Қызығу мен қызғану (Шыңғыс Айтматовқа)
22 маусым – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы Софы Сматаевтың туған күні. Осы мерейлі күн қарсаңында Софы Қалыбекұлының деніне саулық және шығармашылық табыс тілей отырып, жазушының Шыңғыс Айтматовқа арнаған «Қызығу мен қызғану» және «Ғафу хақындағы екі өлең» атты қос бірдей өлеңдер топтамасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
РЕДАКЦИЯДАН.
Онда бұдан жұлдыздар да iрi едi.
Тахауи да,
Қалтай аға тiрi едi.
Бәрi есiмде…
Ағалардың алдында.
Дiрiлдейтiн жас перiлер жүрегi.
Қасиетi Жұмыр Жерге сыймаған
Жазушы едi-ау –
Сол кезде ең сыйлы адам.
…Алматыда өтiп жатты форумы
Азия мен Африкадан жинаған.
Қаламгердiң қара,
Ағы,
Сарысы.
Беделдiсi,
Жасы менен кәрiсi
Қазақ жерiн жаулап алды тура он күн
Адамзаттың ары,
Ойы, Намысы!
Көлiк жағын мен басқарам:
«Кел де мiн!»
Зыр жүгiрдiм
Келмесiн деп елге мiн.
Штабымнан жиi Одаққа келгенмiн
Әуесқоймын.
Мен де өзгедей пендемiн.
Араласқан
О, Құдайым, мың кiсi!
Ағылшыны,
Орыс,
Немiс,
Үндiсi.
Аң-таң қалып кең фойеде тұр едiм,
Жетiп келдi Төреғұлдың Шыңғысы.
– Сматаев! – дедi түсi жылына.
Тiл күрмелер кездескенде ұлыға.
Есiм шығып,
Қарай бердiм жалтақтап,
Қасымдағы Нұрғалидың ұлына.
Керемет қой сайрап кетсе тiл-дана.
– Иә, Шықа!
Сматаев – бұл бала! –
Дедi Рекең.
Апыл-құпыл қол созды,
Қол жетпейтiн мынау биiк тұлғаға.
Табынуға қолдар қандай оңтайлы,
Шықаң – мығым.
Сәл артына шалқайды.
– Әй, қазақтар! –
Көз қиығы шарпыды
Әбдiжәмiл,
Тахауи
һәм Қалтайды.
– Бұл қазақтар неге қалып айтады?» –
Ыңыранды.
Басын әнтек шайқады.
Үш қазақтың үш қимылы білінді –
Бүгілуі,
Шалқақтауы,
Қайқаңы.
– Жүргiн! – дедi.
Иығымнан ұстады.
Сәл сезiлдi саусақтардың қысқаны.
Әлi есiмде…
Жүрек-бүркiт саңқ етiп,
Тар кеудемнен көк аспанға ұшқаны.
Қара көздер,
Шегiр көздер,
Көк көздер.
Күншiл көздер,
Жебiр көздер,
Көп көздер
Ту сыртымнан қадап жатты оқтарын
Аямастан нысанаға дөп көздеп.
Асып-тасып,
Мың ысыдым,
Мың қыздым.
Туғандай бiр қарсы алдымнан жұлдыз, Күн.
«Менен артық бар ма Әлемде қаламгер
Ертiп кетсе Айтматовы қырғыздың!»
Қос қолтықтан қанат өсiп,
Күш бiттi.
Жамай салдым терiскейге түстiктi.
Қақпа алдында соңымыздан ере алмай,
Қала бердi томсырайып үш мықты.
Скверге ендiк.
Келдiк,
Жайғастық.
Әңгiмемiз жарасты да,
Ойды аштық.
Оны көрiп есi шыға қуанып,
Менi көрiп ежiрейдi кей бастық.
Атамекен – киесi ғой ұл-қыздың.
(«Елiм-айлап» елдiң көңілiн бұрғыздым).
«Елiм-айды» бiраз мақтап,
Сұрады ол:
– «Қырық балтасын» қайдан таптың қырғыздың?
Гимнi ғой сол бiр жоқтау халқымның,
Көктен,
Жерден iздеп соны шарқ ұрдым.
Сен елiңдi «Елiм-айлап» жырласаң,
Болады ғой қасиеттiсi әркiмнiң.
Айтшы маған «Қырық балтаның» дерегiн.
Менi ақтарып,
Бiлiп алды керегiн.
Содан кейiн маңғаз ғана қозғалды,
Қоқиқаздай жұтып алған қорегiн.
Жалт бұрылды:
– Мен оларды сынағам.
Сен туралы әлгi үшеуден сұрағам.
Шын мықтыны қызғанатын көп қой, көп.
Қызғаныштан мол болады-ау сыбағаң.
Бек ұнатып «Ұлтым!» деген сөзіңді,
«Тауып бер!» деп іздегенмін өзіңді.
«Іссапарға кеткен» деген Тахауи
Қалып айтқан бадырайтып көзімді.
Әбдіжәміл: «Естімеген… білмеген».
Қалтай көкең көзіне елеп, ілмеген.
Ал Тахауи біраз сені мақтап ап,
«Ақсап жатыр сол балада тіл» деген.
Сезгем сені білетінін солардың…
Таптым, інім, сенен енді чоң Арғын.
Әй, бәрібір, қалып айтса достарым,
Кеуіліме сұп-суық боп қонар мұң. –
Сәл күрсінді ішін тарта солықтап,
Алақаны иығыма қонып қап.
Мен марқайдым төбем көкке тигендей
Шынымен-ақ «чоң Арғыны» болып қап.
– Қайран қазақ, күншілдігің ғаламат!
Қаның ойнар бақастық боп аралап.
Бабаларың өр рухы кешегі –
Болмап па еді кісілікке аманат.
Қалай, қайтіп қалғансыңдар адасып?
Бір біріңді мақтамайсың жақ ашып…
Озса біреу…
Талайсыңдар әлгіні
Кететіндей өзгелерден бағы асып.
Әй, қиын-ау тірліктерің ендігі,
Тарылған соң ер жүректің кеңдігі.
Әріптесін көре алмауы қызғанып –
Қаламгердің қасиетсіз ең міні.
Әу, інішек,
Болар ауыр тағдырың,
Басар талай кеудеңді шер,
Жанды ірің.
Мойыма тек.
«Елім-айлап» ұмтылып,
Бұр халқыңа шапағатты таң нұрын.
Құшағына қысып алды қаусырып.
Мен қызындым.
Тарта берді тау сұлық.
Айта алмастан алғысымды…
Шұлғыдым,
Ыстық демім шыға бере таусылып…
– «Елiм-айды» жазған сендей көкенiң,
Қиын болар аттап кетсем мекенiн.
Қой соям деп әуре болма,
Қазағым!
Шай ғана iшем. Қажетi жоқ шекенiң. –
Иықтасып қайта Одаққа оралдық,
Адалдыққа жолатпастай арамдық.
Мен дедектеп,
Қарыз сұрап жүгiрдiм.
Жарасар ма мәрт қазаққа сараңдық.
Қонақ сыйлап,
Салт сақтаған текті елім.
Ой сауған мен
Қой соймасам неткенім.
Құр шайменен чоң Шыңғысты жіберсем,
Бабалардың тоздырам ғой жеткенін.
Қой соямын,
Бас тартамын алдына!
Таңдады ғой балап мені жалдыға.
Бермеді ме уәлі ауыз
Бағамды
Жарқ еткізіп «чоң Арғын!» деп қалды да.
… Кедейлік-ай!
Түбін тескен қалтаның,
Көбейтетін сығыр көздің жалтағын.
Сынап, сыбап сын сағатта оп-оңай
Қара шаштың ағартатын әр талын.
Кедейлікке жігітпін ғой,
Көнем бе.
Қан ойнайды нақ қазақтық денемде.
Қарыз алып тай соям да,
Той жасап,
Мәрт Алашты танытамын мен Ерге!..
…Үлкендерге жайып қолды «Ағалап!»
Құрдастарды санап шықтым жағалап.
Бір-ақ сәтте көлден шөл боп қаңсыды,
Құнсыздықпен өз құндарын бағалап.
Өң берсiн бе менi онымен көргендер –
Тазалықты жылы жауып көмгендер.
Қарыз емес,
Қарғыс қана бергендер.
Жазушымын десе,
Ешқашан сенбеңдер!
Қосылғанын көре алмаса Ер мен де
Жазылмас-ау жүректегi зар мен шер!
Ғафу хақындағы екі өлең