Қауіпті қызметтің қаһармандары
Елімізде 1995 жылы белгіленген Құтқарушылар күнін Абай ауданының №21 өрт сөндіру бөлімінің ұжымы да лайықты қарсы алып отыр.
Бұл қызмет саласының жауапкершілікті қатаң талап етіп, өрт сөндірушілердің өз өміріне де қауіпті екендігі белгілі. Соған қарамастан олар бастарын бәйгеге тігіп, халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қандай да бір төтенше жағдайларға қаймықпай қарсы тұрып, жандарын да аямайды.
Міне, Абай ауданының №21 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері де ол құрылған күннен бастап, өз міндеттерін мүлтіксіз атқарумен келеді. Қазір мұнда жұмыс істейтін 72 адам мен 9 өрт сөндіру техникасы тәулік бойы кез келген тосын жайтқа тас түйін әзір тұрады.
– Жыл басынан бері біздің жігіттер аудан аумағында ірілі-ұсақты 204 өртті сөндіріп, дабыл бойынша 85 рет апаттық-құтқару жұмыстарына барды, – дейді осы №21 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғаныс капитаны Мәди Мәкенов. – Әсіресе, осы қазан айында болған 2 өрт оқиғасы ерекше есте қалды.
Мәди Маратұлының айтуынша, оның бірі Абай қаласының №2 мектеп мүйісіндегі 3-үйден шыққан. Бұлар хабар жетісімен дереу сонда барғанда, лапылдаған от жалыны 3 бөлмелі үйдің 30 шаршы метр аумағына жайылып, шатырының ағашы мен жеке тұрған қорасы жанып жатқан көрінеді. Сол қораның ішінде 27 және 50 литрлік газ толы баллондардың болуы жарылыс ықтималдығын да күшейте түскен. Бірақ сол қысылтаяң сәтте қарауыл бастығы, азаматтық қорғаныс капитаны Александр Владимировтың тапқыр шешімі мен сауатты да дәл әрекетінің нәтижесінде тілсіз жау ауыздықталып, жарылыс қаупінің беті қайтып, ірі шығын мен зардап шеккен жан болған жоқ.
Ал, 5-14 қазан аралығында Қарқаралы ауданында тұтанған дала өртін сөндіруге көмекке бұлардың бөлімінен де азаматтық қорғаныс аға сержанты Құралбай Қарабалаевтың бөлімшесі аттанған еді. Сонда барысымен олар бет қаратпаған қызыл жалын мен қою түтіннің ортасында жүріп, төніп тұрған ажалдан қорықпай, соншалықты үрейлі өрт ошақтарын жойып, жанқиярлық ерлік пен кәсіби шеберліктің тамаша үлгісін көрсетіпті. Сол мыңдаған шаршы шақырымды шарпыған алапат өрт те ауыздықталып, алаң болған елдің көңілі де орнына түскен. Сондықтан да, өрт сөндіру саласының барша қызметкерлерін Қауіпті қызметтің қаһармандары десек те болады.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz