Жаңалықтар

Қылмыскерше ойлау – маңызды

Тергеу ісінде ұсақ-түйек деген болмайды. Қылмысты ашуда басты шешімге алып келетін де дәл осы ұсақ-түйек. Із қалдырмай қылмыс жасау мүмкін емес. Қарапайым адам үшін көзге көрінбейтін, иісі сезілмейтін, қолға ұстауға болмайтын болмашы дүниелер криминалистің қолына түскенде ашық кітаптай сайрап ала жөнеледі. Не бір күрделі қылмыстарды ашуда да дәл осы криминалистің еңбегі ұшан-теңіз. Оқиға орнынан алынған заттай дәлелдемелерді зерттеу мен интуиция арқылы ғана күдіктіні анықтап, қылмыстық істі тергеп-тексеруде тергеушінің ең басты көмекшісі ретіндегі криминалистің еңбегі менмұндалай бермейді. Себебі, олар көзге көрінбейтін дүниелермен жұмыс жасайды.

Октябрь полиция бөлімінің жедел-криминалистік тобының аға криминалисі,
полиция подполковнигі Арзу Велиев

Технология көмекке келе бермейді

Қарағанды қаласының полиция басқармасына қарасты Октябрь полиция бөлімінің жедел-криминалистік тобындағы алты адам бес қабатты ғимараттың бірінші қабатында, бір-біріне іркес-тіркес өтетін екі бөлмеде орналасқан. Бәрі норматив бойынша. Шақырту түсе қалған жағдайда жедел қимылдап, үлгеру де керек. Оның үстіне қызмет көрсететін аумақ та үлкен. Дәл осы полиция бөлімі өздері айтпақшы, төменгі Майқұдыққа қызмет көрсетеді. Бұл Пришахтинсктен бастап, Сұрыптау бекетіне дейінгі аумақ. Жұмыс – үздіксіз, тәулік бойы. Адаммен емес, жаны жоқ затпен жұмыс істейтін криминалистердің міндетіне тергеушімен бірге оқиға орнына барып, қарап-тексеру жүргізу, қажет болса, заттай дәлелдемелерді алу кіреді.

Егер бірнеше жыл бойы криминалистер қылмысты электрондық деректер базасы мен бақылау камераларынсыз ашып келсе, бүгінде цифрлық технологияларды да қолданады. Бірақ, үнемі емес. Себебі, қылмыс болған жерге бүтін бір техниканы арқалап алып бару қисынға келмейді. Оның үстіне жедел қимылдау қажет. Мәселен, жақында ғана жедел-криминалистік тобы саусақ ізі арқылы адамды анықтауға арналған жаңа сканер алған. 2000 жылдан ішкі істер органдарында қызмет етіп келе жатқан жедел-криминалистік тобының аға криминалисі, полиция подполковнигі Арзу Велиевтің айтуынша, құрылғы өте ыңғайлы. Яғни, бұрынғыша саусақ ізін алу үшін бірінші сияға батырып, қағазға жапсырып, содан кейін ғана компьютерге енгізіп жатпастан, тікелей сканерге салып, электрондық деректер базасы арқылы саусақ ізінің кімдікі екендігімен қатар, түр-келбетін де мониторға шығара алады.

«Із қалдырмай қылмыс жасау мүмкін емес»

Арзу Солтанович осылай дейді. Себебі, оқиға орнында болған адамның әйтеуір бір белгісі қалатыны айдан анық.

– Қылмыс жасаған адам асығатыны, болмаса, қобалжитыны белгілі. Сондықтан, оқиға орнында саусақ ізін қалдырмау үшін қанша сүрткенімен де, әйтеуір бір болмашы із қалатыны анық. Оның үстіне, жалғыз саусақ емес, аяқ киімнің ізі, киімнен түсіп қалатын түрлі талшықтар болады. Криминалистің қызметі де дәл осы тұста басталады. Жұмыс істейтіндердің дені заң факультетін, болмаса техникалық мамандықты бітіргенімен, бәрі шығармашылықтың адамдары. Себебі, оқиға орнына барғанда қылмыскерше ойлану қылмыстың ашылуын жеңілдете түседі, – дейді Арзу Велиев.

Арзу Солтанович дактилоскопиялық зерттеу жүргізу үшін саусақ және қол іздерін іздеудің түрлі тәсілдері бар екенін айтады. Олардың ішіндегі түрлі магнитті ұнтақтар, йод булары, нимгидринмен алынатын химиялық және физикалық әдістер әуелден қолданылып келе жатқандары. Бірақ, саусақ іздерінің өзі түр-түрге бөлінеді. Бірі – тайға таңба басқандай анық түссе, бірі – көмескі. Аға криминалистің айтуынша, бұл адамның қылмыс жасаған кездегі жағдайына байланысты екенін айтады. Адам қатты қобалжыса, саусақ ізі – анық, ал, егер салқынқандылық танытса – көмескі түспек. Бір қызығы – дәл осы саусақ іздерінен криминалистер қылмыскердің диагнозын анықтауы да мүмкін. Мәселен, қант диабеті, түрлі тері аурулары, тершеңдік деген тәрізді. Ал, мұның өзі қылмыскерді табуда таптырмас дерек.

