Жаңалықтар

ҚЫЛМЫСҚА ЖОЛ ЖОҚ

    22 маусымда облыстық мәслихаттың заңдылық және азаматтардың құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті. Оның жұмысын аталмыш комиссия төрағасы, депутат Ж.Штрегер жүргізіп отырды. Комиссия жұмысына облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық, қалалық, аудандық прокуратураның өкілдері, облыстық басқарма басшылары, жергілікті полиция қызметінің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде «Облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 12 желтоқсандағы ҮІ сес­сиясының №137 «Ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі бастығының 2016 жылғы Қарағанды облысы аумағында құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша есебі туралы» ше­ші­мінің орындалысы туралы мә­селе қаралды.

Бұл мәселе бойынша Қарағанды облысы ішкі істер департаменті жергілікті полиция қыз­метінің бастығы, полиция пол­ковнигі Ж. Жақаев баяндама жа­сады.

Баяндамашы атап көрсеткендей жергілікті полиция қыз­меті уақыттың өзі тудырған жаңа құрылым, соған орай оның аяғынан қаз тұрып кетуінде айтарлықтай кедергілер, ескерілмеген жағдайлар кездесіп, жұмысқа қолбайлау болды. Алайда, аталмыш құрылымның жергілікті атқарушы органдармен, өкілетті органдармен тығыз қарым-қатынаста ынтымақтас­тық жағдайда еңбек етуінің арқасында, көп мәселелер өз шешімін тапты. Оның ішінде облыстық мәслихаттың осы заңдылық және азаматтардың құқықтары жө­ніндегі тұрақты комиссиясының отырысында жергілікті полиция қызметіне қатысты бірқатар талқылаулар өтті.

Бірлесіп қабылдаған сол ше­шімдердің нәтижесінде көптеген ұйымдастыру жұмысы атқарылды, қызметтің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жақсара түсті. Қордаланып қалған мәселелер облыстық мәслихаттың ҮІ сессиясына шығарылды. Депутаттық корпустың күш салуымен көптеген мәселелер өз шешімін тапты, болмаса оң шешілуіне айтарлықтай ықпал жасалды. Тұрғындармен кездесулер өткізу қалыпқа түсті. Мұндай екіжақты пайдалы басқосулар жүйелі түрде өтетін болды. Есептік кезең ішінде осындай тоғыз жүзден астам басқосу өткен екен. Оған шамамен отыз мыңдай тұрғын қатысыпты. Бұл басқосуларға қалалық, аудандық, ауылдық әкімдер, қоғамдық құрылым өкілдері, КСК төрағалары, үй басқарушылары қатыс­қан. Азаматтар тарапынан үш жүзден астам бағалы ұсыныс түскен. Онда ПИК жұмысын жақсарту, аулалар мен көшелерді жарықтандыру, аумақтарды сәулеттендіру мәселелері көтеріліп, тәртіпті күшейту бойынша нақты ұсыныстар талқыланған.

Жоғары оқу орындарымен екі жақты меморандумдарға қол қойылған. Сол негізде жоғары оқу орындарындағы және жа­тақ­ханалардағы ұрлықты ау­ыз­­дықтау, қылмыстық және әкім­шілік тәртіп бұзушылықтың ал­дын алу бойынша бірлескен жұ­мыстар жүргізілген.

Облыс орталығында әкімдіктің ықпалымен ерікті халық жасақшыларының жұмысы қайтып жандан­ған. Оның құрамына бұ­рынғы ин­тернационалист-жауынгерлер кірді. Олар жол-бақылау полициясы по­лициялары­мен бірлесіп көшелер мен қо­ғамдық орындардағы тәртіпті қа­­дағалауда. Мұндай жұмыстар Жез­қазған және Балқаш қалаларында да құрылып, жемісті еңбек етуде.

Қылмыстың үлкен, кішісі болмайды. Бұл қағидатты жергілікті полиция қызметкерлері ешуақытта жадыларынан шығарған емес. Соған орай ұсақ-түйектей болып көрінетін бұзақылық, мәдениетсіздік оқиғаларына да барынша жол бермеу дұрыс жолға қойылған.

Ауылдық жерде мал ұрлығының дендеп тұрғаны белгілі. Мың түрлі себебі болғанымен, бас­ты себебі – қараусыздығы. Таңертең есіктен шығарып жібереді де кешкілік сол босағада тосып тұрады. Жоғалып кеткен күннің өзінде үш-төрт күнсіз хабарласпайды. Мұның өзі қылмыстың уақытылы ашылуына айтарлықтай нұқсан келтіретін фактор. Мал ұрлығының алдын алу бойынша бүгінде ауылда «Сақшы» отрядтары құрылған.

