Қыдыры бар қаламының ұшында
«Ortalyq Qazaqstan» газетіне биыл 90 жыл толып отыр. Бір ғасырға таяу уақыт. Ол – мінезді басылым. «Стиль – адамның өзі» дейтінге сайсақ, ондағы әр тілшінің ой пайымдауы, материал беру тәсілі, тіл мәнері әр басқа әлем. Сонысымен тартымды, тұшымды, құнды. Міне, осы басылымда кезінде қаламы ұшқыр Қайыркен СҰЛТАНОВ қызмет істеген. Қарт қаламгерлер болмаса, қазір есімі ұмытылуға жақын. Тілші болса, артында татымды сөзі қалуы керек дегенге жүгініп, Қарағандыда тұратын Қайрат есімді ұлының көзінің қарашығындай сақтап жүрген түсі сарғайған газет үйінділеріне үңілген едік. Жақсының жақсылығын айту парыз. Қайыркен СҰЛТАНОВТАЙ қарымды қаламгердің журналистикалық, әдеби шығармашылығы туралы мағлұматымызды көпшілікпен бөлісіп, оқырмандар жадында жаңғыртқымыз келді.
ӨМІР ДЕРЕКТЕРІНЕ ҮҢІЛСЕК
«Орталық Қазақстан» газетінде қызмет атқарған жылдары оның көркемдік деңгейінің көтерілуіне, жасару, жаңару үдерісіне қосқан үлесі қомақты болғанын риясыз көңілмен ашық айтқымыз келеді. Кезінде қаламдастары мойындағанындай, Қайрекең өзінің жеделділігімен, шығармашылық ізденімпаздығымен, әр мәселені терең білуімен бірден-ақ ұжымның құрметіне бөленсе керек.
Қайыркен Сұлтановтың шығармашылық болмысын ашу үшін оны екі қырынан алып қараған жөн: журналистік және әдеби жазушылық. Оның тілшілік-әдеби шығармаларының негізін өткен ғасырдың 50-80 жылдардың арасын қамтитын, сол кезеңнің бітім болмысын көз алдымызға соқырға таяқ ұстатқандай айна-қатесіз айнытпай әкелетін, кеңес кезеңіндегі қоғам ахуалын әйгілейтін туындылары құрайды. Бұлардан Қайрекеңдей қалам иесінің бұқаралық ақпарат құралдарында жап-жақсы өнім беріп, бұрынғы Целиноград, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды сияқты солтүстік, орталық облыстарымыздың оқырман жұртшылығына едәуір таныс болғандығын аңдаймыз. Кәнігі журналист ретінде әсіресе репортаж, портрет, очерк жанрында жемісті еңбек еткен. Очерк жанрына етене ден қойып ыждаһатпен жазудағы мақсаты – өзекті тақырыпты қозғап, замандастарының жасампаз еңбегін әйгілеу. Еңбек тақырыбын қандай терең қозғаса, сондай кең қаузайды. Ауыл еңбеккерлері – жалпақ жайылымдар мен түрленген төскейлердің шын қожасы – малшылар қауымы мен қаланың әрбір тасында із қалдырған қала жұмысшылары, олардың қым-қуыт еңбек қарбаласы, рухани-тұрмыстық келбеті Қайрекең очерктерінің өзекті арқауы болып өріледі.
