Қымызмұрындық
Елімізде төтенше жағдай жарияланбағанда дәл қазір ел жаққа барып, ағайын, туған-туыспен бас қосып, арқа-жарқа болып, биебауды сылтауратып әр үйге кіріп, Жаңаарқаның бал қымызын сіміріп отырар едім. Бала кезден құлаққа сіңісті болған ұлтымыздың «Биебау» дәстүрін кей өңірлерде «Қымызмұрындық» деп те атайды. Қалай атасақ та, осынау керемет дәстүрдің түпкі мәні жоғала қоймасы анық…Жер аяғы кеңіген тұста, үйірдегі айғырды қолға ұстап, биелер құлындап бола берген шақта желі тартылып, бие байланып, ауылдағы ағайын алғашқы қымыздың дәмін татқан. Өздері ғана дәм татып қоймай, қымыз әбден бабына келген кезде (3-4 күннің мұғдарында) етжақын ағайын мен көрші-қолаңға: «Біздің үйге биебауға келіңіздер» деп хабар жіберген. Биебаудың шеке, омыртқа немесе басқа да қонаққа шақырудан ерекшелігі – еттен кейін шай орнына қымыз беріледі. Алғашқы қымыздан ауылдың үлкендері дәм татып, батасын берген.
Егер, сіз ауыл аралап жүріп, желіге құлын байлап жатқан ағайынның үйіне тап болсаңыз «Байлар көбейсін!» – деп айтуыңыз керек. Жалпы, ертедегі қазақтар бұл күні ырымдап желіге, айғырдың жалына, биенің сауырына сары май жаққан деседі.
Ауылда біреу бие байласа, қалғандарына қымыз әзірлеу оңайырақ болады. Себебі, әлгі үйден өздеріне қымызға қор алады. Қор деп отырғанымыз – ашытқы, ұйытқы. Қорыңыз жақсы, яғни, сапалы болса, сіздің қымызыңыздың дәмі де тіл үйіретін боп шығады. Ертеректе бір үйден қымызға қор сұрай келген адам сол үйдің сабасының піспегіне бір құлаштай ақ мата байлап кететін болған. Бұл – оның тілегі мен көңілінің ақ екенін, өзінің ақ сұрай келгенін білдіретін ырым. Сөйтіп, өзіне керегінше қор құйып алған.
Қымыз ішудің де өзіндік салты бар. Қымыз толы тостағанды ерніңізге апармас бұрын жаныңыздағы серіктесіңізге, жолдасыңызға немесе сол өзіңіз қымыз ішіп отырған үйдің иесіне қолыңыздағы қымызды «мінекейіңіз» немесе «алыңыз» деп, ұсыну ишарасын жасауыңыз – шарт. Бұған әлгі адам «бұйырсын» деп жауап беретін болған. Қымыз содан кейін барып ішілген. Бұл – қымызмұрындық, биебау кезінде ғана емес, әр кезде, қымыз ұсынылған уақытта айтылуы тиіс жазылмаған заңдылық.
Жалпы, «Қымызмұрындықты былай тойлау керек, жоқ, мыналарың дұрыс емес, негізі былай ғой», – дейтіндей, қатып қалған қағида жоқ. Біз бала кезімізден көзіміз қанып өскен дүниені жазып отырмыз. Әйтпесе, ертеректе бұл күні көкпар тартып, балуан белдестіріп, аламанға ат қосқан болар.
Қымыздың бапталуы жайлы жеке бір мақала жазса да болады. Оның дәмді болуы қорынан бөлек, күбіңіздің күтіміне де байланысты. Айталық, тобылғымен ысталған күбінің қымызының дәмі киікотымен ысталған күбіден шыққан қымыздың дәмі ен өзгешелеу болады. Қымызды айына, жылына бір ішетін кейбіреулер «Жақсы қымыз быжылдап тұруы керек, оның дәмі кермек татып, ащы болуы тиіс», – деп те жүр. Ал, ақиқатында жақсы қымыздың дәмі бал секілді болады, сіміре ішіп, жұта бересіз. Сәлден соң Сарыарқаның сары қымызы буыныңызға түсіп, масайып қалғаныңызды өзіңіз де байқамай қаласыз.
Қымызы жақсы үйлер ертеде көз тимес үшін түрлі амалдар жасаған деген аңыздар бар. Бір байдың үйінің қымызы елден ерек дәмді, биелері сүтті болса керек. Сол байдың бәйбішесі сабасына ырымдап жұдырықтай жұмыр тас сап қояды екен. Бір күні жолаушылап келген құдайы қонақтың бірі «Паһ-паһ! Қандай ғажап дәм?! Мынаны құдды бал қосылған қымыз бұлағынан құйып алған ба дерсің. Тіл-аузым – тасқа!», – деп тамсанған екен. Әлгі қонақ аттанып кеткен соң саба түбіндегі тасты алып қараса, ортасынан қақ бөлініпті деседі…
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – жалпы қоғам үшін қайтарымы аса қомақты, өте тамаша құжат. Аталған бағдарлама аясында жер-жерде «Қымызфест», «Қымызмұрындық» шаралары ұйымдастырылуда. Соған орай, бізден бір ұсыныс – ұлттық ғұрыптан бастау алатын тартымды шараны жаз ортасында немесе күздің басында ұйымдастырмай, өз уақытында, яғни, алғашқы қымыз әзірленетін мерзімде өткізудің жолға қойылуы. Бағамдай білсек, тағылымды дәстүрді кейінгі буынға жаңа тәсілмен өңін айналдырмай, қалпын бұзбай жеткізудің өзі – үлкен жауапкершілік.
Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.