Руханият

Ғылымға ғұмырын арнаған тұлға

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің қазақстан тарихы кафедрасы оқу орнының 70 жылдық мерейтойына арналған «Әбілқас Сағынов және Алаштың ақ жолы» тақырыбында аймақтық ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өткізді.

Шара шеңберінде алдымен «Қауышу» рәсімі жасалып, қонақтарға арнайы дайындалған ҚарТУ музейіне экскурсия ұйымдас­тырылды.
Бұл шараға университет оқытушылары мен профессорлар, тарихшылар, ғалымдар, университет ардагерлері, магистранттар мен студенттер қатысты.

Жиынды Басқарма мүшесі, Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-дың ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Әсет Рақышев құттықтау сөзбен бастады.

– Биыл құрылғанына 70 жыл толып отырған Қазақстандағы бірегей жоғары техникалық оқу орнының қалыптасуы мен даму тарихы Орталық Қазақстан өңірінің экономикалық, индустриялық дамуымен терең астасып жатыр. Осынау бірегей оқу орнының өсіп-өркендеуі мен шежірелі, жасампаз тарихы оның алғашқы ректоры, көрнекті ғалым Әбілқас Сағыновтың есімімен тығыз байланысты. Сол себепті бұл шара Қазақстанның игілігі үшін аянбай тер төккен, тау тұлға Әбілқас Сағыновтың өмірі мен қызметі, оның ордалы оқу орнының қалыптасуы мен дамуына қосқан өлшеусіз үлесін зерттеп, зерделеу мақсатында жүргізілді. Ғалымның ұстаз, қайраткер, тұлға ретінде қалыптасуындағы Алаш зиялыларының орны, ұрпақтар сабақтастығының тағылымдық мәні зор. Бүгін біз сол киелі білім ордасында қызмет етеміз. Мерейтой құтты болсын. Ел ертеңі жолында жұмыла жұмыс істей берейік, – деді Әсет Рақышев.

Кейін тарих ғылымдарының докторы, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың профессоры, академик З.Сақтағанова «Абылкас Сагинов – известный ученый, основатель высшеготехнического образования и науки в Центральном Казахстане», Е.Бөкетов атындағы Қару-дың профессоры, академик Л.Шотбақова «Учебные заведения Каркаралинского региона в начале ХХ века и казахская интеллигенция» атты баяндамасын ұсынды.

Онда ғалымның өмірлік жолы мен қайраткерлігі, еліне сіңірген еңбегі туралы сөз қозғалды. Әрі қарай тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Е.Бөкетов атындағы ҚарУ «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Н.Бейсенбекова «Алаш зиялылары еңбектеріндегі отандық тарихтың өзекті проблемалары» тақырыбын қозғады.

– Ә.Сағыновтың Қарқаралыда оқығанын айтпастан бұрын, Қарқаралы – азаттық қозғалыстың бесігі екенін айтуымыз керек. Қарқаралыда Алаш арыстарының ізі жатыр. Ә.Сағынов сол Алаштың ізімен жүрген тарихи тұлға. Алаш зиялыларының барлығы экономистер, заңгер, әдебиетші, ақын, жазушы бола тұрып, отандық тарихтан алысқа кетпеген. Оларды толғандырған мәселе қазақ хандығының құрылуынан бұрын қазақ хандығының жойылып кетуі және Кенесары туралы мәселе болды, – деді Нұрсахан Ахметқызы.

Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Астана халықаралық университетінен Қ.Өскембаев «Тағдыр табыстырған тұлғалар», техника ғылымдарының кандидаты, профессор И.Арыстан «Аңыз адам. Ғалым, аға, әріптес туралы естеліктер», техника ғылымдарының кандидаты, профессор Қ.Қызыров, «Аңыз адам. Ғұлама ғалым, әріптес туралы ой-толғам» сынды баяндамаларын оқыды.

Баяндамаларда Алаш зиялылары, олар көтерген мәселелер, Әбілқас Сағынов жайында әріптестік естеліктер айтылып, оның өмірлік жолына студенттік кезінен бастап сапар шеккендей болдық.

Қарқаралы қаласы тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері, өлкетанушы С.Сламбеков «Қарқаралы тарихының айшықты парақтары», Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары А.Қозыбағаров «Ғасыр жасаған білімнің қарашаңырағы және академик Әбілқас Сағынов» баяндамасын ұсынып: «Әбекең біздің университеттің түлегі болмаса да, осындағы мәртебесі жоғары білімді де білікті ұстаздарымыздан тәлім, білім алған ерекше тарихи тұлға», – деді.

Сонымен қатар, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі тарих пәнінің оқытушысы Б.Әкімжанова «Путевка в жизнь А.Сагинов – студент Карагандинского горного техникума» баяндамасында да тұшымды деректер айтса, университет студенті А.Айтмұханбетов «Академик – студент көзімен» атты баяндамасында ғалымның тағылымды өмір жолына жастардың көзімен үңілді.

Аталған оқу орнының тағы бір студенті Р.Жамалиденов С.Торайғыровтың «Алаш ұраны» өлеңін жатқа оқыды. Ал, студент Е.Аманжол «Біздің елдің жігіттері» әнін домбырамен әуелете шырқады.

Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.Темирғалиев қонақтарға алғыс айтып, шараны қорытындылады.

Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Еуразия ұлттық университетінің II курс студенті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button