Өңірдегі «Smart Assembly» цифрлық жобасы әлеуметтік жауапкершілікке бастайды
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Қарағанды облысында қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық татулық пен өзара түсіністікті тереңдетуге бағытталған ауқымды әрі жүйелі жұмыстар атқарылды. Өңірдегі мерейтойлық іс-шаралар бір реттік акциялармен шектелмей, қоғамның барлық саласын қамтыған мазмұнды бастамаларға ұласты.

Жыл бойы облыс аумағында 1500-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 80 мыңнан астам адам тартылды. Бұл көрсеткіштердің өзі Қарағанды өңірінің қоғамдық келісім саясатын іске асырудағы белсенділігін айқын аңғартады. Ассамблея жұмысына қосқан үлесі үшін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 мүшесі мемлекеттік және қоғамдық наградалармен марапатталды.
Қарағанды облысының қоғамдық келісім саласындағы тәжірибесі республикалық деңгейде де жоғары бағаланды. Аймақта «Ақсақалдар кеңесі» мен «Аналар кеңесінің» республикалық отырыстары өтті. Бұл – өңірдің этносаралық саясатты іске асырудағы салмақты орнын көрсететін маңызды оқиға.
Ассамблея мүшелерінің бастамасымен Қарағанды қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мурал салынды. Ол халық бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығы мен ортақ құндылықтардың көркем бейнесіне айналып, қала тұрғындары мен қонақтарының назарын аударуда.
Қоғамдық келісім тек диалогпен ғана емес, нақты іспен де бекемделетіні белгілі. Осы бағытта «Жомарт Жан» орталығы белсенді жұмыс атқарды. Орталықтың ұйымдастыруымен 113 қайырымдылық іс-шарасы өтті. Оның ішінде 200 балаға арналған дәстүрлі жаңа жылдық шырша мерекесі де бар. Бұл шаралар қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік пен жанашырлық мәдениетін арттыруға ықпал етті.
Жастар саясатын дамыту да назардан тыс қалмады. Өңірде екі студенттік ассамблея құрылып, Қарағанды облысының төрт жетекші жоғары оқу орнында Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедралары жұмыс істей бастады. Сонымен қатар, Жас ғалымдар клубы құрылып, ғылыми еңбектер жинақтары жарық көрді. Бұл бастамалар Ассамблея құндылықтарын ғылыми-танымдық деңгейде зерделеуге жол ашты.
Қоғамдық татулықты нығайту еңбек ұжымдарында да жалғасын тапты. Облыстың екі ірі өнеркәсіптік кәсіпорнында еңбек ассамблеялары құрылып, жұмысшылар арасындағы диалог мәдениетін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Ал, қазақ тілін үйренуге ниетті жандар үшін ұйымдастырылған «Мәміле» сөйлесу клубында 200-ден астам адам білім алды.
Қақтығыстардың алдын алу – қоғамдық келісімнің маңызды тетігі. Осы мақсатта 25 медиатор Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтында арнайы оқудан өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жаңғырту мен тиімділігін арттыруға бағытталған «Smart Assembly» цифрлық жобасы іске қосылды. Бұл жоба қоғамдық келісім саласына заманауи технологияларды енгізуге жол ашты.
Өз тілшімізден



