Ресми

Ғылым мен өндіріс ұштасса…

«Бүгінде ғылыми прогреске сүйенетін елдер әлемде көшбасшы орынға шыққан. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек», – деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында. Сонымен қатар, «Ғылымды мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен бөле-жара қарастыруға болмайды. Оны ел мен қоғам игілігі үшін тиімді пайдалану қажет. Ғылым дерексіз, яғни, абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс» – деп баса айтты. Осы мақсаттарды басшылыққа ала отырып, облыс әкімдігінің тиісті Қаулысымен Қарағанды облысының Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңесі құрылды. Оның құрамына облыс әкімдігінің, жергілікті атқарушы органдардың, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының, бизнес және өндіріс өкілдері енді. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың төрағалығымен Қарағанды облысы Ғылым және технологиялар кеңесінің отырысы өтті.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Отырыста кеңеске ғылыми-техникалық әлеуетті пайдала­ну тиімділігі және тұтастай ал­ғанда өңірдің әлеуметтік-эко­номи­калық дамуын арттыруға әсе­рін ескере отырып, ерекше назар аударуды қажет ететін мәселелерді айқындау қажеттігі аталды. Ал, кеңес мүшелерінің пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, жұмыс жоспарлары әзірленбек. Осылайша, ол шынайы табыс әкелетін нақты және маңызды істерге назар аударылады.

Облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов оты­рысқа қатысушыларды кезекті оты­рыстың күн тәртібін алдын ала талқылай келе, тоқсанына бір рет жиналуды ұсынып, Қарағанды облысының Ғылым және технология­лар жөніндегі кеңесі жұмысының ережелерімен және тәртібімен таныстырды.

Отырыс барысында бірқатар қы­зықты ұсыныстар айтылды. Мысалы, әртүрлі пилоттық жобаларды сериялық өндіріске енгізер алдында оларды сәтті сынақтан өткізетін инновациялық технопарк­тер құрудың шетелдік тәжірибесін немесе қызметтің перспективалық бағыттарын көрсете оты­рып, өңірлік ғылыми-техникалық атлас құру мәселелері назарға алынды. Жалпы, облыс ең батыл идеяларды жүзеге асыра алатындай жеткілікті ғылыми және техникалық әлеуетке ие. Бұған «Фитохимия» ғылыми-өндірістік орталығының қажеттіліктері үшін отандық қолөнершілер жасаған экстракторлардың мысалы қосымша дәлел бола алады.

Қатысушылар арасында ғылыми ұйымдардың, индустрия мен бизнестің басшылары, «Корпоративтік университет» инновация­лық-білім беру консорциумының топ менеджерлері – «Қазақмыс» ЖШС, «Qarmet» АҚ, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Жәйрем КБК», «Шұбаркөл көмір» АҚ және басқалары болды.

Отырыс барысында қатысу­шылар бірауыздан Қарағанды бұрынғыдай көмірмен ғана шек­телмеуі қажет екенін айтты. Бүгінде Қарағанды – ірі өнеркәсіптік және мәдени орталық, қазір мұнда көмір өндірісі бірінші орында емес. Қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібі табысты дамуда, оның үлесіне жалпы өндіріс көлемінің 40 пайызы тиесілі, басқа салалар да табысты даму үстінде. Мұның бәрі ғылым мен өндірістің тығыз байланысын қажет етеді. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ала­ңы ғылыми әзірлемелерді ком-ме­р­­­­­­­­­­­­­цияландыруды дамытудың, сон­дай-ақ ғылыми ұйымдар мен өнеркәсіп өкілдері арасында жаңа байланыстар орнатудың бастапқы нүктесі болды.

Осы бағыттағы табысты жұмыстың дәлелі – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің өндіріспен ажырамас байланыста инновацияларды дамытуға бағытталғаны. Университеттің Басқарма төрағасы – ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Сағынтаеваның баяндамасы осының жарқын дәлелі болды. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті бүгінде тек білім беру мекемесі ғана емес. Бұл өнеркәсіпті өзгер­тетін ғылыми инновациялар туатын, әлемді өзгертуге қабілетті жаңа инженерлік-техникалық ше­шімдер әзірленетін орталық. Оны аймақтың ғылыми жүрегі жә­не инженерлік кадрларды даярлаудағы флагман деп атауға болады. Университеттің Қарағанды өңірінің тау-кен өндіру, металлургия және өңдеу өнеркәсібін дамытуға қосқан елеулі үлесін ерекше атап өткен жөн.

