Қызылағаштың «Қара нары»
Атағы бүкіл Сарыарқаға мәлім болған Телқозы Шоңының қыстағы орналасқан 15 мың қой бағылатын Қызылағаш деген бөлімшенің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүріп, қоғам малын бағатын қойшылардың барлық жағдайын жасап отырған Әбілдә есімді әкеміз болатын. Иманақ тауының түбіндегі Ынтымақтағы жеті жылдық мектепте оқитын қойшылардың 15-20 оқушыларын қысқы каникулда ауылға алып келіп, қайтадан апарып салу да сол ұзын бойлы, қапсағай денелі, саусақтары сәбидің білегіндей, сұсты қара шал Әбжекеңнің мойнында еді. Ол заманда техника мүлдем жоқ төрт шақырым жердегі Қызылағашқа оқушыларды атпен апаратын. Сақылдаған аязда балаларды үсікке шалдырмай алып жүру үлкен жауапкершілікті керек етеді. Ол міндетті тек Әбжекең (ол кісіні елдің бәрі Бапа дейтін) атқара алатын.
Әбжекең зейнеткерлікке шығып 1964 жылы С.Сейфуллин атындағы кеңшардың орталығы Ынтымаққа келіп, жеке үй салды. Мен кеңшардың ГАЗ-51 жүк машинасын жүргізуші едім. Кейде балалық жасап қойған кездерімізде шақырып алып қатты ұрсатын. Біз ол кісіден өлердей қорқатынбыз, айтқанын екі етпей орындайтынбыз. Бір күні мен тәртіп бұзып қойып кеңшардың директоры Серік Сымақов маған қатты сөгіс бергенін естіп, Әбжекең мені үйге шақыртыпты. Таяқ жейтін шығармын деп қорқа-қорқа келіп едім, “мені Иманақтың бергі шоқысына шығаршы”, – деді. Астымдағы су жаңа машинаға Әбжекеңді отырғызып алып Иманақтың оңтүстігіндегі биік шоқысына алып шықтым. Машинадан түсіп, қойтасқа жайғасып отырды да: “Әй, балам, сендер тойып секіріп жүрсіңдер, бізде сендердей күнімізде бос жүретін уақыт болмайтын. Қызылағаштағы бес мың қойдың базын жөндеу, қиын ойып шығару, қысқы шөбін дайындау, мектепті жөндеу жұмыстарын атқардық. Жазда шөпті өгіз машинамен шауып, ат тырнауышпен жинап, оны әр қыстаққа жеткізіп беру жұмыстарымен жүргенде бос жүрмек түгілі ұйқыға бес-ақ сағат уақытымыз болатын. Ол екі арада бес уақыт намазымызды ұмытпайтынбыз. Атжалдағы шөпті көпенге салу ғана ауылдағы қыз келіншектер мен оқушы балалардың жұмысы. Айтбектің қызы Үрия, Қоршыбектің қызы Тиішкен, Рақымжанның келіні Ырымтай, Күлмағамбеттің қызы Тиыштық, тағы басқалары болды. Ырымтай салған көпенелер жіпке тізгендей бір қатарда тұратын. Арбаға шөп артқанда оны бұзуға қимайтынбыз. Ал сендер бензинмен жүретін отарбаның тізгінін бұрағанға әлдеқандай болып кейде жұмысқа шықпай қаласыңдар” – деді.
Әбжекеңнің осы сөзінен кейін мен жұмысқа өте тәртіпті болдым, анда-санда қышқылдайтыным болушы еді, сол күннен бастап мүлдем қойып кеттім. Күні бүгінгідей солаймын, намазға жығылдым. Біздің мектепте оқитын кезімізде ол кісілер күрекпен жер қазып, дәнді қолмен сеуіп, қол шалғымен ұрып, ат жеккен ирек таспен бастырып Иманақтың маңындағы ауылдың адамдарына нан жегізуші еді. Кейіннен темір түрені бар ағаш соқаға шықты. Оның өзінде Әбжекең соқаның ортасындағы екі белдікті екі қолмен тік ұстап отыратын. Ал дән себуге келгенде бүкіл ауылда Әбжекең ғана себетін. Кейіннен шотаяқ трактор шыққанда да Әбжекең атқа мініп алып ортаға бидайды ертоқымның алдына салып алып, ат үстінен сеуіп шығатын. Басқа кісілердің қолынан бұл шаруа келмейтін.
Әбжекең қарасам оңтүстікке қарап отыр екен, маған қарап: “Дәулен, ана жаққа қарашы, бағзы бір күндерде аспан ашық болғанда осы жерден Ортаудың шыңдары көрінуші еді, жассың ғой менің көзім бұлдырай бастапты”- деді. Шынында да, көз ұшында көгілдір таулар көрініп тұр екен. Бұрын мән бермегенбіз бе, әйтеуір ол таулар көрінбейтін.
