Тұлға

Ғылым жолындағы ғұмыр

   Тоқмырза ЫНТЫҚОВ 1962 жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түскенде, тобында 28 студент болыпты. 1967 жылы соның ішінен 11-і ғана бітіріп шықса керек. Арасында біздің кейіпкер де бар, әрине. Қазір болса, бір топ түгелімен аяқтап, диплом алып шығар еді. Бұрынғы білім деңгейі мен бүгінгі білім деңгейіне деген талапты осыдан-ақ шамалай беріңіз…

Ол кездегі білім беру жүйесі бойынша сабақтың 70 пайызы жұмыс орындарында іс-тәжірибемен ұштастырылады екен. Студенттер күндіз кәдімгідей жұмыс істеп, қалған 30 пайыз уақыт қана кешкісін теориялық білімге жұмсалады екен. Сіздің ше қалай бұл? Теория мен тәжірибе қабысқаны жақсы ғой, бірақ, теориялық біліммен де қаруланар тұста тәжірибені шамадан тыс асырып, жұмысқа жегіп жіберген жоқ па студентті? Бұл жердегі бір мәселе – осындай ауыртпалыққа төзген біздің кейіпкердің қажыр-қайратында болып тұр.

Тоқмырза Смағұлұлы 1942 жылы сұрапыл соғыс жылдарында тағдыр тәлкегімен тәжікелесе туыпты. Бірінің әкесі жоқ, екіншісінің әкесі мен шешесі қоса жоқ, қиын кезең ғой. Қайсыбіреулерінің төрт құбыласы тең болса да, балалығын бейнетке, албырттығын мехнатқа айырбастауына тура келді. Қайрат-қажыры қара нарға жүк болар жігерлілері от пен судың ортасынан шығып, ағысқа қарсы жүзді. Осындай тұлғаның бірі Тоқмырза Ынтықовтың туған жері бұрын Жаңаарқа, қазіргі Шет ауданына қарасты Дәрия станциясы. Тоғыз жолдың торабы. Қадымдағы қазақтың ханжайлауы, кейінде ҚарЛаг орын тепкен бекетте бүгінде қазақ-орысы қайысып ел отыр. Осындағы қарапайым теміржолшының отбасында дүние есігін ашқан Тоқмырза Смағұлұлы ортасына қарай орысшаға бейім өседі. Үйдің үлкен балалары өзді-өзі шаңырақ құрып, жан-жаққа қоныс тепкенде, бұл кісі әке-шешесінің жанында қалады. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, қара шаңырақтағы бар ауыртпалық кенже бала Тоқмырзаның мойнына түседі. Жазы-қысы үйдің ішкі-сыртқы жұмысы: отын-суы, малдың қысқы жем-шөбі жас жеткіншек түгілі соқталдай бір жігітті жіпсіз байлайды. Аттың жалы, түйенің қомында жүріп, сабаққа да уақыт тапқан жасталаптан болашақ профессор шығарын ол кезде кім біліпті? Сөйте жүріп, Қарағанды тау-кен техникумына оқуға түскен Тоқмырза жазғы каникулында ауылға ат басын тіреп, әке-шешесіне қолғабысын тигізіп жүрді. Ауылдан шыққан әрбір қазақ баласының бойынан табылуға тиіс асыл қасиет бұл кісіге де сіңісті, ендеше. Отбасынан басталған ол қасиет кейін елге, Отанға деген махаббатқа ұласқанына – бүгінгі қызмет жолы куә. Көз жіберіп көріңіз онда.

Институтты ойдағыдай аяқтаған Тоқмырза Смағұлұлы бұрынғы Ульянов, қазіргі Ботақарада 1 жыл қызмет атқарады. 1968 жылы институттың арнайы шақыртуымен оқу орнына ассистент болып орналасады. Алайда, оқып жүрген кезінен озаттығымен көзге түсіп, қарым-қабілетімен танылған жас маманды оқу орнының ректоры Әбілқас Сағынов 1969-1970 жылдар аралығында Мәскеу жол көлік институтына ғылыми-зерттеу тәжірибесінен өтуге жібереді. Тәжірибе курсын үздік аяқтаған жас маман сонда қалып, күндізгі бөлім бойынша аспирантураға түседі. 1974 жылы Мәскеу жол көлік институтынан кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Кейін академик жақсылығының өтеуіндей, ҚарМТУ-дың алдына қойылған Ә.Сағынов ескерткіші тікелей Тоқмырза ағамыздың мұрындық болуымен тұрғызылды.

Өз саласы бойынша ғылым-білімге жүйріктігі өз алдына, қиыннан қиыстыратын шебер ұйымдастырушы Тоқаңның бұдан былайғы өмірі тікелей оқу-ағарту саласымен тығыз байланысты. 1975 жылдан бастап қазіргі ҚарМТУ, бұрынғы политехникалық институттың сырттай оқу бөлімінің (1975-1982), жұмысқа дайындау факультетінің (1982-1983), жол көлік факультетінің (1983-1987) деканы қызметін абыроймен атқарды. Одан кейінгі 1987-1991 жылдары автокөлік кафедрасының меңгерушісі, сондай-ақ, ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында қызмет атқарып, полковник шенімен 1999 жылы зейнеткерлікке шықты. Қазір ҚарМТУ-дағы жол көлік факультетінің директоры. Профессор 2006 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР құрметті автокөлікшісі», былтыр Президент Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша «Парасат» орденімен, тағы басқа атақтармен марапатталды. Сонымен қатар, 90-нан астам ғылыми мақала мен 7 оқулықтың авторы. Жары Сәуле Мұстафина С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының дыбыс режиссері. Өмір бойы елге қызмет етіп келе ерлі-зайыптылар биыл 75 жасқа толып, мерей биігіне шығып отыр.

«Смағұл пірәдардың кенже баласы Тоқмырза соңынан ерген бауырдың, өзі туған ауылдың балалары үлгі тұтар аға, ел азаматы бүгінде. Соғыстан кейінгі ауыл тіршілігіне ерте араласып, еңбекқор боп ер жетті. Көп жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарды. Елге еңбегі сіңген, халқымыздың қалаулы азаматы атанған шәкірттері де аз емес.

Ағамыз Тоқмырза мен жеңгеміз Сәуле биыл мерейлі жасқа толып отыр. Екеуі де адал еңбектерінің арқасында алғысқа бөленіп, елге жақсылықтары көп тиген жандар. Ендеше, елім деген екі жақсының шаңырағы шаттықтан шалқи берсін! – дейді інілері Бейбіт.

Нұрбибі Смағұлова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button