Руханият

Софы Сматаев: Тектілік немесе бір өкініш, бір өксік (Поэма)

Артта қалған қайта оралмас көп күннің,

Сағынышын сезген сайын шектім мұң.

Көп емесін білем бүгін мықтының,

Адалдығын саны аздау тектінің.

 

Тектілерім аз бен көпті теңгерген,

Алаламай бәрімізге өң берген.

Жоқтан барды жасамаған бүгіндей,

Бүгілмей-ақ ұлылықты меңгерген.

 

Жас едім мен биігіме талпынған,

Қуғандарға жеткізбестей артымнан.

Бір сүрініп, бір жығылып жүрсем де ,

Жанталаса озам деумен алқынғам.

 

Қайран жастық!

Тау жығардай екпіні

Қыңқ етпейтін көрсе де сан тепкіні.

Алау шақта кездестірген тағдырым

Қиясы жоқ,

Саясы мол тектіні.

 

Көмейі еді ол төгілетін халқының,

Қарлықса да аймалайтын шалқып үн.

Тілейтін ол азамат боп шығардай

Дәу бүтінге айналуын жартының.

 

Жартыларым көп еді ғой мұң ұқпас,

Бітеу көңіл,

Қара қабақ,

Сұлық бас.

Қара «Волга» тосып алар есіктен

Шенеунікті шекелейтін ұлықтас.

 

Алалайтын,

Қаралайтын жақсыны.

Суыратын,

Қуыратын апшыны.

Күрейтін ол алақанда жатқанды,

Тұқыртатын алақаны тапшыны.

 

Жартыларға жүйкемізді жұқартып,

Алушы ек-ау жөнсіз жүгін тіке артып.

Көзі ұшында көлгірсуші ек,

Білсек те

Еместігін көк есектен түк те артық.

 

Жартылардың жартылығын бетке айтып,

Тайлықса да бетсіздерден бет қайтып,

Бетсіздердің тексіздігін айғақтар,

Өлтірсе де өзгермейтін текті айтып.

 

Жалғыз адам Сәбең еді-ау сол кезде

Батыратын сөзін безге,

Қолды езге.

Сол күндердің содырлығы тең келмес

Қазіргідей сойқандығы мол кезге.

 

Сол заманда-ақ жол кескіштер бар еді,

Кеңсесі – кең,

Ал іштері тар еді.

 

Қабағынан қар жаудырып,

Ел үркіп,

Ыңыранса-ақ қашыратын зәрені.

 

Үміт бар-тын кеуделерде сөнбеген

Жем аңдыған сон-а-ау ортақ көмбеден.

Бірен-саран жүректерді жұлқынтар

Ерлік бар-тын өктемдікке көнбеген.

 

Ерлік, қорлық қабаттасып түнеген

Қайран кеуде –

Түсініксіз бір әлем.

Сол әлемнің іші-тысын ақтарар

Ақындардың табынатын Пірі – Өлең!

 

Пір-өлеңнің құнын, мәнін кемітіп,

Жазғыштардың айта алмайтын көбі түк.

Күн көсем мен партияны мақтаумен

Аш көмейін алған мүлде кеңітіп.

 

Аш көмейден асып-тасып,

Көпіріп

Ағылатын жалт-жұлт етіп өтірік.

Жағылатын

Кешке жетпей өшетін

Жылт етпе жыр өз бағасын кетіріп.

 

            * * *

Театрда ине шаншар жоқ орын.

Тұс-тұсыңнан саз боп шалқып жоғары үн

Бір әсем күй билеп алып еркіңді,

Жиілетті жүректердің соғарын.

 

Бәйек сезім ертіп, шарпып баршаны

Әлдиледі,

Тебірентті,

Шаршады.

Жылт-жылт етіп жанып-өшіп тұрды да,

Шақырайды сахнаның бар шамы.

 

Ду шапалақ шатыр-шұтыр тірілді,

Қақ жарылып зер шымылдық түрілді.

Тоса қойды жарқыратып маңдайын

Алыбымды!

Алаш туған Ірімді!

