Жаңалықтар

Құқығын білген қор болмайды

Қарағанды облысы прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасы бастығының орынбасары Эльдар Сүттібаев пен аталған органның прокуроры Аян Абдуллин Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және жазаны орындау сатысында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулықпен таныстырды. Бұл – әркімнің біле жүруі тиіс ақпарат. Облыстық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында қозғалған тақырып – осы.

Жалпы, аталған нұсқаулық Бас Прокурордың 2023 жылғы 9 қаңтардағы №14, Ішкі істер министрінің 13 қаңтардағы №14 және Қаржы мониторингі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктері төрағаларының 13 және 16 қаңтардағы №7 және №19 бұйрықтарымен бекітілген.

Эльдар Сүттібаевтың айтуынша, азаматтарды қылмыстық қудалау органына әкелудің, жеткізудің және ұстап алудың барлық процесі бейнежазбаға түсірілуі тиіс. Сәйкесінше, Нұсқаулықта қаражат жағы да айтылады. Яғни, жыл сайын бюджетті жоспарлау кезінде дәл осы бейнежетондар үшін қаражат бөлу қажеттігі нақты көрсетілген. Одан бөлек, егер бұған дейін Қылмыстық-процестік кодекстің 129-бабы бойынша адамның қылмысқа қатыстылығын анықтау мақсатында үш сағаттан аспайтын мерзімге мәжбүрлеп жеткізілетін болса, бұдан былай, жеткілікті дерек болмаса, мәжбүрлеуге тыйым салынады.

– Жасалған қылмыс туралы арызда сол қылмысқа қатысы бар адамның аты-жөні көрсетілуі тиіс. Одан бөлек, техникалық құралдар мен бейнебақылау камераларының мәліметтері, жедел-іздестіру, жасырын тергеу әрекетінің нәтижелері, қылмыстық процеске қатысушылардың айғақтары адамды мәжбүрлеп жеткізу үшін жеткілікті. Ал, басқа негіздер бойынша жеткізуге жол берілмейді, – дейді Эльдар Ғылымұлы.

Нұсқаулықта кезекші бөлім қызметкерлерінің белсенді ролі жайлы да айтылған. Дәл осы қызметкерлер бірінші кезекте полиция бөлімдерінде ұзақ уақыт, яғни, үздіксіз 3 сағаттан артық жауап алуға жол бермеулері керек. Бірақ, прокурорлар кезекші бөлім қызметкерлері бұл жағдайда белсенді емес екенін айтады. Бұл өз кезегінде адамның конституциялық құқығының бұзылуына әкеледі. Мысалы, прокуратура қызметкерлері 2022 жылы полиция бөлімшелерінде 3 сағаттан артық ұсталған 22 адамды, биыл 7 адамды босатқан.

– Кезекші бөлім қызметкері дәл осындай бұзушылықтар болған жағдайда орган басшысына және прокурорға хабарлауға міндетті. Олар тергеушілер мен жедел уәкілдердің заңсыз әрекеттерін көз жұма қарамаулары тиіс. Егер дерек бұрмаланатын болса, онда кезекші де адамды азаптауға және азаматтардың құқығын бұзуға жанама қатысқан болады, – дейді Эльдар Сүттібаев.

Ал, құқық қорғау органына жеткізілген адамнан арнайы жабдықталған кабинетте ғана жауап алынуы тиіс. Бұл – халықаралық стандарт. Бірақ, өкінішке қарай, біздің елімізде бұл қарастырылмаған. Нұсқаулықта жаңа ғимараттар салу немесе оларды жөндеу бойынша үлгілік жобаларды әзірлеу кезінде 1-қабатта қабырғасы шыны, телефон аппаратымен және үздіксіз жазылатын бейнекамералармен жабдықталған арнайы кабинеттерді орналастыру керектігі де айтылған.

Нұсқаулықта қылмыстық қудалау органын басшыларының міндеттері де жазылғанын айтады прокурорлар. Енді бірінші басшы өзіне қарасты аумақта бәрі заңды болуына мүдделі. Егер заң бұзушылық анықтала қалса, жедел әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдайды.

– Орган басшысы тергеудің рұқсат етілмеген әдістерінің әрбір фактісі бойынша себептер мен жағдайларды анықтай отырып, қызметтік тергеп-тексеру тағайындайды. Жұмысына салғырт қараған басшының өзі нысанаға ілігеді. Яғни, оның бұл әрекеті қылмысты жасыруға қатысы бар деп күдіктенуге негіз болады, – дейді облыстық прокуратураның қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Аян Мейіржанұлы.

Қылмыстық қудалау органдарында адамды азаптау фактілерін де жоққа шығармайды прокурорлар. Мәселен, өткен жылы полиция қызметкерлері тарапынан азаптау фактісі бойынша 18 тергеп-тексеру жүргізілген. Бірақ, дәлелдің жоқтығына байланысты іс тоқтатылған. Азаптау туралы Октябрь, Старогородск, Михайлов және Киров полиция бөлімдерінің қызметкерлеріне қатысты жиі шағым түсетінін айтады Аян Мейіржанұлы. Алайда, тергеу шеңберінен тыс, аталған органдардың қызметкерлеріне қатысты қандай да бір пәрменді жүйелі шаралар қолданылмаған.

Азаптау фактілерін анықтау және анықтау кезінде шұғыл тергеу әрекеттерін ұйымдастыру әрекеттері Нұсқаулықтың жеке тарауында көрсетілген.

Азаптау туралы өтініш пен хабарлама келіп түскен кезде орган басшысы қадағалаушы прокурорды хабардар етеді және деректі тіркейді. Ал, прокурор адамды қамауға алуды санкциялау күдіктіден азаптаудың болуы немесе болмауы туралы сұрақ қоюға міндетті. Жауап сот отырысының хаттамасында тіркеледі.

Өз кезегінде прокурор оқиға орнына барып, шұғыл тергеу әрекеттерін жүргізуі тиіс.

– Жекелеген адамдар қылмыстық жауаптылықты болдырмау және қылмыстық процесті кешіктіру мақсатында өздерін азаптады деп жалған мәлімет беруі де мүмкін. Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 419-бабы бойынша жалған сөз жеткізгені үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, – дейді Аян Мейі­ржанұлы.

Салтанат ІЛИЯШ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button