Қыннан шыққан «Аманат»
«Рухани жаңғырудың» жаңа лебіне баладық біз. Осы күнге дейін есімдері ел ішіне аса таныс емес, алайда, ХХ ғасырдың басында Арқадағы қазақтың арасына рухани сәуле шашып, жыр ұштап, дін ұстаған ақындар мен діндарлардың бұрын баспа бетін көрмеген шығармалары тұңғыш рет кітап болып шықты. Қарағандыдағы «Тенгри» баспасынан жарық көрген «Аманат» атты кітаптың тұсаукесері оны құрастырып шығарушы редактор мен Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен өтті.
Қанша тұншықтырғанымен, өткір рух, өнегелі сөз өлмейтініне осы кеште куә болдық. Құдайсыз қоғам құртып жібергісі келгенімен, қын түбінен жарқырап қайта шыққан «Аманат»! Бұл кітапқа Қарағанды аймағында туған, заманында болмаса, есімдерін бүгінгі орта біле бермейтін ақындар мен діндарлардың естелік жазбалары мен өлең-жырлары топтастырылған. Қажыбай Мәндібайұлы, Қалижан (Мұхамедқали) Жандығұлұлы, Қоқым (Біләл) Алшымбекұлы, Нұржан Шоңұлы, Дүйсенбай Маңайұлы сынды тұлғалардың шығармалары тәуелсіздік таңы атқанша Жұмабай Жандығұловтың үйінде қадымша ескі араб әліпбиі (сұлу жәдитше) үлгісінде қолжазба күйінде сақталып келген. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Жұмабай Жандығұловтың айтуынша, қадымша таңбаланған бұл қолжазбалар әкесіне атасынан аманатқа қалған да, ешкім оқи алмағандықтан, 2000 жылдың басына дейін сандық түбінде сақтаулы келген. Кейіннен сұрастыра келе, ескі мұраларды тірілтіп, бүгінгі әліпбиге аударушы Ақтоғай ауданы, Шабанбай би ауылының имамы Айдаржан Қасенов болса, кітаптың құрастырып шығарушы редакторы – ақын, жазушы Серік Сағынтай.
Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысы филиалының директоры, ақын Серік Ақсұңқарұлы: «Мен бұл авторлар еңбектерінің әдеби айналысқа түскеніне қуанып тұрмын. Теңдессіз қазына ғой. Нағыз рухани жаңғыру деген – осы. Бала күнімізде біз бұл ақындарды ел аузынан ілу де шалу ғана естіп қап жүретінбіз. Әсіресе, Нұржан Шоңұлының өлеңдерін. Кезінде Ақтоғай аудандық газетінің редакторы ел аузынан жазып алып, Нұржан ақынның бірер өлеңін газетке жариялағаны есімде. Өлең жазуды кәсіп қылмаған, оның техникасын меңгермеген, жүрегінде не бар, соны ақтарып тастап жүрген нағыз ақындар – осылар. Сондықтан, бұл кітап – қазақ руханиятының олжасы деп білем» деді.
«Аманатқа» енген авторлардың бірі – Қажыбай Мәндібайұлы 1960 жылдары Қарағанды қаласы, Киров аудандық мешітінің бас имамы болған. 1961 жылы 80-нен асқан шағында Мәскеуден арнайы делегациямен Меккеге қажылық сапарға барған жалғыз қазақ. Дін оқуын оқыған, араб тіліне жетік ғұлама адам. Белгілі фарабитанушы Ақыжан әл-Машанимен хат жазысып, әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аударуға тікелей еңбек сіңірген азамат. Аталған кітапта Қажыбай Мәндібайұлының қажылық сапарынан жазған естелігі берілген.
Сондай-ақ, Қоқым (Біләл) Алшымбекұлы – Алаш арысы Жақып мырза Ақбайұлының адъютанты болған. Кейіннен сот қызметін атқарып, қартайған шағында адвокаттық қызмет атқарған. Ел ішінде Қоқым жырау ақын ретінде кеңінен танылған. Бұған дейін Қоқымның бірде-бір шығармасы табылмаған, тек ел аузында аңызы ғана қалған.
Жинақтағы Нұржан Шоңұлы болса – Арқаға танымал ақын. Соңында еш жазба шығармасы қалмаған. Кітапта ақынның Алшымбек қажының (Қоқым жыраудың әкесі) қажылық сапарда шейіт болғанын баласына естірту жыры жарияланып отыр. Бұл шығарма әдебиетшілер тарапынан үлкен бағаға ие болары сөзсіз.
Дүйсенбай Маңайұлы – діни сауаты мол, аймаққа танымал ақын болған. Оның қолжазбадан аударылған шығармалары оқырманға тұңғыш рет ұсынылып отыр.
Қалижан (Мұхаммедқали) Жандығұлұлы – дін жолын ұстанған оқымысты адам. 76 жасында осы кітапқа енген жазбалардың бірқатарын жадынан жаңғыртып, қағазға түсірген.
«Аманат» кітабында қазақ әдебиетінің тарихына тың хрестоматиялық үлес қосатын дүниелер тұңғыш рет жарияланып отыр. «Қолжазбаларды оқи отырып, кеңестік дәуірдегі қазақ қоғамындағы, Қарағанды аймағындағы діни-әлеуметтік жағдаяттарды да сараптауға болады» дейді әдебиетшілер.
Тұсаукесер рәсіміне кітапты кириллицаға аударған құрастырушы, Шабанбай би ауылының имамы Айдаржан Қасенов пен шығармалары енген авторлардың ұрпақтары: Барақат Қоқымұлы, Гүлсім Орынбайқызы, Бағдат Кәрімұлы, Төлеужан Ахметбекұлы, медицина ғылымдарының кандидаты Малина Қажыбайқызы, «Тоқырауын тынысы» газетінің тілшісі Сәбиля Нұржанова, Әлия Молдағұлова атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсия Нығметова және Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері С.Жанысбай қатысты.
Жәнібек ӘЛИМАН.