 

Сәбит аға, Сәбең еді – ардағым!

Қазағының алда ұстаған арманын.

Қыраны еді шарықтайтын заңғарға,

Ұшыратын зәре-құтын қарғаның.

 

Тойлау үшін ұлы ұлының жетпісін

Ұлты жанның бар мерейін төкті шын.

Мақтан етті жер мен көктің алдында

Азаматын,

Ар оғланын,

Тектісін.

 

Анау төрде кілең ығай-сығайлар.

Талай елге нұрын шашқан Күн, Айлар,

Арнап келген он бес ұлттың өкілі,

Және біраз кішігірім «құдайлар».

 

Екі-үшеудің Алтын жұлдыз белгісі

Деп тұрғандай: «Дәл осылар ер кісі!»

Тәжік Мырза жарқыратса жұлдызын,

Сипар төсін түрікпеннің Бердісі.

 

Жандырам деп жандыра алмай өшкенді,

Біздің қазақ талай зұлмат кешкен-ді.

Арыстарын қамап атып аңдай ғып,

Біріне де бұйырмаған төс белгі.

 

«Қатемізді осы бүгін жөндерміз!»

Деген ойға түгел ұйып, сенгенбіз.

«Берді, Мырза – шәкірттері Сәбеңнің,

Ер Сәбеңе халық болып ергенбіз!»

 

Қазақ кең ғой шын беріліп құласа,

Нәрестедей шаттанады-ау тым аса.

Астындағы атын түсіп береді,

Бейтанысқа бір әзілі ұнаса.

 

Сол бір кеште сонша әсерлі шақ кештік,
Тұрғандаймыз көктен жеткен бақты естіп.

Бар жүректі баурап алған бір сезім

Кеуделерге шүкірлікті тақты ес қып.

 

Сабамыздан асып-тасып марқайып,

Төбемізді бұлттан да әрі артайық!

Баяндама ел сөзі боп шалқып тұр,

Сәбең отыр төр төсінде шалқайып.

 

Ұлттың қаны ұл бойында аралап,

Ұлт пен Ұлдың кірігуі ғаламат.

Сәбең бар да – Алашы бар,

Елі бар.

Өткендер мен кеткеннен Ол аманат!

 

Табысуы-ай,

Қабысуы-ай көңілдің!

Осы сәті қандай қымбат өмірдің.

Тілің жетсе тылсымына бұл кештің

Жыр боп, сыр боп келеді-ау бір төгілгің.

 

Ақылымен,

Ақынымен Алаштың

Бүршігі боп ардың, жанның жанастың.

Жанастың да

Күш-қуатың еселеп,

Келіп кетер ғарышпен де таласқың!

 

Көппен бірге мен де ғажап күй кештім.

Ырзалықпен,

Мырзалықпен үйлестім.

Еміренсе бүгінгідей Еріне Ел,

Ешқашанда суық тілмен сүймес мұң.

 

Ұмытармыз күдік, бүлік, қайғыны.

Алашымның аса берер айбыны.

Төрі ерін асқақтатса,

Болар-ау

Қыз – көрікті,

Бөріктісі – әйгілі.

 

Ер мақталды-ау,

Әй, шаттанды-ау Ел бүгін,

Қазағымның тағы айғақтап кеңдігін.

Түсіністік – туымыз боп желбіреп,

Ұлылық боп еңсе тіктер ендігім.

 

Жүрсе-дағы көп үлестен құр қалып,

Кейде – бала,

Кейде – дана бұл халық.

Қанша жерден мәңгүрт болып кетсе де,

Осы бүгін кілт оянып,

Тұрды Алып!

 

Еміренді ұлтым менің – Алыбым.

Тебірендім,

Мен ұлтымды таныдым.

Азаматын алқалайтын бар жұртым!

Сол жұртымның өнегесі – тағылым.

 

Тағлымы мен тәліміне бой ұрдым.

Дәл Сәбеңдей ықыласқа тойындым.

«Қазақ – күншіл!» десе біреу сол мезет

Алар едім тура астына сойылдың.

 

Тасуын-ай әсем әдет-ғұрыптың,

Ашылуы-ай жүрек дейтін құлыптың.

Сол жүректен ел тілегі сауылдап

Құйып жатты алғыс демін бұрып мың.

 

Рахат күй рахат қой не деген!

Ду қыздырар ток өткендей денеден.

Қазақ осы асып-тасып қуанар

Қасиетін сақтап жетіп көнеден.

 

Шаттық орнап, сап тыйылды мұң неме.

Қоймай,

Тоймай жұтынамыз нұрды еме.

Жалындадық жалғыз оймен тұтанып,

Сансыз адам болып кетіп бір дене!

 

Жалғыз ой ол –

Елдің Ерге құрметі.

(Өлмесе екен тап осындай сырға еті),

Келешекке кемелдікті арқалап,

Аударылды тарихтың бір беті.

 

Арамдықты адалдықпен адақтап,

Құшты бізді тазалықтың жаны аппақ.

Жер бетінен жоғалды деп түсіндік

Бар жауыздық жүретұғын жалақтап.

 

Театрды жайлап кетті іңкәрлік,

Жасты – қыран,

Жасамысты сұңқар ғып.

 

Әсерлендік бір сезіммен тұтасып,

Кетердей боп өш пен қасты мың қарпып.

 

Желік емес желпіндірген біздерді.

Ұлы сенім нұрландырып жүздерді

Алардаймыз әрқайсымыз жұлдызды,

Болашаққа бастау үшін іздерді.

 

Болашаққа ақ ниетпен аттаймыз.

Осы күнді мәңгі есте сақтаймыз.

… Ах, ойпырай!

От жүректі суытып,

Қадалғаны-ай кеуделерге оқтай мұз!

 

                     * * *

Жә, ертерек тым асығыс кетпейін,

Тізгін тартып,

Өзімді өзім шектейін.

Тоқта, қалам!

Мерейтойдан хабар бер,

Өксігімді өңешімнен төк кейін.

 

… Бір әсем күй орап алып желпінтіп,

Бойым босап,

Мүлде сезбей еркім түк

Отырғанда төрағаның дауысы

Қоя берді ой-бойымды серпілтіп.

 

Тұрды орнынан сесі мығым,

Ірі адам.

Картина емес,

 

Өзіміздей тірі адам.

Ду шапалақ кернеп кетті кең залды

Жағыну ма … тілемсектік құраған!

 

Жетті кеуде … дәу мінбеге асылды,

Бір сәттен дәл туғызардай ғасырды.

Қарап қаппыз жарқыраған жанар боп
Көзден атып қызыл-жасыл жасынды.

 

Иіп кеттім Күннен шуақ сауғандай.

Биіктеткен Ерін Далам, Тау қандай!

Шақ кешеміз осы қазір баршамыз

Кеудемізге көктен жұлдыз жауғандай!

 

Жаудырамыз,

Жауғызамыз жұлдызды.

Қуантамыз қазақ атты ұл-қызды!

Тындырамыз, ұлтты ұшпаққа шығарып,

Құрып жүрген көптен бері ындызды.

 

Әр жүректен жалғыз тілек сауғызып,

Сол тілекті бір арнаға ауғызып,

Бір ауызға мүлгіп, шұлғып қадалдық,

Жіберердей көктен жұлдыз жауғызып.

 

Дәл сол сәтте ақ тілеумен бір едік.

Бірігіп ек,

Іріместей ірі едік.

Жауғызардай көптен күткен жұлдызды

Тұрмыз міне бір асуға тіреліп.

 

Кірпік қақпай әсем шақты тосамыз.

Бір лепке барлық демді қосамыз.

Осы қазір туар аңыз-дабыра,

Талай жылға кетер шұбап осы аңыз!

 

Мың аңызға бір ұлт болып жараймыз.

Өнеге боп осы арадан тарайды із.

Жер бетінен түн түнегін қуады

Бұл залдағы бар Алаштық арай жүз.

 

Арай жүзді аудармастан мінбеден,

Бізбен бірге үміт сауып тұрды Әлем.