– Бапа, ол таулар бұрын көрінбеуші еді, Ақтаудың сілемі ме?
– Жоқ балам, Ақтау оңтүстікке қарай ғой, бұл Ортаудың, біздің қыстаудың тұсындағы сілемдері ғой.
– Бұрын қалай көрмегенмін, Иманаққа екі күннің бірінде шығып жүрміз ғой.
– Ортаудың шыңдары күнде көрінбейді, осындай желсіз күндері ауа тазарғанда ғана көрінеді.
– Әке-шешемді ағаларымды жалпы елді сағынғанда осы жерге шығып қарап отырамын.
– Сіздің жас кезіңіз сонда өтті ме?
– Ия, балам, жалғыз мен емес, ауылдағы әкелерің Башар, Ахметбек, Керімбай, Кәдіркей, Шалғынбай, Түліп, Жексембек, Сұлтан, Төлеуқұс, Әбдіқадыр, Барқының барлық ұрпақтары сол қыстауда қыстайтынбыз.
Қар кетіп өзен-су тасқыны басылысымен әркім өз ауылына көшетін.
– Е-е-е солай деңіз, мен ендеше сол шалдар түгел осы жерде туды деп жүрсем.
– Мешін жылға ашаршылыққа дейін осы әкелеріңнің барлығы осы Ортауда болған.
Әбжекеңнің қабағы қарс жабылып біраз үнсіз отырды да әңгімесін бастап кетті. Көкетайдан бес ұл, бір қыз жастай жетім қалдық. Әкеміз қырық өгіз ұстап, жас шығысымен оларды базаршыларға өгіздерді жалға беріп, қыста өзі бағып, семіртіп, қайта жалға беріп орта дәулетте өмір сүріпті. Өзі кеткен соң шешеміз екі-үш жылда өгіздерді таратып жіберіп, күнкөрістік қана ұсақ малмен отырыпты. Менің алдымдағы екі ағам жастай қайтыс болды. Ең үлкені Мәлгәздар құрдастарымен аң аулап жүріп жазым болған. Сәлекем “Садуақас” Әбіштің бәйгі торышынақ атымен байларды кәмпескелейтін комиссияда еді. Оң жақ санынан үлкен жалғыз жара шығып содан ауырып, қайтыс болды. Комиссия төрағасы бір ауылға барамыз деп торышынақ атты сұратып жіберіпті, мен бермеймін деп айқайласып жатыр едік, үй сыртындағы дауысты естіп, Сәлекем мені үйге шақыртып алды “Қалқам, атты бер мен енді қатарға қосыла алмаспын, құлыным бері тақалшы” деп қолымнан ұстап тұрып “бауырым-ай, дүние төнкерілген мына бейберекет заманға тап болдық қой, сендер тым жас қалып барасыңдар, азулының аузында, білектінің қолында кетер ме екенсіңдер.? Сен енді үлкен болдың, ана шешең мен үш бауырыңа бас-көз бол, біреулерге жалданып соларды асыра, еріншек болма құлыным” деп бетімнен сүйді. Ыстық демі бетімді, барлық денемді шарпып кетті, мен не болғанымды білмеймін, отырып қалыппын, Сәлекем саусақтарымен көзімнен тарам-тарам аққан жасты сүртіп: “жылама өй жасық неме, сені мықты жігіт болар деп жүрсем, боркемік екенсің ғой” деді қатқыл үнмен. Мен үйден шығып Бөзтөбеге бірақ жүгірдім, өкіріп жыладым, көп жыладым. Сол түні Сәлекең қайтыс болды, шешем мен бауырларым шулап жылап жатты, мен жылағам жоқ. Сәлекеңнің сол қатқыл сөзі мені көп ширатты, құлағымда әлі тұр. Содан бері талай қорлық та көрдім, сағыныш та басымнан өтті, бірақ көзіме жас алып көргем жоқ. Ортауда ауқатты кісілер қалмады, малдарын түгел таратып алды, жалданып күн көретін дәулетті адамдар да қалмады. Он алтыға таяған кезімде айтқан әкелеріңнің бірәзі бар, Нұра бойындағы Жыланды поселкесінде (қазіргі Самар) казак-орыстар адам жалдайды екен дегенді естіп сонда тарттық.
Мен Жақып (Якуб) деген казактың үйіне жалға кірдім. Жылқысын бақтым, қора жұмыстарын істедім, кейін сеніміне кірген соң, барлық шаруаларын мен атқардым. Егін егу, тұқым тазалау, оны ору сияқты жұмыстардың бәрін мен істедім. Жақыпта 12 жыл жұмыс істегенде көп нәрсе үйрендім, ең бастысы орысша үйрендім. Алла тағаланың жазуы ғой, мен Сақыш шешеңмен де сол жерде табыстым. Жылына екі рет күзде, көктемде Ортаудағы үйге астық, картоп сияқты тағамдарды атарбамен әкеліп беріп отырдым. Інілерім Төлеген мен Әбілмәжән ауылдағы молдадан хат танып, сауат ашыпты. Әбілмәжән тентектеу болып өсіпті, Төлеген өте зерек болды, ескіше көп оқыпты, өзі молда болуға жарап қалыпты. Әбілмәжән шешемізге көнбей Алматыға оқуға қашып кетті, кейіннен Төлегенді де алғызды.
