АймақШахтинск

Қысқа қапысыз қамданған

Шахтинск қаласының тұрғындары өткен қыста кейде жылу берілмей, пәтерлерінде қалтырағандарын әлі ұмыта қойған жоқ.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Биыл ондай жағдай қайталанбайды, – дейді «Шахтинскжылу- энергия» ЖШС техникалық директоры Абылай Сейдуәлі баспасөз турына қатысқан журналистер алдында. – Соны болдырмас үшін біз жаз бойы шамамен жүз позиция бойынша жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Атап айтқанда, станция 2024-2025 жылдың жылыту маусымына жаңартылған 2 қазандық қондырғысымен, құбыр агрегаты және генераторымен, жөндеуден өткен 4 шақырым магистралдық және орамішілік құбырлармен кіргелі отыр. Мұнда қазір 1 қазандық пеші жұмыс істеп тұрса, екеуі резервке қойылған. Алда-жалда қатты аяздар бола қалса, оның біреуі бірден іске қосылады.

Абылай Сейдуәлінің айтуынша, жабдықтардың үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында су экономайзерлері, ауа жылытқышының текшелері, газ қораптары жаңасына ауыстырылып, экран жүйесі жөнделіп, бу тарату, қызып кету реттегіші тураланып, төселіп, құбырлар оқшауланып, тағы да басқа шаруалар атқарылыпты.

Соның нәтижесінде Шахтинск қаласы әкімінің жуырдағы өкімімен қаладағы жылыту маусымы 1 қазаннан басталып, 292 көпқабатты үй мен 56 әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық нысанға жылу берілген.

Осыдан былай «Шахтинскжылуэнергия» ЖШС қызметкерлері мен жылу желілері қызметтері жылу жүктемелерін өндіру мен ұстау режиміне көшіріліп, апатты жою бригадалары құрылған көрінеді. Қазірде серіктестік қоймаларында жинақталған 15 мың тонна көмір мен 500 тоннадан астам мазут бар. Мұның өзі қаланы жылумен жабдықтаудың тұрақтылығы мен сенімділігіне оң әсер етпек.

«Жақсыны көрмек үшін» демекші, бұдан кейін әріптестеріммен бірге лаулап жанып жатқан бірінші қазандық пешінің және жедел басқару пунктінің жұмысымен танысуға тура келді. Тәулік бойы жұмыс істейтін станция ұжымы бұл жылыту маусымында 4 ауысымдық кестесімен еңбектенеді екен.

Одан әрі біз Қазақстан көшесінде ауыстырылып, жылытқышпен оралып, ақ қаңылтырмен қапталған 540 метр жылу құбырларын көрдік. Мұндай жұмыстар тағы да 6 көшенің жылу желілерінде жасалыпты.

Ендігі кезекте біздің маңдай тірегеніміз Шахтинск қаласының аумағына енетін Шахан кентіндегі жаңа қазандық болды. Осы кенттегі оқшау қазандықта 2017 жылы болған жарылыс салдарынан 9 адам қаза тапқаннан кейін кенттен аулақтау жерге салынып, 2021 жылы іске қосылған бұл станция осыменен төртінші жылыту маусымын өткермекші. Оған дайындық барысын оның директоры Наиль Исмагилов әңгімелеп, айтып берді. Жоғарыдағы «Шахтинскжылуэнергия» ЖШС бөлімшесі болып саналатын мұнда да жылыту маусымына қызу қамданып, подшипниктер, қазандықтың кейбір құбырлары ауыстырылып, жаңаланған.

– Бұрын 30 мыңдай халқы болған бұл елдімекенде бүгінде 7,6 мың адам тұрады. Олар тұратын 111 көпқабатты үй мен біздегі 12 әлеуметтік нысанды қыс ішінде жылытуға осы станцияның қуаты толық жетеді. Онда да жұмыс істеп тұрған қазандық пен резервтегі екі қазандық бар, – деген еді тағы да Шахан кентінің әкімі Ғалым Өмірбеков.

Сондықтан да, құлақпен естіп, көзбен көргеніміз бар, біз де алдағы қыстан шахтинскіліктер мен шахандықтардың тоңып, жаурамай шығатынына сеніммен аттандық.

Ержан ИМАШ,
ШАХТИНСК
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button