Күй еседі шалқып сонсоң даламнан,

Желпінтеді Алатауды түрлі өлең.

 

Қандай ғажап – күте білу ынтығып,

Көмейіңе атойлайтын үн тығып!

Атылады көп көмейден қуаныш,

Шашылады «Сүйіншілеп!» бұлқынып.

 

Бұл Жалғанға нұр жалғайтын бар ғажап.

Құл тірліктен ада еткенбіз арды азат.

Сахарасын ән мен күйге толтырып,

Дүрілдейді бүгін тура бар қазақ!

 

Осы қазір туып жаңа өнеге,

Бүкіл халқым айналып бір денеге,

Тағады да Сәбеңе алтын жұлдызды,

Сол жұлдызды қондырады төбеге.

 

Пай-пай шіркін ел тілеуі – мөлдір тым.

Мейірленсе,

 

Асқар тау мен көл – жұртым.

Уай, Болашақ!

Залды көр де, бізді көр,

Келсе Әлемге шапағатты ендіргің.

 

Жасытпайды енді ешқашан мұң бізді.

Өжет етіп өсіреміз ұл-қызды.

Алтын жұлдыз тағылғанда кеудеге,

Төбемізден жаудырамыз жұлдызды.

 

… Әне, әне!

Кетті еріндер ашылып,

Күткен үміт жарқырайды шашылып.

… Зал солқ етті,

Бір-ақ деммен күрсініп,

Иін біткен бара жатты басылып.

 

Түнек жапты іп-лезде орап ап.

Қоя берді іштен дауыл борап-ақ.

Көп тосқызған көктен жұлдыз жауған жоқ.

Ай тумады, бетін бүркеп қоралап.

 

Уыстатқызбай ұстатпайтын жұлдызды,

Түнге айналтып шуақ шашқан күндізді,

Ыстық қанды мұздай қылып суытып,

Театрды басып, жаншып мұң жүзді.

 

Ана ауыздан атқыды да албасты,

Алау жүзін Алашымның қар басты.

Жалмап жұтып

 

Жалмауыздық ізгіні,

Кеуделерді жылытып тұрған ар қашты.

 

Мейірімнің мөлдіріне сұс тамып,

Ес адасты,

Сес жоғалды,

Күш талып.

… Мінбедегі тіл безеген зор бастық

Бара жатты кішірейіп,

Қысқарып.

 

Шөге берді қасиеттен кетіліп,

Өз қадірін өзі ұрлап кетіріп.

Өкінді зал бастығы үшін күйзеліп,

Өксіді зал Сәбең үшін өкініп.

 

Бір жұлдызды таға алмады бір халық

Ырысынан,

Дұрысынан құр қалып.

Ал анау ше?

Мінбедегі мекерлік

Тұра ма енді аузын керіп,

Ырғалып?..

 

Бос мақтаумен кімнің көңілін аулайды.

Кішірейтті неге ғана таудайды?

Ел үмітін етігімен таптаса,

Төбесінен қарғыс неге жаумайды?

 

Түзелер ме өкпе қысқан бұл заман

Табылар ма сұм билікке ырза адам?

 

Қалам ұстар тек оң қолы Сәбеңнің

Артық еді-ау Берді менен Мырзадан.

 

Неге билік өз данасын кемітті,

Пайғамбарын бағаламай нені ұтты?

Дәл осындай ұлы күнде ұлысқа

Жегізейін дегені ме жемітті?

 

Кімге керек мәртебесі төренің,

Ел үніне болса ылғи да кереңім.

Таба алар ма ол жұрт жадынан өз орнын,

Ала алар ма ұлт ойынан керегін?

 

Еріндердің сөгілді де көбесі,

Ал басталсын залдың төрге егесі.

«Арсыз!»

«Құнсыз!» деп атылып іштегі оқ

Театрдың төңкерілді төбесі.

 

Басып қалды еңселерді қысастық,

Мейірімге

Мейірімсіз күш аш қып.

«Апыр-айды!» зарлы өңештен үш төгіп,

Өксік жұтқан көмейлерді үш аштық.

