Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

Қыран Қасымға арналды

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 110 жылдық мерейтойына арналған «Қыран қанатты ақын» атты дөңгелек үстел өтті.

Кездесуге қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Тұяқов, еңбек ардагері Ә.Тілеміс, ардагерлер кеңесінің мүшесі С.Әбенова, сондай-ақ, онлайн режимде Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері С.Сламбеков, өлкетанушы М.Қасымжанұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі С.Оспанов, Қарағанды техникалық университетінің қазақ тілі мен мәдениеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Қ.Хамзина, облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми-әдістеме бөлімінің басшысы М.Елубаева, Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағатының ҚР ұлттық мұрағат қорын толықтыру бөлімінің басшысы С.Әбікенова және кітапхана қызметкерлері мен студенттер қатысты. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов ардагерлер кеңесінің мүшелері жастармен дидарласып, олардың бойына Қасым ақынның отаншылдық рухын сіңіруге тілектестік ниетпен келгенін жеткізді.

Сонымен қатар, ардагерлер Қасым Аманжолов туралы деректер айтып, ақынға арналған өлеңдерін оқыды. Іс-шара барысында байланысқа шыққан Қасымның туған жеріндегі музей қызметкерлері мұражайда ашылған ақын бөлмесіндегі тұрмыстық жәдігерлермен және қаламгердің әдеби кітаптарымен таныстырды. Қасым Аманжоловтың әдеби мұрасын дәріптеу мақсатында қаншама іс-шаралар өткізілуде. Бейнелеу өнері музейі де қалыс қалмай, суретшілер арасында «Қыран қанатты Қасым» атты байқау ұйымдастырған екен. Ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында өткізілген байқауға 20-дан астам жұмыстар түскен. Олардың ішінде 4 сурет іріктеліп, үздік танылды. Байқаудың шарты бойынша салынған портреттерді музей қорына тапсырған. Кездесуге шақырылған облыстық бейнелеу өнері музейінің ғылыми-әдістеме бөлімінің басшысы Мейрамгүл Елубаева сол суреттерді көрерменге таныстырды.

– Портреттен ақынның тек сыртқы бейнесін ғана емес, оның өмір иірімдерін де көруге болады. Байқауда график-суретші Манатбек Аманбаевтың «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп аталатын портреті үздік деп танылды. Оның картинасында Қасым ақынның бүкіл жүріп өткен өмір жолы бейнеленген және ол ақынның ішкі жан дүниесін танып, қылқаламмен суреттей білген. Сондықтан, бұл шығарма терең философиялық туынды деп бағаланды, – деді М.Елубаева.

Сондай-ақ, іс-шара соңында Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар және музей жәдігерлері бөлімінің қызметкері Жанат Шпанова Қасым ақын мен жазушы-журналист Жайық Бектұровтың арасындағы шығармашылық байланыс туралы, олардың бір-біріне деген сыйластығы және Жайық Кәгенұлы ақынның туған жеріне оралуға себепкер болғаны жөнінде деректер айтты.

– Мен осындай шараға студент болғалы бірінші рет қатысып отырмын. Ақынның өмірі туралы біраз мәліметтерді білдік. Қасым Аманжоловтың «Нартәуекел» атты өлеңін жатқа оқып бердім. Ардагерлер риза болды. Басқа да студенттер өз өнерлерін көрсетті. Танымал тұлғаларға арналған игі шаралар жалғасын таба берсін демекпін, – деді Қарағанды медицина университетінің 1-курс студенті Диана Рахман.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button