ЖАУЫНГЕР ЖАНР – ОЧЕРК
Қарағанды өңіріне арналған тарихи очерктерінің өзі бір сала. Көмірлі қаланың өндірістік келбеті, Кривогуз сынды кезінде бүкіл Одақ көлеміне еңбегімен әйгілі болған тұлғалар ой-арманымен, ізгі жан дүниесімен қазыналы өлкенің біртуар азаматтары ретінде әспеттеледі. Осындай сырлы, сыйлы жандарға арнап жазған очерктері – өз деңгейіндегі кемел дүниелер. Қайрекеңнің деректі очерктері Қарағандының көмірлі кен орындарымен тікелей байланысты жазылған. Мәселен, Қ.Сұлтанов қаламдастарымен бірге Қарағанды кен орнының ашылуының 150 жылдығы мен Қарағандының қала аталуының 50 жылдығы қарсаңында «Қара алтынның қоймасы» атты 13 деректі очерктерден тұратын циклын жариялаған екен. Бұл да автор еңбегінің қомақты бөлігін құрайды. Әділін айту керек, Қарағанды көмір бассейнінің тарихынан бұрын жекелеген тақырыптарға арналған ғылыми еңбектер жарық көргенімен оның қазақ тіліндегі тұтастай шежіресі қағаз бетіне сол кезде жүйелі түрде түскен жоқ еді. Сөз болып отырған деректі очерктер циклінде сонау 1853 жылдың жазында қойшы бала Аппақ Байжанұлы суыр ініне түтін салып жүріп тауып алған «сиқырлы қара тас» құдіретінің Сарыарқа төскейіне мәлім болған кезінен бастап, бассейн кеншілерінің миллиард тонна көмір өндіру белесіне көтерілуге дейінгі кезеңдер тарихи фактілермен сараланып берілген.
ФЕЛЬЕТОННЫҢ ШЕБЕРІ
Қ.Сұлтановтың шын мәніндегі сүйекті шығармаларын оның фельетондары құрайды. Фельетон – әдебиеттің, әсіресе мерзімді баспасөздің аса жауапты, жауынгер жанры екені белгілі. Мұнда ескерілетін жайттар: фельетондардың өзектілігі, оның кездейсоқ, некен-саяқ фактілерге құрылмай, өмірде жиі кездесіп отыратын олқылықтарды әшкерелеуі, тілдің өткір болуы. Осы орайда алғанда, автордың фельетондарының орны ерекше. Қайрекең фельетондары бойынан бұл жанрға қойылатын талаптардың барлығы дерлік көрініс табады. Бұл төл газет жанрының қазіргі күні құрдымға кетіп, мақұрым болғаны, қазіргі күні аудандық, облыстық, қалаберді республикалық басылымдар бетінен бұл жауынгер жанрды көрмейтініміз – орны толмас өкінішті жайт. Өмірде, қоғамда орын алған келеңсіздіктерді сатиралық қуатпен әшкерелеудің несі артық болғаны мүлдем түсініксіз. Бүгінгі қоғам фельетон тұрмақ айқайлағанды есітпейді деп месел қайтарғымыз жоқ. Қайыркен Сұлтановтың шоғыр-шоғыр фельетондарын сөз етіп отырғанымыз, көзден кетіп, көңілден таса боп, сұраусыз қалған бұл жанрдың қайта жаңарып, жаңғыруына септігі тиеді-ау деген дәме ғана. Бүгіннен алыс жоқ, ертеңнен жақын жоқ. Фельетондар өсіп келе жатқан жас тілшілердің әлі де қолқанаты болады деген көкейде үлкен арман бар. Әділін айтсақ, бұл саланың шын мәніндегі жүйріктері Шона Смаханұлы, Үмбетбай Уайдин, Нури Муфтахтар еді. Бұл – кез келген журналистің қолынан келе бермейтін жанр. Ал, Қайрекең бұл жанрды емін-еркін меңгерген, осы жауынгер жанрдың нағыз сардары десек, артық кетпейміз.
ЖАЗУШЫЛЫҒЫ БІР ТӨБЕ
Қ.Сұлтановтың екінші бір қыры – оның әдебиетшілігі. Ұлы Абайдың тәлімін сәл өзгерте айтсақ «әдебиетсіз дүние бос». Әсілі, әдебиет пен журналистика бір заттың екі жағындай, бірінсіз бірі жоқ болса да, мақсат-мұраттары екі басқа. «Әдебиет – ардың ісі» дейді. Ардың ар жағында адамдық тұр. Басқаша пайымдасақ, әрбір өнер туындысының үндейтін, көздейтін мұраты – адамгершілік болмақ. Қайрекеңнің әдеби шығармашылығының негізгі өзегін еңбектегі шынайы адам тұлғасы мен оның ішкі рухани бітімі, болмыс-бейнесі құрайды. Әлгінде айтқандай, қаламгердің сүбесі сере шығатыны журналистикаға тән очерк, тарихи очерк, деректі очерк, репортаж, портрет, радио-репортаждар секілді әртүрлі жанрлар болса, әдеби туындылары да қалқан төңкергендей шоқтығы биік, өз алдына бір төбе. Олардың дені повесть, әңгіме, фельетондар, драмалық шығармалар болып келеді. Отыз жылдан аса уақыт облыстық газеттерде қызмет атқарып, қаламы ұшталған журналист «Қызыл бидай», «Зада», «Жоғалған із» повестерін жазғаны белгілі болып отыр. «Шопан ізі» деген деректі повесі «Қайнар» баспасында, «Еңбек ері», «Аққолқа үстіндегі нұр» дейтін очерктер жинағы «Қазақстан» баспасында жеке-жеке кітап болып басылған. Шағын әңгімелері мен көркем очерктері «Жұлдыз» журналында және республикалық газеттерде үзбей жарияланып отырған.
ҚАЙРЕКЕҢНІҢ ӘҢГІМЕЛЕРІ
Оларды үш тақырыпқа топтап бөлуге болады. Бірі – қазақ ауылындағы жасампаздықтың жеңісін көрсету, әкелер дәстүрін ардақтау, отандастарымыздың кешегі соғыстағы ерлігі тақырыптарын қамтыса, екіншісі – еңбек ардагерлерінің іс-әрекетін паш ету мәселелеріне арналған. Үшіншісі – сықақ әңгімелер. Онда әдет-ғұрып, салт-санадағы, адамдардың мінез-құлқындағы жағымсыз жайлар әжуа етіледі. «Құлыптас сыры», «Таңат», «Көршілер», «Неке тағдыры», т.б. көптеген әңгімелері тартымды сюжеттерге құрылғандығын ашып айтқымыз келеді.
ДРАМАШЫЛДЫҒЫ
Шағын да болса драмалық шығармалардың өзіндік көтеретін жүктері болады. Мұндай шығармалар Республикалық халық шығармашылығы үйінің көркемдік кеңесі қорытындысы бойынша жарияланатын. Қ.Сұлтановтың пьесаларының оқиғалары тартымды да қызықты, кейіпкерлері жігерлі, сюжеттері талас-тартысқа құрылған әрі нанымды болып келеді. «Тың өлкесі» газетінің 1961 жылы 23 қарашадағы номерінде Көкшетау облыстық мәдениет басқармасы мен халық шығармашылық үйі Қазақ ССР-нің 40 жылдық мерекесіне байланысты өткізген конскурста Қайыркен Сұлтановтың «Құрыққа сырық жалғап…» атты бір актілі пьесасын құнды еңбек деп танып, бірінші дәрежелі сыйлық беруге шешім қабылданғаны туралы айтылған. Бұдан басқа «Айсұлу», «Өнерліге өріс кең», т.б. шағын пьесалары бар. Елеулі дүниелер қатарына облыстық радиокомитетте қызмет істеген кездегі тыңдармандар үшін арнайы жазылған радио-пьесаларын да жатқызуға болады. Міне, біз осылайша орталық өңірде есімі сирек айтылатын, ұжымдас қаламдастар арасында ұмытылған, оқырмандары сыйлаған қаламгердің жүріп өткен жолының кей шығармашылық тұстарын сөз етуге ұмтылдық. Айта берсек, тізе берсек, том-том кітап болатындай. Бұл жазбамыз – «Орталықтың» әр кезеңдегі әр тілшісінің тұғыры берік тұлға болғандағын айғақтап, кейінгі буын да оқырман үміті мен сеніміне селкеу түсірмесе екен деген тілек-ниет қана.
Елеужан СЕРІМОВ, заң ғылымдарының кандидаты.
«Болашақ» академиясы.