 

Жас көмейлеп,

Тұтас ұлт боп өксідік.

Бар өкпеден тура атылды кек шығып.

Төңкерілген тік көтерді төбені

«Халық» атты тәкаппарлық тепсініп.

 

Түсіп кетті зор бастықтың иіні.

О, ғаламат! Аласарды биігі.

Шимайланса төрмен елдік дүние,

Ел қолымен шешіледі түйіні.

 

Ел – құдірет.

Ерді ардақтап сыйласа.

Төр – қасірет.

Ерді елемей қинаса.

Елі төрді тымақтай ғып лақтырар,

Ашу кернеп,

Қанасына сыймаса.

 

Атылды-ай кеп ызалы ұлттың кекті үні,

Теңселдіріп театрды екпіні.

Ұғындырды ұғынбайтын кеудеге,

Кімнің кімге жасайтынын тепкіні.

 

Бір-ақ сәтте паңды пәс қып, қор қыла,

Үкті халық кердеңдігін сорды да.

Ұлттың ұлын менсінбеген бірінші

Сүмірейіп әрең жетті орнына.

 

Ел талқысы қандай ғана күшті еді!

Төрдің көрдік түк емесін іскені.

Көп тіксінсе,

Биліктегі беделдің

Оңай екен биігінен түскені.

 

Өксіп тұрып күйіп соны сезіндім,

Шарасынан асарын да төзімнің,

 

Содан бері қиянатты көрместей

Келмейді-ау еш қалғып кетіп көз ілгім.

 

Әділеттің болсам деумен сақшысы,

Ұшсын деумен адалдықтың ақ құсы,

Аршып өтем тазалықтың ақ жолын

Тұрса-дағы бөгеп ұстап тақтысы.

 

… Тағы әкетті аулақтатып мұң неме…

Жетті Сәбем алты-ақ аттап мінбеге.

Шапалақтан шашу кетті шашылып,

Шуақ төкті ел көңілінен Күн-кеме.

 

Әр жүректен алғыс сезім жұлына,

Ақтарылды жұрт пейілі ұлына.

Әлгіндегі аяз ұрған көз, жүздер

Сала берді сүйінішпен жылына.

 

Қадап қалдым мінбеге емес,

Көзді елге,

Үміт, күдік түскен кезде безбенге.

Жұлдыздан да бақыт артық!

Соны ұқтым

Махаббатын Елдің Ерге сезгенде.

 

Үміт жеңіп,

Күдік түгел аршылар.

Нұрлы күндер болашақта бар шығар.

Сәбең болып түйсіндім бе,

Білмеймін.

Самайымды қарып жатты тамшылар.

 

Бағанағы ғажап әсер тірілді.

Қату қабақ ықылас боп түрілді.

Қарлығыңқы үн дірілдеді,

Сезді ме,

Жұрт бойында орнай қалған дірілді.

 

Дүр сілкінді зал толы адам сол үнмен,

Домна-өзектен жалын атып төгілген.

Өксік өшті.

Өкпе айналып бауырға,

Лез қатайды қабырғалар сөгілген.

 

– «Қандастарым!

Қадірлестер! Бауырлар!

Сендер бар да арқа сүйер тауым бар.

Бұл Жалғанның жалғандығын көп көрдім,

Желұшықты мен емеспін ауырлар.

 

Мен табыммен жөргегімде-ақ табысқам.

«Табым!» дегем.

Тап жауымен алысқам.

Шап берсем де, «Тап!» деп талай жағаға,

Нақ қазақтық айрылмағам намыстан.

 

Иә, адасқам!

Табыма тек табынғам.

Жаным жанған төңкерісшіл жалыннан.

Оқ пен өрттің дерт себерін сезгенде,

Жарып шыққам қымтап алған қабымнан.

 

Тіліп шыққам тар шеңбердің торынан,

Өрге ұмтылғам большевиктер орынан.

Мені ұлтымнан бұлжытпайтын құдірет –

«Елім!» дейтін кеудемдегі зор ұран!

