«Қызыл Жарты ай» ҚҰ: Қаза тапқан кеншілердің отбасына қаржылай көмек көрсетті
«Қызыл Жарты ай» қоғамдық ұйымының Қарағанды филиалы DOSCAR GROUP компаниясымен бірлесіп, Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қаржылай көмек көрсетті. Әр отбасыға миллион теңге табыстады.
Қазақстанның «Қызыл Жарты айының» өкілі Әлішер Асылбеков кеншілердің отбасына көмектесуге қалай шешім қабылдағандарын және неліктен қаржылық көмекке тоқталғанын айтты.
– OSCAR Group компаниясының қолдауымен әрбір отбасы миллион теңгеден алады. Қаражат олардың негізгі қажеттіліктерін жабуға жұмсалады. Қазақстанның «Қызыл Жарты айы» аталған көмекті көрсету операторы. Гуманитарлық ұйым ретінде, біз отбасыларға барынша қолдау көрсетуге ұмтыламыз. Қазір көмек көрсетудің бірінші кезі. Неліктен ақшалай көмек көрсетуді шештік? Себебі, қаржылық көмек адамдарға өздерінің тікелей қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік береді. Мәселен, біреуге дәрі-дәрмек алу керек, енді бір екіншісіне балабақша үшін ақы төлеу қажет дегендей, – дейді Әлішер Асылбеков.
Қаза тапқан кеншілердің туыстары банк карталарын алады. Ал, қаржы осы картаға аударылады.
Бұл ұйым тапқан кеншілердің отбасыларына көмектесуді жалғастыра бермек. Қазір қоғамдық ұйымның облыстық филиалы кеншілер отбасыларына тағы қандай көмек қажет екенін анықтауда. Сондай-ақ, «Қызыл Жарты ай» ауруханада жатқан кеншілерге де көмек көрсетуді жоспарлап отыр.
– Апат ешқайсымызды бей-жай қалдырған жоқ. Біз гуманитарлық ұйым ретінде Костенко шахтасындағы жарылыс салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қолдан келген көмектің бәрін жасаймыз. «Қызыл Жарты Ай» атынан және өз атымнан қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтқым келеді. Сондай-ақ, ауруханадағы кеншілердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуларын тілеймін. Көмек көрсетеміз деген бастамамызды қолдаған әрбір қазақстандыққа шын жүректен алғыс айтамын, – дейді Қазақстанның «Қызыл Жарты айының» президенті Ергебек Арғымбаев.
Қазақстанның «Қызыл Жарты айы» – Халықаралық «Қызыл Крест» және «Қызыл Жарты ай» қозғалысының бөлігі болып табылатын республика аумағындағы ең ірі гуманитарлық ұйым. 86 жыл бойы Қазақстанның Қызыл жарты айы апаттар қаупін азайту, қоғамдық денсаулықты сақтау, халықтың әлеуметтік осал топтарын, оның ішінде, босқындарды, мигранттар мен азаматтығы жоқ адамдарды қолдау, отбасылық байланыстарды қалпына келтіру және волонтерлік қызметті дамыту саласында ауқымды міндеттерді атқарып келеді.