Ғылымның жаңа белесі
Жаңа ғасырда Қазақстанның техника және ғылым саласы бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындыра алды. Мәселен, пандемия кезінде қазақстандық ғалымдардың COVID-19-ға қарсы отандық вакцина жасауы аса маңызды жетістік болды.
Кез келген мемлекет гүлденуінің кепілі – оның ғылымы, зерттеулері мен өнертабысы. Ел Президентінің бастамасымен ғылым саласы өзінің даму арнасына түсті. Айталық, Ғылым және жоғары білім министрлігінің жеке шығуы, ғылымды қаржыландыру көлемінің артуы, ғалымдарға жағдай жасау, жас ғалымдарға гранттардың көптеп бөлінуі секілді оң өзгерістер бар.
Ғалымдар саны көбейді
Еліміз жоғары әрі сапалы экономикалық өсу бағытын ұстанады. Алайда, оған ғылымсыз қол жеткізу, әсте, мүмкін емес. Алғашқы қадам жастарды білім мен ғылымға баулудан басталды. Үкімет жас ғалымдарды қолдауға бағытталған бағдарламалар мен шараларды жүзеге асырып жатыр. Мәселен, биыл 28 наурызда Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023- 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2022 жылдан бастап «Жас ғалым» жобасы бойынша жыл сайын 1000 грант бөлініп, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалды. Жетекші ғалымдардың еңбегіне ақы төлеуді базалық қаржыландыруға 85 ғылыми-зерттеу институты енді, 16 ғылыми ұйымның жабдықтары жаңартылды.
Өткен жылмен салыстырғанда ғылыммен айналысатын адамдар саны артып келеді. Оның ішінде 40 жасқа дейінгі жас ғалымдардың үлесі 46%-ды құрайды.
Ұлттық статистика бюросының былтырғы мәліметі бойынша, Қазақстанда ғылым саласында 21 782 адам қызмет атқарады. Олардың үштен бірінің ғылыми дәрежелері бар, оның ішінде 1697 ғылым докторы, 4165 ғылым кандидаты, 1340 PhD докторы, 293 ғылым докторы атағына ие.
Қарағанды облысының тоғыз жоғары оқу орнының профессор-оқытушылық құрамында 2942 адам бар. Сондай-ақ, 200 адам докторантура бітірген. Бұл – ұлттық статистика бюросының 2021 жылғы мәліметі.
Бүгінгі таңда қазақстандық ғалымдар шетелдік ғалымдармен қатар медициналық биотехнология, трансплантология, геология, минералды және көмірсутекті шикізатты өңдеу, агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заманауи әзірлемелерге қатысуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің жария мәлімдемелеріне сәйкес, 2021 жылдың басында әлемде коронавирусқа қарсы 200-ге жуық вакцина әзірленген, ал 63 дәріге сынақтар жүргізілген. Қазақстан өз вакцинасын жасаған бесінші ел болды, ал оны пайдалану халықты вакцинациялау үшін қолданылатындар тізімінде жетінші орынға жайғасқан. Сондай-ақ, біздің ғалымдар адам ағзасында коронавирустың бар-жоғын анықтауға арналған экспресс-тесттерді алғашқылардың бірі болып ойлап тапты.
Қазақ ғылымының тарихы
ХХ ғасырда Қазақстан ғылымының дамуы академик Қаныш Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты. Қаныш Сәтбаев Қазақстанның металлогениялық картасын тұңғыш рет жасап, жер қойнауының сиқырлы байлығын, пайдалы қазбаларын көрегендікпен ашқан. Сарыарқаның металлогендік және болжам карталарын жасап, оны өндіріске қосу арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың бірталай жаңа кен орындары ашылды. Бірталай қазба байлыққа бүтіндей жаңа өндірістік баға берілді. Ол Қарағандыда металлургиялық завод салуға, Қостанай, Алтай темір және марганец, Қаратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді. Қазақстан ғалымдарының ірі шоғырының ақылшысы, тәрбиешісі болған. Сондықтан да, ол – қазақ ғылымының атасы атанған.
ХІХ ғасыр – ғылым мен техниканың дамыған дәуірі. Адам қиялының арқасында қаншама дүние, техникалар жасалды. Жаңа ғасырда жаңа Қаныштар әлі шыға қойған жоқ. Дегенмен, мемлекеттің ғылымға қамқорлығы арқасында талай дүние, жаңа есімдер жарыққа шығатынына шүбә жоқ.
Мемлекеттің ғылымға қамқорлығы
Мемлекет басшысының қолдауымен соңғы жылдары ғылым саласында айтарлықтай оң өзгерістер болды. Ғылымды дамыту бағытында бағдарламалық құжаттар бекітіліп, қажетті ресурстармен қамтамасыз етілді.
Биыл 28 наурызда бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы ұлттық деңгейдегі қолданбалы мәселелерді шешу үшін ғылымды дамытуға бағытталған.
Тұжырымдама бойынша ғалымдар санының бір жарым есеге артуы, елдің ғылыми экожүйесін жаңғырту, ғылымның нақты сектор проблемаларын шешуге қосқан үлесін арттыру, бюрократизация, цифрландыру, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» аясындағы жұмыс арқылы ғылым сапасын жақсарту күтіледі.
Біздің елімізде ғылымның дамуына үлес қосатын мекемелер – ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары. Мемлекет басшысының бастамасымен мұндай ұйымдардың дамуына көңіл бөлінуде. Айталық, 2021-2023 жылдары республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру екі есеге жуық өсті. 2023-2025 жылдарға ғылым бюджеті 3,5 есеге ұлғайтылды, барлығы 643 млрд. ғылымға инвестицияланады. Бизнес тарапынан қосымша 6,9 млрд. теңгеден астам жеке қаржыландыру тартылды.
Сондай-ақ, ғалымдарға жағдай жасалуда. Олардың орташа жалақысы екі есе өсті. Мәселен, 2021 жылы ғалымдардың орташа жалақысы 152 мың теңгені құраса, 2022 жылы 252 мың теңгеге артты. 2022 жылдан бастап ғылыми-зерттеу институттарының 700 жетекші ғалымы базалық қаржыландыру шеңберінде жалақымен қамтамасыз етілді. Іргелі зерттеулермен айналысатын жетекші ғалымдар гранттық конкурстарға қарамастан, бұдан былай тұрақты қаржыландыруды ала алады.
Ғалымдарды ынталандыру мақсатында жыл сайын ғылым саласындағы сыйлықтар беріледі. Сонымен қатар, докторантураға түсу үшін гранттар саны көбейтіліп, талаптары да күшейтілді. Олардың шәкіртақысы 82 мыңнан 195 мың теңгеге дейін өскен болатын.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz