Жаңалықтар

Қылау түспеген достық

Абайша айтқанда, «кеше бала едік, талай жасқа келіппіз». Елу дегенді ердің жасына қанша балағаныңызбен де, адам өмірінің бұл кезеңі тіршіліктің тас диірменіне әбден тартылып, өзіңнің бар болмысыңды толық қалыптастырған шағың. Енді өзгерейін десең де өзгере алмайсың, қисайғаныңды түзейін десең де түзей алмайсың. Осы бір қайқаңға шығып тұрып, әр сәтіңе есеп бергенде ғұмыр жолыңда кездескен адамдардың сенің өміріңнен қаншалықты орын алатынын саралайсың. Сонда екшеліп-екшеліп санаулысы қалады екен. Дос-жар көңілмен жолың қиылысып, қапталдаса жүргендердің ішінен, жаныңның бір бөлшегіне әлдеқашан айналып кеткен, елегізіп іздеп тұратының болады. «Оның алдында сенің, сенің алдыңда оның жасырып істер тойы болса да, ойы болмайды». Мен үшін ол – Кәрібайдың Ерсіні. Міне, екеуміздің қалпымыз бен қатарымызды бұзбай келе жатқанымызға қырық жылдың жүзі болды.   

Жалындаған жастық шақ…

Ерсіннің осы шаққа дейінгі ғұмырын үш кезеңге бөліп қарастырса болады. Бірінші кезеңі – «жалаң аяқ жар кешкен», қара сирақ балалығы өткен, бозала таңдағы бозторғай үні естілгенде ғана үйі еске түсетін бозбалалық дәуренін сүрген, жер бетіндегі жұмағы – ауылындағы кезеңі. Толағай толғатып туғызатын күн Көнекке барып, көзден таса болғанша асырды салатын алаңсыз, алғау­сыз шақ. Екінші кезең – «ақылы мінезінің сауытына сыймай» шарасынан асып-төгіліп жататын, жастықтың жалыны ауыздығын қарш-қарш шайнатқан, бұлқыныстары мен жұлқыныстарына куә Жезқазғанда кешкен ғұмыры. Үшінші кезең – өмірдің көрігінде пісіп, ұзақ сақталған шараптай әбден бабына келген,  арынын ақылға жеңдірген байсал шағы өтіп жатқан Қарағандыдағы тынысы. Әрине, кенді өлке Қаражалда өткен екі-үш жыл бар. Мұнда да тіршіліктен тиесілі сыбағасын алды. Шығармашылықтың азабы мен рахатын сезіну үшін бұл да бір белес болғаны рас. Алайда, бұл жылдарды кемел шаққа бастар жолдың кетігін толтырған аралық кезең дер едім. 

 Балалық дәуренінде ойын баласынан гөрі ойлы баланың кейпінде болғаны күмән жоқ. Тұрғыластарынан ауық-ауық бөлектеніп, қаршадайынан ақсақалдардың байтақ әңгімесіне құлағы түрік жүретін, ел ішіндегі есті сөзге елең ете қалатын ол бала жастан «сөз өнерінің айықпас дертіне» шалынды. Жә, бетпақтың бергі пұшпағында, ауданның ең шалғай ауылында өзімен-өзі әлек болып жүрген мен оны қайдан білем. «Кәрібайдың баласына жөргегінен сөз қонған» деп ел айтады. Кейін естігеніміз-дағы. 

Біздің тағдырымыздың тоқайласуы өткен ғасырдың 80 жылдардың аяғы, яғни, мектептің соңғы сыныптарына іліккен кезіміз. Ол кезде белгілі себептермен ұзақ жыл санадан да, сахнадан да өшуге айналған халықтық өнер – айтыстың қайта жанданып, ел ішінде айтыскер ақындарға деген қошеметтің күрт артқан шағы. Дүркін-дүркін өткізіле бастаған оқушылар айтысында алыс­тағы Ақтау ауылының «сөзін ұстап» мен келемін, «толқыған Толағайдың етегінен» топ жарып Ерсін келе жатады. Ауданның әр түкпірінен жиналған «жас қырандар» шүпірлесіп қаламыз. Қарасам, сол топтың ішінде бірде маңғаздана  сөз бастап, бірде даңғайыр данаша желдей есіп, шиыршық атып тұрған  шашы афроамерикандық нәсіл өкілдерінікіндей тығыз бұйра қара баланың сілтесі бөлек. Құдай-ау, сөздері талай жасаған кекселердікіндей кесек-кесек. Бұрын-соңды үлкендерден ғана еститін ой оралымдарын өзің құрылыптас бозбаладан естігенде, өзіңді қораш сезінеді-ақ екенсің. Екі жол өлең құрағанымызға масаттанып, басымыз айналып жүрген мысымыз басылды да қалды. Кейін аракідік пәндік олимпиадада білім жарыстырып, бәйгеден кезектесе келіп жүрдік. Алайда, айтыс сахнасында Ерсіннің жанында біздің аяқ алысымыздың тым сылбыр, шабан аттай шоқыраңдап қалатынымыз байқалып тұрар еді. Ол топшысы ерте қатайып, түлеп ұшқан тастүлектей самғайтын. 

Кейін облыстық деңгейдегі жыр сайыс­тарында анық фаворитімізге айналды. Осы өнерге баулып, балапандай баптаған ақылман ұстазымыз, кетеуі кетіп қалған өнердің еңсесін тіктеуде өзіндік орны бар айтыскер ақын Дүйсенбай Жұмасейітовтің Сәкен ауылындағы үйінде алдағы додаларға дайындық қызу жүретін. Дүйсағаң бір-бірімізбен айтыстырып, асау тайдай құлағын қайшылаған біздерді қызықтап мәз болатын. Кейін шабысымыздың дөңасарлық қана екенін сезіп, бұл «машақат өнерден» құтылып тындық. Ерсін болса республикалық айтыстардың көрігін қыздырып, сахнада найзағайдай жарқылдап жүрді. Байырғы қазақ қатты шамырқанғанда, ұлы дүбірдің алдында әруақ шақырады ғой. Ерекең «әруақтап» сөз майданына кіргенде қарсыласының аптығын бірден басатын. Егер тізгінін басқа тарапқа бұрмай, табиғат берген суырыпсалмалық дарынын әрі ұштай бергенде, бұл күнде «Жүрсін жүйріктерінің» алдыңғы легінде жүрер ме еді?! Сөз жоқ, айтыс сахнасындағы жылдары оның «жұлдызды шақтарының» бірі болып қалды. ХХ ғасыр соңындағы, Тәуелсіздік дәуіріндегі айтыстың даму жолын безбендеген адам болса, Ерсіннің шығармашылығын айналып өтпейтіні анық.

Бозбала шақта серт байласқан достығымызды әрмен қарай нығайтқан Жезқазғанда өткен студенттік жылдар. Мектепті біз сияқты  медальға бітіргендер талай жастың арман-қаласы Алатау бөктеріндегі Алматыны, берісі өндіріс пен ғылымның қайнаған ортасы – Қарағандыны таңдап жатқанда, біз  «Азаулының Стамбұлдан несі кем» деп, Жезқазғанға аттандық. Екеуміздің алдын ала келісіміміз бойынша. Жезқазған пединститутының студенті атанып, жатақханаға орналастық. («Орналастық» деген ондағы «дүбірлі оқиғалардың» бар болмысын ашып бере алмайды-ау! Біз жатақханаға «жайғастық»). «Советская-7» мекенжайындағы филфактың жатақханасы. Атақты 52-бөлме.  Осы уақытқа дейін ата-ананың көзінен таса болып көрмеген басымыз  армансыз «еркіндіктің ауасына» елтіп, қалай өмір сүрудің шешімін жасау құқығын иеленіп, «өз қолымыз өз аузымызға жеткеніне» масаттанып, жұлын-жүйкемізді шектен тыс босатқанымыз да болды. Жатақтағы өміріміз кейде уақытынан бұрын томағасын сыпырып жіберген бала қыранның қылығына да ұқсап кететін. Өнердің шалығымен шалқып жүргендері бар, айқайға сүрең қосып қиқулайтыны бар, әйтеуір 52-бөлме теңселе-тербеле кіріп-шығып жататындарға толы болар еді. Ағыл-тегіл көңіл шалқытқан «шығармашылық кештер», небір дырду-думандардың модераторы да екеуміз. Жақын мен алыстың аражігін ажыратпай, екпінді тежей алмай қалатын мұндай шақтар көгеннен гөрі өлеңге жақын адамдардың біразының басынан өткен шығар. Сондай салбурын шақтардың аяғы деканатқа барып түсінік жазумен аяқталып жататын. Неше мәрте тұқшыңдап отырып түсінік жаздық екен?.. Немесе кафедра меңгерушісі, ұстазымыз Мәуен Хамзиннің «жеке қабылдауы» өтіп, бізге әкелік қамқорын талай көрсеткен Сайлаухан Нәкеновтің кабинетіндегі «тәрбие сағаттарында» мәселеміз майшаммен қаралатын. Бұлай кете берсек, болашағымыздың жарқын, келешегіміздің келісті болуы неғайбыл екенін айтып Ғазиз, Кенжебай ағаларымыз да құдайдың зарын қылады. Ақырында жанымызға жалау, шалқар шабытымызға арқау болған жатақхананы тастап, бір жыл облыстық филармонияға тиесілі пәтерде артистермен бірге тұрғанымыз да есте.  Бұл қонысымыздың құтсыздығынан емес, ноқтаға бас сыймай жүрген «асаулық» еді. 

Ана қыраттан, көсілген мынау белеңнен,
Өзімді іздеп, өлермен болып келем мен.
Шартарап кезіп, шаршап-шалдығып ақыры
Таптым өзімді өлеңнен.

…Көрмеген екен, көрмесе, енді қайтейін,
Ырысы – боқтан, жұмысы жоқтар өлеңмен,  – деп өзі де толғайды.  Маң далада адасқан, арып-ашқан, кенезі кеуіп, тілі таңдайына жабысқан шақта ақындықтың әбілхаят суына кездескен жанның толқынысы. Қай қаламгердің болсын үлкен бақыты – өзінің тақырыбын табуы дейміз ғой. Асылында адамның ең ғажайып олжасы – өзіңді-өзің табу емес пе?!

Елуді еңсергенше шығарған «Топжарған», «Қарсақбайдың қайсар ұлы», «Жалын-ғұмыр», «Ақ сөйледім ақиқат алаңында» сынды публицистикалық-танымдық жинақтары, «Бұлт астында сәуле бар» атты жыр кітабы, оның сыртында күнделікті жазылып, жарияланып жататын сандаған мақалалар бір қаламгердің шығармашылық портретін жасау­ға бай материал.

Соңғы жылдары Ерсінді Ерсін қылған, жаңа биіктерге көтерген, қоғамнан орнын ойып алып берген, тақытымен де, жақұтымен де жарылқаған – журналистік дарыны.  Сіз бен біз ғұмыр кешіп жатқан қоғамның шындығы дейсіз бе, ұлттың ұлы мұраттары дейсіз бе, бүгінгі қазақтың мұң-наласы мен, қуаныш-сүйініші дейсіз бе, жеке адамның тұрлаулы-тұрлаусыз тағдыры дейсіз бе, сандаған тақырыптар Ерсіннің қаламына іліккенде түрленіп сала береді. Оның тілінде қазақтың байырғы тілінің де, шешендер мұрасынан қалған өткірлік те ернеуінен асып, «сылдыраған өңкей келісім» тауып жатады. Көкірегінде әбден пісіп, иі қанған дүниені, шыңдалған шындықты ғана шымырлатып жеткізу – оның ең негізгі стильдік бедері. Бұл – баршамыздың алдымызда өтіп жатқан Қарағанды кезеңінде күн сайын көз жетіп жатқан шындықтар. 

Ерсіннің шарқ ұрып іздеп жүргені  – малдың емес, жанның байлығы. Бетінен қайтпайтын бірбеткей мінезінен «таяқ жеген» тұстары, қиянатқа ұшыраған кездері де болып бақты. Шақшадай басын шарадай қылған морт мінезі өзіне талай жерде кедергі де болғаны рас. Алайда, өрге қарай шапқан сайын өршеленетін өр мінезі мен өресі, табиғат аса жомарттықпен сыйға тартқан таланты әлі талай биікке сүйреп шығарары хақ. Бізге сол биікте тұрған досқа күн салып қарайтын ғұмыр бұйыртсын!

Жансая ЖАРЫЛҒАПОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.

Суреттер автордан.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button