Облыс әкімдігінде

Қысқа әзірлік пысықталды

«Қыстың қамын жазда ойлайтын» қазақпыз. Міне, қыркүйек айына да қадам бастық. Арқаның қысын жақсы білеміз. Әне-міне дегенше, қараша-желтоқсаныңыз есіктен енеді. Демек, күн тәртібіндегі маңызды мәселе – жылыту маусымына әзірлік. Кеше облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен өткен аппараттық мәжіліске осы мәселе өзек болып, дайындық жұмыстары пысықталды. Және аймақ басшысы жиын қатысушыларына облыстық жер қатынастары басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы Дарын БҰЛҚАЙЫРДЫ таныстырды.

«Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының алдағы жылыту маусымына дайындық деңгейі 90%-ды құрайды» дейді облыстық энергетикалық және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсентаев.

– Бүгінде облыстың барлық өңірлерінде жылыту маусымына әзірлік қызу. Энергокешендерді, әлеуметтік нысандар мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық нысандарын қысқа дайындау бекітілген жоспар бойынша жүргізілуде. Жалпы, 26 қазандық пен 15 турбинаны жөндеу көзделген. 72 қазандық, 693 автономды жылыту жүйесі, 115 шақырым жылу желісі, 3300 шақырым электр желісі, 310 шақырым су құбыры мен кәріз жүйелерін дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. 10 қазандық пен 6 турбинада жұмыстар аяқталды. 13 қазандық пен тағы 6 турбина жөнделуде. Барлығы 6 925 көп қабатты тұрғын үй мен 1 350 әлеуметтік нысанды жылу жүйесіне қосу қажет, – деді Ұлантай Үсенов баяндамасында.

Демек, облыстағы жылу беру маусымына дайындық ауыз толтырып ай[1]тарлықтай. Балқаштағы Қоңырат шағын ауданында орталық жылумен жабдықтау құбырлары тартылды. Ұзақ жылдар бойы тұрғын үйлер қазандықтың көмегімен жылытылып келген еді. Тұрғындар пәтерлеріндегі температураның төмен екенін айтып шағымданған. Енді жағдай өзгереді. Осы уақытқа дейін мәселе тудырып келген Шахан кентінде де орталық қазандық пен жылу желілерінің құрылысы мәресіне жетіп қалды. Пайдалануға беру жаңа жылыту маусымына қарай жүргізілетін болады. Қазіргі таңда мұнда қазандық ішінде жабдықтар толық орнатылған. «Механомонтаж-2004» ЖШС мердігерлік ұйымы барлық темірбетон жұмыстарын, құрылымдарды монтаждады. Инженерлік коммуникациялар жүргізілді. Қазандықтарды гидравликалық сынау жүргізілді. Сондай-ақ, аймақтарға көмір жеткізу бойынша келісім-шарт толығымен жасалыпты. «Отын көмір қоймаларына түсіріліп жатыр. Қажетті қор бар. Алдағы күзгі-қысқы кезеңге шамамен 4 миллион тонна көмір дайындалады» дейді басқарма басшысы. Аймақ басшысы Жеңіс Махмұдұлы бірінші кезекте білім беру ұйымдары мен медициналық мекемелерге көмірді кешіктірмей жеткізуді тапсырды.

– Жылыту маусымының басталуына аз ғана уақыт қалды. Жоспарланған жұмыстарды уақытында аяқтау керек. Облыстың қала мен аудан әкімдеріне алдағы жылыту маусымына дайындықты бақылауда ұстауды тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button