 

Таппен емес,

Мен көбіммен біргемін.

Дауыл екен көп қолдаса бір демім.

Қоң етімді кесіп берем ел үшін,

Қыңқ демеймін шаққанына бүргенің.

 

Төрден жерге түспейтіндер биіктен,

Талай басты тірідей-ақ үйіткен.

Нар қазағым азабына көнбесе,

Баяғыда-ақ өлер еді-ау күйіктен.

 

«Әттеңі!» жоқ көнгіш, сенгіш халықпыз.

Дүр сілкінсек,

Жер сілкінтер алыппыз.

Тау шөгер ме,

Тартылар ма талай көл

Оң мен солды жетіскенше танып біз?

 

«Оян!» деумен өткен абзал ерлерім,

Өзегіне құйып зар мен шерлерін.

Сол шерлерді қол-аяғын шынжырлап,

Матап берген тақтан түспес төрдегім.

 

Үнсіз,

Тілсіз болсын кейде ел мейлі,

 

Ер – кебенек,

Өлтірсе де өлмейді.

Өйткені онда аруақтардың рухы бар,

Өр рухты ешбір билік жеңбейді.

 

Мен ұлтымның өткеніне үңілгем,

Жігерленгем,

Еш кезім жоқ түңілген.

Азаттықты алмастырған қамытқа

Үркеді ішім үрей буған бүгіннен.

 

Көрмәдіктің үркітеді үргені.

Жылатады жанды уыстап, күлгені.

Қашан,

Қалай сыпырып біз тастармыз

Ой, бойдағы тұншықтырар түрмені.

 

Ашынамыз…

Басыламыз ілезде,

Сайып бәрін көнтерілі мінезге.

Кешегіден теңдік іздеп ақырар

Болып қап пед дәл бүгінгі күн өзге?

 

Өзгермейді қайсар жігер алаштық.

Өмір үшін өліммен сан таластық.

Кеудемізден жоя алмаған өрлікті

Тең жартысын ұлттың қырған бөрі-аштық.

 

Ашылады,

Тасынады әлі елім.

Оған мынау ашынғаның – дәлелім!

 

Құтылады құрығынан

Сауығып,

Ездік,

Құлдық,

Қорлық дейтін бәленің.

 

Тұрған кезде қарап алды-артыма,

Мен сенемін даламдай кең халқыма.

Баршамыз боп айналмауын тілейік

Бүгінгідей бүтін көңіл жартыға.

 

Бүтін болсын ырысымыз, нәріміз.

Бүлінбесін шер жамылып әніміз.

Көңілдерден шөл қандырып өтейік

Бір анадан туғандай боп бәріміз…»

 

Өксіді ме іштей ғана бір күрсін,

Көкседі ме әлденені,

Кім білсін.

Түсіп кеткен қабағын жарқ еткізіп,

Күлді Сәбең.

Залды елітіп күлдірсін.

 

– «Жақсыларым,

Жайсаңдарым, күліңдер.

Күлген ұлттың көркейерін біліңдер.

Кейде күлкі жылатқаннан ауыр боп,

Ет жүректі қанжарсыз-ақ тілімдер.

 

Қандай болар, халқым менің, ілгергің,

Жетегінде кетермісің кімдердің,

 

Өтермісің тар өткелден тайсалмай,

Саясына еніп азат күндердің?

 

Сондай заман кешіктірмей келер де…

Көре алам ба жарық сәулем сөнерде.

Бастап елін еміренген азамат

Шапағатын шашар ұлттық өнерге.» –

 

Кілт мұңайды.

Сәл шегінді мінбеден.

Басын иді қобалжыған түрменен.

Ғажап толқын ақтарылды жүректен

Қанша айтсаң да жеткізе алмас тілменен.

 

Кім шыдайды ұлылыққа бас ұрмай.

Зал толқыды.

Зал жылады жасырмай.

Сақтап келем сол мезетті жанымда

Ұмытылмас қасқағымдай…

Ғасырдай.

Оrtalyq.kz

 

Басқа материалдар

Back to top button