Жаңалықтар

Қызметіне қырағы

Құтқарушы – ол қаһарман. Мұндай жұмысқа жүрек жұтқан жігіттер келеді. Өйткені, түрлі оқыс оқиға орнына бірінші болып барып, қатерге бас тігеді. Ойланбастан оттың ортасына кіріп, адамға араша түседі. Ал мұндай ерлікке екінің бірі бара бермейді. Сондай жігерлі жас жігіт Асланбек Тұрсынның құтқарушы қызметіне келгеніне бір жыл болды. Бала кезінен бері армандаған мамандығына адалдығы айрықша аңғарылады дейді бірге жүрген әріптестері.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бала шағынан болашағын ойлаған оған әкесі әсер етіпті. Дулат әкесі өрт сөндіру саласында ұзақ жыл қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Бала Асланбек содан бері әкесін қаһарман санап, ізін жалғауды ойлайды. Міне, сол мұратынан мүлт кеткен жоқ. «Әкемдей қадірлі құтқарушы боламын, ел-жұртқа пайдамды тигізіп, адал қызмет атқарамын», деген сертіне де, сеніміне де берік.

Асланбек былтыр Қарағанды жоғары техникалық колледжін «Төтенше жағдайлардағы қорғаныс» мамандығы бойынша ойдағыдай тәмамдайды. Қолына дипломын алған ол Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің №10 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы болып қызметке тұрады.

– Әкем осы салада жұмыс істегендіктен, мен де бала кезімнен осы салаға қызықтым, әке жолын қуғым келді. Сол себепті, құтқарушының оқуын оқыдым. Міне, қаладағы №10 өрт сөндіру бөліміне жұмысқа келгеніме бір жыл болды. Осы бөлімдегі әзірге ең жас құтқарушымын. Жасым – жиырмада. Біздің бөлім шақыртуларға ең көп шығатын бөлімдердің бірі, бізге тәулігіне он шақты түрлі қоңырау түседі. Әрине, жан түршігетін оқиғалармен де жиі ұшырасамыз. Оның бәрі жүрекке оңай тимейді. Бірақ, әр құтқарушы ондай кезде тастай қатты, желдей жылдам болу керек. Секундтың өзі тағдыр шешеді. Абдырап қалу – ең үлкен қателік. Соған жол бермеу керек, – дейді азаматтық қорғау кіші сержанты Асланбек Тұрсын.

Асланбек өзін ең алғашқы құтқару жұмысынан-ақ көрсете білген жас маман. Былтыр күзде пойыз бен жеңіл көлік қағысып, жан түршігетін жол апаты орын алған еді. Сонда көліктің ішінде көз жұмған екі адамның мүрдесін көре тұра салқындық танытып, ішіндегі қысылып қалған басқа жолаушыларға жылдам көмек берген еді.

– Құтқарушы мамандығында бастысы – өзіңнің мықтылығың. Түрлі оқиғалар мен жағдайлар болады. Сол кездегі бар ойың – адам жанын аман арашалап қалу. Бұл – біз үшін ұлы міндет. Жас маман Асланбек бұл міндетіне адал. Оқуын оқып келді. Енді міне, тәжірибе жинап жатыр. Шапшаң. Шымыр. Жүректі. Бізге осындай жігіттер қажет. Өзіне жүктелген басқа да жұмысына тиянақты. Жас болса да, ұжымда беделі бар, – дейді №1 қарауыл бастығы, аға лейтенант Мадияр Нұрмұхан.

Жақында тағы құрамында Асланбек бар құтқарушы топ қаладағы Молоков көшесіндегі 94 үйдің төртінші қабатындағы өрттен бір отбасыны аман алып шығады. Қызыл жалынның ішінен егде жастағы әжейді, кішкентай бала мен жасөспірім қызды құтқарады. Сөйтіп, дереу өртті өшіреді.

«Негізі оңай болған жоқ. Біз келсек, пәтер іші қып-қызыл, от шарпып тұр. Ішінде адам барын біліп, жасақтағы үшеуміз де бір мезгілде кірдік. Мен әжейді алып шықтым. Қасымдағылар екі баласын құтқарды. Оларға бірден құтқару қалпағын кигіздік. Мұның да көмегі үлкен ғой. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде өртті ауыздықтадық. Бастысы, ішіндегі адамдар аман. Ең үлкен байлық сол. Өзім әр адамның өміріне араша түскен сайын бойыма күш-жігер жинаймын», – дейді жас құтқарушы.

Біз жас құтқарушы Асланбек Дулатұлының басынан өткізген құтқару операцияларының бір-екеуін ғана жаза кеттік. Еңбек жолын енді бастаған ол қазірдің өзінде антына адал, қызметіне қырағы екенін байқатты.

Жұмысына орнығып, оң-солын таныған жас құтқарушыны енді үлкен міндет күтіп тұр: шаңырақ көтеріп, әке-анасына немере сүйгізбекші. Батыр жігіт «Бұйырса, балаларым да әкемнің, өзімнің жолымды жалғайды. Өйткені, елдің алғысы алға жетелейді», дейді. Біз осыдан келе құтқарушылықтың Құдайдан екенін аңғарып отырмыз.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button