топырағының киелі де қасиетті екенін исі қазақ мойындауы тиіс…» деген екен. Димекеңнің ізі қалған қастерлі топырақ талай тұлғаны Арқадан алып ұшып, Алатаудың баурайына жетеледі. Алашқа белгілі қызыларайлықтар кезінде Ақтоғайдың аудан болып қалуына бір кісідей атсалысты. Содан бері «Ақтоғай – Қызыларай» – егіз ұғым. Заманның шоқпары маңдайына тас болып тиіп, табанына өмірдің шеңгелі батса да Қызыларайдың 90 жылдық тарихын жасаған сол ағалардың еңбегі – өлшеусіз. Ендеше, жұлдызымызды жарық еткен аға ұрпаққа – мың алғыс.

Аға ұрпақ демекші, тарихшы Тұң­ғышбай аға Мұқановтың айтуынша, ке­­ңес­тік  дәуірде Ақтоғай ауданына рес­пуб­ликадан  келген ресми өкілдің барлығы Қызыларайдағы Ақсораңға, оның сілеміндегі Әулиетауға келіп тыныстамай кетпейді екен. Қонақ күтуден әбден қажыған бір партком «осы екі таудың көркінен-ақ көрдік қой көресіні» деп қабақ шытқан көрінеді. Кейіннен Қызыларай совхозында директор болып қызмет атқарып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған Рымбек аға Жүнісов жоғарыдан келгеннің бәрін Ақсораңда қарсы алып, Қызыларайдан шығарып салып жүрген. Жазиралы төрім бар деген – осы.

Мүміннің мәңгілік үміт ететіні – жұмақ. Біздің жұмақ мекен – Қызыларай. Қазір бауырына құт орнаған бұл өлкеде қазақилығын сақтаған қонақжай халық тұрады. Қарттары – қадірлі, жастары – жомарт. «Бабамның қаны, анамның жасы, Сіңген бұл далам – қымбатсың маған» деп аялап жатуымыз – сондықтан. Өйткені, тауында тәй-тәй басып, қайғы көрмей өскен ел.

Бүгінгі Қызыларайдың тоқсан жылдық тойында Арқа даласын Әсеттің үні тербейді. «Тоқырауын толқындары» Күләштің әнін әкеледі. Киелі Ақсораң мәрт ұлдары мен сұлу қыздарын құшағында аялайды. Бұдан артық мәртебе жоқ. Ырысың арта берсін!

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button