Аптасына – 7 күн, тәулігіне – 24 сағат

Криминалистер жүргізетін зерттеу түрлері өте көп. Мәселен, қол және саусақ іздерін анықтау үшін дактилоскопиялық зерттеу жүргізсе, одан кейін аяқ киім мен аяқ іздерін, есік құлыптарын зерттейтін трассологиялық зерттеу тағы бар. Суық қару мен атыс қаруын зерттеу үшін тергеушілер баллистикалық сараптама тағайындап, дәл осы криминалистерге жіберсе, құжаттар мен қолжазбаларды зерттеп, адамның сыртқы келбеті мен бейнесін сәйкестендіру үшін сот-портреттік сараптаманы да жүргізетін Октябрь полиция бөлімінің жедел-криминалистік тобындағы алты маман. Ал, қылмыс жасалмай қоймайды. Аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат тоқтаусыз жұмыс істейтін топтың жүктемесі де жоғары.

– Баллистикалық сараптама кезінде пышақтың жүзі мен сабы қандай материалдан жасалғаны, қандай жолмен жасалғаны анықталады. Егер ол зауыттық жолмен жасалар болса, қай жылы және қай жерден шыққанын анықтау қиындық тудырмайды, – дейді Арзу Солтанович.

Сонымен қатар, атыс қаруының түрін де анықтау қиындық тудырмайды криминалистерге. Атылған оқсауытқа қарап-ақ, қару түрін, жасалған жылын, тіпті қай жерде жасалғанын да анықтау үйреншікті іс.

Иістің де ізі бар

«Адамның иісі де саусақ іздері тәрізді, бір-бірін қайталамайды» деген ақпаратпен бөлісті Арзу Велиев. Яғни, дүние жүзіндегі 8 миллиардтан астам адамнан дәл осынша иіс бөлінеді.

– Кәнігі қылмыскер саусақ іздерін қалдырмау үшін резеңке қолғап киюі мүмкін. Бірақ, оқиға орнында иісі қалуы кәдік. Мәселен, асығыста бас киімі болады ма, әйтеуір бір затын ұмытып кетеді. Адамнан тер мен май бөлінбей тұрмайды. Яғни, адамның иісі қалып қояды. Ал, заты қалып қоймаған болса, адам қылмыс жасау кезінде кездейсоқ денесінің кез келген бөлігі тиіп кеткен заттарды анықтау керек, – дейді Арзу Солтанович.

Бұл өте қиын әрі күрделі процесс. Жоғарыда айтқан «қылмыскерше ойлаудың» нақ қажет жері осы тұс. Аға криминалист те күдіктінің әрекетін модельдеу керек екенін айтады. – Иіс ізін анықтау үшін қылмыскер қалай әрекет етуі мүмкін еді деп ойлану – маңызды. Мәселен, ол үстелді қозғалтуы, жолындағы заттарды жылжытуы мүмкін. Осыған сәйкес, иіс іздерінің үлгісін алуға болады. Көзге көрінбейтін, иісі сезілмейтін иіс ізі қалай алынатынын да түсіндірді Арзу Велиев. Ол үшін иіс іздері қалуы мүмкін орындарға арнайы фланель мата қойылады. Ал, иістің ізі матаға сіңіп қалады.

Иіс ізінің үлгісі арқылы қылмыскерді анықтауға одорологиялық зертханада арнайы ұсталатын иттер көмектеседі. Оқиға орнынан алынған иіс ізі мен күдіктілердің иісін салыстыру – одорологиялық зерттеу деп аталады. Өзге зерттеулермен салыстырғанда көп қажыр-қайрат жұмсауды қажет ететін бұл зерттеу қылмыскер иіс ізінен бөтен із қалдырмаған жағдайда жүргізіледі.

Гипс орнына монтаждау көбігі

Заманына қарай адамы демекші, қылмыскерлер де соған сай интернет арқылы қылмыс жасауға бейімделуде. Сәйкесінше, полицияның да жұмыс тәсілі өзгеруде. Яғни, қылмысты ашудан гөрі, алдын алу маңызды бола түскен. Бұл – криминалистердің жұмысы жеңілдей түсті деген емес. Керісінше, бақылау камераларынан алынған видеобелгілеулерді зерттеп, адамды сәйкестендіру кезінде өздерінің криминалист ретіндегі білімі аса қажет екенін айтады Арзу Велиев. Бұл – өз алдына. Криминалистің негізгі құралы – қара жәшігі. Саусақ іздерін алатын түрлі магнитті ұнтақ, ұлғайтқыш лупа, түрлі қылшақтар, аяқ пен аяқ киім іздерінің құймасын алатын гипс ұнтағы және тағысынтағылар. Осы жердегі алты криминалистің оқиға орнына бірге алып шығатын әрқайсысына тиесілі өз жәшігі бар. Салмағы да жеңіл емес, он келіден асады.

…Айтпақшы, гипс демекші, Октябрь полиция бөлімінің жедел-криминалистік тобының криминалистері қазір оны қолданбайды. Уақытқа қарамай жедел әрекет етуді қажет ететіндіктен, олар гипс орнына монтаждау көбігін пайдалануды алғаш қолданысқа енгізген. Жаңалықты өзге полиция бөлімдерінің криминалистері де қуана қабылдаған. Басшылық та қолдапты.

Салтанат ІЛИЯШ,
Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button