Бас тақырыпМәселе

Қымбат дәрі дертке дәру бола ма?

Қарапайым халық үшін аса қажет тауардың бірі – дәрі-дәрмек. Дәрі-дәрмек төңірегінде шешімін таппай жатқан мәселе көп. Ең өзектісі – дәріхана сөресіндегі препараттардың бағасы қымбат. Тұрғындарды әбден әуреге салған дәрі-дәрмек бағасына қатысты түйткілдің түйіні тарқамай тұрғанына да талай жылдың жүзі болды. Қазақстан дәрі-дәрмегі қымбат елдердің қатарына кіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, дәрі бағасы Қырғыз, Ресей, Беларусь елдерінен жоғары. Халықаралық ұйымның қорытындысынан бөлек, елімізде кейінгі екі-үш айда дәрі бағасы 30 пайызға қымбаттаған.

Кенді аймақта да дәрі-дәрмек бағасының өсуі байқалады. Әсіресе, дене қызуына, қабыну мен бактерияға қарсы дәрілердің бағасы қымбаттаған.

Фармакологиялық әртүрлі топтарға жататын дәрі-дәрмекке тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Бөлшек саудадағы бағаға талдау жасау кезінде препараттардың басым бөлігі орташа есеппен 10%-ға жоғары.

– Күнделікті ішетін қан қысымының дәрісін аламын. Айына бір рет. Келген сайын бағасы 20- 30 теңгеге өсіп тұрады. Тамақтың бағасы күн сайын өсуде. Азын- аулақ зейнетақы жетпейді, – дейді өзін Галина деп таныстырған әжей.

Шындығында, қала басындағы дәріханаларда дәрі бағасының өскендігі туралы жиі айтылады. Мәселені анықтау мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне хат жолдадық.

– Осы жылдың желтоқсан айының басындағы бағаларды талдау дәрілік заттардың жекелеген атаулары бойынша бағалардың өсуі мен төмендеуін көрсетті. Бөлшек сауда бағасы мен өндіруші бағасының өсуі, ұйымдастыру шығындары және қаржы нарығындағы өзгерістері дәрілік заттар бағасының құбылуына әкеп отыр, – дейді аталмыш департамент басшысы Ольга Смирнова.

Сонымен қатар, дәрілік заттардың бағасын көтерме және бөлшек сауда да жылына екі рет мемлекеттік реттеумен шекті бағаларды белгілеу арқылы жүзеге асырылады. Ол 2021 жылдың 27 тамызындағы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген. Биыл дәрілік заттарға бекітілген шекті бағалардан асып кеткендігі туралы фактілердің тіркелмегендігін де жеткізді.

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса дәріге тәуелдіміз. Дәрі – денсаулығымыздың кепілі. Дұрыс тамақтанудан гөрі, уақытпен санасып дәрі ішуді қажеттілікке айналдырдық. Тапқан табысымыздың қомақты қаражаты да дәрігекетеді. Вирус күшейген тұста, дәрі бағасы да шарықтай түседі.

Департамент мәліметінше, Польша елінде өндірілетін «Ибуфен-ультра» дәрісінің (200 мг) орташа бағасы ІІІ тоқсанда 761,25 теңге болса, желтоқсан айының басында 819 теңге болған. Өсім – 7,05%. Шекті баға – 1194,25 теңге. Үндістанда өндірілетін инъекцияға ерітінді дайындауға арналған ұнтақ «Цефис» (1 г) препаратының бағасы ІІІ тоқсанда 4218 теңге, желтоқсан айының басында 4440 теңге. Өсім – 5%. Шекті баға – 6914,46 теңге. Бұл – тек екі түрлі дәрінің бағасы. Шекті бағаны ескере отырып, бірнеше дәріхананың сайтындағы бағасын да байқадық. «Ибуфен» 1030-1050 теңге аралығында, «Цефис» – 4440 теңге, яғни мониторинг бағасымен сәйкес келді. Дегенмен, шекті бағаны ескеретін болсақ, алдағы уақытта жеті мың теңгеге өсуге мүмкіндік бар.

– Қазір тұмау өршіп тұр. Отбасымызбен ауырдық. Ауылда дәріхана жоқ, дәрілерді аудан орталығынан алғызамыз. «Парацетамол», «Мукалтин», «Терафлю» секілді дәрілерді 4000 теңгеге алдырдым. Дәрінің бағасы қымбаттап кетіпті. Ауырған соң еріксіз ішеміз. Бағасына да қарап жатқан жоқпыз,– дейді қарқаралылық Назира Кәдірбек.

Маусымдық сырқаттану көрсеткішіне орай ЖРВИ-ға байланысты вирус пен бактерияға қарсы препараттармен, қызуды басатын дәрілерде бағаның қатты өскендігі байқалмайды.

Аймақтағы дәрі бағасын тұрақты ұстау, белгіленген шекті бағадан асырмау үшін департамент дәрілік заттар мен бұйымдарды босататын субъектілермен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қояды. Аталмыш құжат шеңберінде департамент дәрілік заттардың 250 түріне мониторинг жүргізеді.

Дәріге қажеттілік жойылмайды. Дәрі таңдауда сауат та аз. Мәселен, басы ауыратын адамның қалтасында бірнеше түрлі дәрі жүреді. Біреуін ішіп, ауырғаны басылмаса, екіншісін ішеді, әрі қарай үшіншісі дегендей кете береді. Бұл сорақылық денсаулығына зиян екенін, басын емдеп, басқа ағзасын улап жатқанына да мән бермейді. Дәрігерге барып емделгеннен гөрі, көрші-қолаң, тамыр-таныстың нұсқауымен ем қабылдап, сан соғып қалып жатады. Мәселен, жылына 1000-нан астам адам дәрілік препараттардан уланады екен. Сондай-ақ, адамдарда арзан дәрілерде сапа жоқ, қымбат дәрілердің қуаты мықты деген түсінік қалыптасқан. Мүмкін осындай сауатсыз талғаудың дәрі бағасына да әсері болса керек.

Қазіргі уақытта аймақта 488 дәріхана, 27 жеке дәріхана қоймасы жұмыс жасайды. Олардың қорында 1 015 267 дана қызуды басатын, 103 904 дана вирусқа арналған, 321 908 дана бактерияға қарсы, 71 224 дана антикоагулянт, антиагрегант, 14 690 дана гормональді дәрі-дәрмек пен 798 023 дана медициналық маска бар.

Сырқат. Дәрі. Баға. Осы үштікке шырмалып жүргенде, денсаулықтың қадірін кетірмесек игі. Дәрі бағасы қымбат деп шырылдап жүргенде сапасын санадан шығарып алмасақ болғаны.

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button