Қоғамдық тәртіпті сақтау бо­йынша күзет қызметінің де құ­рылымдары тартылған.

Бүгінгі таңда облысымыз бойынша тәртіпті сақтау­ға бағытталған 140 қоғамдық құры­лым жұмыс істейді, оған 1,4 мыңнан астам адам тартылған. Олардың тікелей қатысуымен 20-дан астам қылмыс, 300-ден астам әкімшілік тәртіп бұзушылық анықталған.

Аулалардың қауіпсіздігі бойынша да бірқатар шара жүзеге асырылуда. Бүгінде қалалық елді мекендердің 146 ауласы бейнебақылауға алынған. Тұр­ғындардың тікелей қаржысымен Шахтинск, Абай, Саран қалаларында осындай бақылаулар қойылған. Мұндай 500-ден астам камера облыс орталығында, ірі қалаларда да қойылып отыр. Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура ұсынысымен «Қазтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп көктен бақылау жобасы қолға алынуда. Қазір бұл бағытта тараптар арасында келіссөздер жүргізілуде.

Отбасы тәрбиесі де назарда. Қазір қоғамдық бейнесінен ажырап, азғындыққа ұшырай бас­таған 696 отбасы анықталып отыр. Оның 548 әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бір мұндай жазамен іс бітпейтіні белгілі. Бала тәрбиесін жадыдан шығарған ата-аналар жауапкершілігі қатаң сұралуда. Соған орай тиісті органдарға ата-аналық құқықтан айыру жөнінде 102 өтінім түсірілді. Сот шешімімен 25 азамат ата-аналық құқығынан айырылса, тағы 13-нің құқығы шектелді.

Ювеналдық полиция алдында да үлкен міндет тұр. Бірінші маусымнан бастап балалардың жазғы каникулы басталды. Үш айға созылатын бұл маусымда тосын, оқыс оқиғалар болып жа­тады. Соның көбі қараусыздықтан болады.

Бас бостандығынан айыры­лып, жазасын өтегендермен жұ­мыс істеу күрмеулі қалуда. Оның ең басты – жұмыссыздық. Бос орын бола тұра оларды жұмысқа ала қоймайды. Ал, ондай жандардың саны өңіріміз бойынша 4 мың адамды құрайды. Онан тыс жазалы болып, оқшауланған тағы 1,5 мың азаматты қосыңыз. Әр ай сайын олардың қатары жүз адамға толығып отырады. Мұнан шығатын қорытынды олармен күнделікті жұмыс жүргізу керек болады. Сол жұмысымыздың нәтижесінде ағ­ымдық жылдың өткен бес айында сотталғандар тарапынан жасалатын қылмыс 70 пайызға кеміді.

Басқасын айтпағанда оларға әлеуметтік көмек те жасалмайды. Өңіріміз бойынша үш оңалту орталығы ғана жұмыс істейді, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларында. Ондағы тұру мер­зімі де сын көтермейді. Алты айдан кейін олар қайтып көшеге шығып қалады. Ал оның әр жағында қылмыстың құлағы қыл­тиып тұр, әрине.

Балалар мен жастардың құқықтық тәрбиесі ерекше тұр. 765 өскін анықталып, есепке алынды. Оның 211-і қараусыз­дар. Ал 300-і оқудан қашып-пысып жүргендер. Қабылданған шешімдер бойынша осындай 16 өскін Бұқар жырау ауданындағы арнайы мектепке жіберілді.

Түн уақытында ата-аналарының қарауынсыз жүрген 2200-ден астам жас ұсталды. Оларды түнгі клубқа кіргізгендері үшін 73 лауазымдық тұлға жазаға тартылды. 160 жасөспірім ұсақ бұзақылықтары үшін жауапкершілікке шақырылды.

Ағымдағы жылдың өткен кезеңі бойынша облыс аумағындағы қылмыстық жағдай қалыпты. Алайда, бұған қарап тоқмейілсуге де болмайды. Тұрмыстық қылмыс төмендемей тұр.Масаң күйде қылмыс жасаушылар да көбейе түсті. Осыған орай адрестік бағыттағы жұмыстар жандана түсуде.

Бұл мәселе бойынша Жез­қазған қаласының әкімі Б.Ахметов, Абай ауданы әкімінің орынбасары М.Мағзиев, Шет ауданы әкімінің орынбасары А.Әбілдин және басқалары сөз сөйледі.

Төрехан МАЙБАС.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button