Бұл ректор өз баяндамасында келтірген Қарағанды облысының ірі ұйымдарының тапсырысы бо­йынша ғылыми-техникалық жобаларды орындаудың және университет ғалымдарының зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізудің жекелеген фактілері ғана.

Мәселен, «Qarmet» АҚ үшін университет ғалымдары көмір өндірудің жерасты технологиясын жаңғыртып, аса қауіпті қабаттарда көмір мен газдың кенеттен шығарылуын болдырмаудың технологиялық схемалары мен паспорттарын, шойындар мен болаттың тозуға төзімді құрамдарын алудың жаңа құрамдары мен технологияларын әзірледі.

«Жәйрем КБК» АҚ, «Шұбар­көл көмір» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС және «Соко­лов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ үшін тау-кен сканері мен роботталған тахеометрді пайдалана отырып, ашық кеніш ернеулерінің жай-күйіне тұрақты геомеханикалық мониторинг жүргізіледі.

«Шұбаркөл көмір» АҚ үшін ашық кеніш ашылуларын түсіру үшін лазерлік сканерді қолдану не­гізінде жақын маңдағы массив­тің жарылу қарқындылығын жылдам қашықтықтан бағалау әдісі әзірленді.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС үшін Жыланды кен орнының тосқауыл және камерааралық тіректеріндегі қорларды қайта игеру технологиясы енгізілді.

Пархоменко атындағы Қарағанды зауытымен бірлесе жасалған коррозияға қарсы бірегей жабынды жасау жобасы мақтаныш болып табылады, нәтижесінде облыс жаңа жұмыс орындарымен қамтылып, жергілікті өнім ұлттық деңгейге шығарылды. Қапталған металл конструкция­ларын тұтынушылар «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Қарағанды машина жасау консорциумы» ЖШС және т.б. Жоба нәтижелері «Ғылым қоры» АҚ қолдауымен коммерцияландырылды.

Қазақстандық көпсалалы қайта құру және даму институты (ҚазКҚДИ) құрылыс саласына елеулі үлес қосуда, оның ғылыми-техникалық жұмысы құрылыс конструкцияларының құрылыс және пайдалану кезіндегі кернеу­лі-деформациялық жағдайын зерт­теумен, олардың сенімділігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету үшін сараптамалар жүргізумен байланысты.

Өндіріспен тығыз байланыс­тың арқасында университет студенттерінің оқу процесінде алған білімдерін тәжірибе барысында қолдануға мүмкіндіктері бар. Ал, жетекші кәсіпорындардың заманауи жабдықтарды өтеусіз жеткізуі, технологияларды табыстауы және демеушілік көмегі студенттерге ең жақсы практикалық құрал-жабдықтарға қол жеткізуге, ал ғалымдарға озық зерттеулермен айналысуға мүмкіндік береді.

Жыл сайын университетте ғы­лымды қаржыландыру көлемі артып келеді. 2023 жылы университет ҒЗТКЖ-ға 1,5 млрд теңге тартты, ал, 2024 жылы қаржыландыру көлемі 84 жобаны іске асыру есебінен 1,8 млрд теңгеге дейін өсті.

Отырыста Сәуле Советқызының университетті басқаруына көп болмаса да, өте нәтижелі жұмыс атқарып жатқандығы аталып өтілді.

Жалпы, бірінші ұйымдастырушылық отырыс ғалымдар да, өндірушілер де ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға мүдделі екенін көрсетті. Жиналғандардың барлығы ғылым мен өндіріс бір-бірімен тығыз байланысты болуы керек деп атап өтті. Кеңес мүшелеріне екі апта мерзімде өз ұсыныстарын, тілектерін ұсыну, тіпті тиісті бағытта жылжуға кедергі келтіретін немесе қозғалысты тежейтін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс беру және Кеңестің жұмыс жоспарын бекіту туралы шешім қабылданды. Қарағанды облысының Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңесінің бірінші отырысы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және инновациялық өнімнің халық­аралық нарықтарға сериялық өндіріске шығуына серпін беретін отандық инновацияларды генерациялау үшін ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстарды жандандыруға жақсы бастама болмақ.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button