Руханият

Ғылымға арналған ғұмыр

Қарағанды қаласындағы «Гласир» баспаханасынан 500 дана таралыммен бір ғылыми кітап жарыққа шықты. Көлемі 9 баспа табақ болатын ғылыми еңбектің атауы – «Руханият тамыршысы». Монография түрінде шыққан аталмыш кітап белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, фольклортанушы Шәкір Ыбыраевтың 75 жылдық мерейжасына арналыпты.

Сурет автордан

Осы орайда түрколог ғалымның өмірі мен өнегесі, ғылымдағы ізденістері мен ұлт руханиятына қосқан мол үлесі жайлы жазылған жинақта түбі бір түркінің руханият тарихы, сондай-ақ, оның алып аясындағы Алаш дүниетанымы мен мәдениетін де барынша қамтығаны көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, зерделі зерттеушіге бағытталған зерттеу еңбек десе де болады. Авторлары – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Б.Рахымов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты А.Мамыт және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті филология факультетінің түлегі А.Сағындықова.

Пікір жазғандар – А.Пангереев (Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры), П.Әуесбаева (М.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты, филология ғылымдарының кандидаты, доцент), М.Хамзин (Қарағанды «Болашақ» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы).

Бір ғажабы, осы тақырыптан былтыр ғана студент Аружан Сағындықова бакалавриат дип­ломын жазып, үздік қорғапты. Ғалымдар Б.Рахымов пен А.Мамыт сол дипломдық жұмыстың ғылыми жетекшісі мен кеңесшісі. Жақсы жазылып, жоғары баға алған студент еңбегін әрі қарай тереңдетіп, ғылыми айналымға түсіріп, монографияға айналдырғаны құптарлық іс.

Ғылыми-танымдық әрі тағы­лымдық мәні бар бұл зерттеу үш бөлімнен тұрады. Бірінші бө­лім – «Қазіргі фольклортану ғы­лымы». Екінші бөлімнің аты – «Шәкір Ыбыраев және қазақ эпосы». Үшінші бөлім – «Қазақ руханияты және түркология».

156 бетті қамтитын монография тұтастай ғалым Шәкір Ыбыраевтың өнегелі өмір жолы мен ғылыми іс-тәжірибелеріне, жарық көрген еңбектеріне арналған дедік. Басты мақсаты мен түйген түйіні кітапта былай берілген: «Біздің негізгі мақсатымыз – Шәкір ағамыздың фольклортанушы екендігін дәлелдеу болатын. Нәтижеміз бойынша Ш.Ыбыраев көрнекті фольклор­танушы ғалым екендігін ғалымның рухани мұраны жинап, жариялап, зерттеуші екен­дігінен көрінсе, екіншіден, ол өз ба­ғытын фольклортану ғылымында айқындаған білгір-эпостанушы, үшіншіден, өз зерттеулерін түбі бір түркі әлемімен ұш­тастырған танымал түрколог деген түйінге тоқталдық».

Расында дарынды, ізденімпаз, еңбек­қор ғалым Шәкір ағамыздың ғибратты ғұ­мырын, ғылымда алатын орнын, әдебиет­тегі тұлғасын айқындайтын мұндай ең­бектердің өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Хакім Абай: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз…» деп текке айтпаған ғой. Шәкір Ыбыраев ағамыздай ғажап ғалым болмасақ та, оған ұқсап, оның еңбектерін жалықпай оқып, hәм тоқып жүрсек, осылай насихаттай білсек те көп дүние орнына келер еді-ау!..

«Жақсы кітап – жан азығы» демекші, жаңа кітап, жақсы кітап құтты-қайырлы болсын! Ақ жол, сәтті сапар тілейміз!

Әлімжан ЖАҚАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button