Жаңалықтар

Ғылымға бастар ізденіс

Қарқаралы ауданының «Жас туристер станциясы» мекемесінде «Атамекен» үйірмесінің жетекшісі Сабыржан Русланұлының ұйымдастыруымен «Менің өлкем» атты аудандық шағын ғылыми конференция өтті. Аталған шараға Егіндібұлақ ауылынан, Қарқаралы қаласындағы Мәди Бәпиұлы атындағы №44 ЖББ тірек мектебі мен балалар шығармашылық орталығынан «Қаламгер» жас тілші үйірмесінің және Дебат үйірмесінің оқушылары қатысты.

5-6 сынып оқушылары қатысқан шараның негізгі мақсаты – туған елдің тарихына қызығатын талантты оқушыларды анықтап, олардың шығармашылық қабілетін, қоғамдағы белсенділігін арттыру, өскелең ұрпақтың бойына патриотизм сезімін қалыптастыру. Оқушылар жанжақты зерттеу жүргізіп, конференцияға тыңғылықты дайындалды. Оған оқушым – Дәрия Қапас та қатысты. Бұл оның ғылыми жобадағы алғашқы қадамы болды. Дәрия конференцияға Қарқаралыдан шыққан қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов туралы «Дауылды жырдың дауылпазы, қыран қанатты ақын – Қасым Аманжолов» тақырыбында ғылыми жоба ұсынды. Осы тақырыпты зерттей жүріп, оқушының үйренгені, білгені, түйгені көп болды.

Алдымен Қасым Аманжолов ауылындағы мектеп ішіндегі Қасым ақынға арналған мұражайға барды. Ақынның көзін көрген жақсы адамдармен кездесіп, сұхбат алды. Жерлесі, сырлас досы, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім, зейнеткер Мекебай Жазыбаевтың қызы Клара Жазыбаева апамен кездесудің сәті түсті. Ол Қасым ақын туралы бала кездегі естеліктерін айтып берді. Сонымен қатар өлкетанушы Дәулетқазы Мұқадиұлы ақынның кіндігін кескен кіндік шешесі Шәрия Садыққызына Қасым отбасы сыйға тартқан таза күмістен жасалған екі білезік пен екі күміс сақина тарихы туралы айтып берді. Оқушым ақын туралы зерттеуін Қарағанды қаласында жалғастырды. Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойына орай ашылған Қасым үйіне барып, тың деректер жинап қайтты. Дәрия қаламыздағы мұражайға және балалар кітапханасына барып, Қасым ақынға арналған кітаптан жасалған құдықты да көріп келді. Табанды ізденісінің арқасында «Менің өлкем» конференциясында І орынға ие болды. Алдағы уақытта Дәрияға алар асуларың, бағындырар белестерің көп болсын дегім келеді.

Алтынгүл ЖАНАТҚЫЗЫ,
Қарқаралы қаласындағы балалар
шығармашылық орталығы дебат
үйірмесінің жетекшісі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button