Біз 1929 жылдары елге оралдық. Сақыш та бір бай татардың үйінде жалда болған, сонда жүріп жіп иіретін аяқ станокты, қалыпқа салып нан пісіруді үйреніпті. Осылай орташа ғұмыр кешіп жаттық. Елдің жағдайы жыл сайын нашарлай бастады. Мал жоқ, кәсіп жоқ. Ауылдың бетке ұстарларын алып кеткен, әйелдер мен бала-шаға ғана. Атақты мешін жылы басталар қыста елдің алды ашыға бастады, ұрлық көбейді, әлі келгендер әлсіздерден тартып алып кетуге арланбайтын заман туды. Осы кезде Алматыдағы Әбілмәжәннан хабар келді, “Төлегенді елге қайтарамын, жер кебе Қарағандыға тайлы-тұяғыңмен жетіңдер, Онда қалсаңдар бәрің қырыласыңдар” деген.
Жер құрғай Төлеген де келді, менің Нұрадан алып келген жалғыз атым бар еді, түнде киіз үйге кіргізіп, күндіз шідерлеп, әрең ұстап отырғанбыз. Төлеген келген соң түгел Қарағандыға көшуге дайындалдық. Бізде екі пұт тары, екі пұт бидай бар еді, көшеді деген хабарды естіп ел бізді аңди бастады. Көшіп жатқанда бәрі жабылып атты да, астықты да тартып алу қаупі күшейді. Сонда шешеміз Зілиша: “Бүгін көрші ауылдардың адамдарын түгел құдайыға шақырып, көжеге тойдырайық, сонда аш құрсақ болып жүрген адамдар қарны тойған соң қатты ұйықтап қалады. Сол кезде үйді жықпай-ақ, төсек орынды ғана алып түнде көшіп кетеміз. Олар таңертең оянғанда үй жығылмаған соң көшкенімізді білмей қалады. Ол екі арада біз бұлар жете алмайтын жерге жетіп қаламыз” деп ақыл берді. Шешеміздің айтқанын істеп, аттың мойнына қамыт кигізіп, екі жағына екі-екі ұзын қайыңды бұтақтамай байлап сүйреткі жасап оны-мұныны салып түн қараңғысында кетіп қалдық. Атқа шешеміз мінді, қалғанымыз жаяу. Бес түн жүріп Қарағандыға келдік. Жол бойы кездескен ылғи аш адамдар бізді ұстамақшы болды. Төлеген екеуіміз ұзын құрықты екі бастан ұстап алып, шөп итергендей итеріп тастасақ бәрі құлайды. Қайтып тұрып қуа алмайды. Бір жерде ақшаңқай киіз үйде шымылдықтың ішінде өліп жатқан адамды көріп төбе шашымыз тік тұрды.
Төлеген Қарағандының бір шахтасының асханасында сынапженец болып жұмысқа орналасты. Мен түнде асханадан үйге нан тасимын. Көше толған аш адамдар менің арқама байлап алған қаптағы тамақты тартып алуға ұмтылады, бірақ, жүгірген маған жетіп алуға шамалары жоқ. Қаланың шетінде жер барақтардан шеткері жертөле қазып, төбесін топырақпен жауып алғанбыз. Қарағандыда бір жарым жылдай тұрдық, аш болған жоқпыз, індет ауруынан төрт отбасы аман шықтық. 1933 жылдың көктемінде мешіннің қырғынынан тірі қалғандар осы Иманақтың маңына жиналдық. Мойынсеріктік біріккен ағайындар егін салдық, бір-екілі мал өсірдік, ақыры ел болып құрала бастадық. Одан кейінгісін бала болсаң да өзің де білетін шығарсың деп әңгімесін бітірді.
Мінекей, сол Әбжекеңнің мойынсеріктен бастап, қолхоз болып нығайғанға дейінгі бір ауылдың бүкіл қара жұмыстары: қол соқыммен жер жыртып, қолмен тұқым сеуіп, оны қолорақпен орып, бастырып, елдің аузына нан тигізген, соғыс басталысымен Қызылағаштағы бес мың қойдың қорасын қолмен салып, шөбін дайындап, мемлекетке ет пен сүт тапсырудағы, қой бағудан басқа барлық жұмыстарды атқарған санаулы ғана шалдар қара нардай еңбек еткендердің бірегейі Әбжекең еді. Осы кісілердің өмірден озғанына қырық жыл болыпты. Топырағың торқа болсын, иманың жолдас болсын!
Дәулетбай Аманжолов,
зейнеткер.
Жаңаарқа ауданы.